бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 18:49

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қоғамдық көліктерді көгілдір отынға көшіруге не кедергі?

Қоғамдық көліктерді көгілдір отынға көшіруге не кедергі?
ашық дереккөзі
Қоғамдық көліктерді көгілдір отынға көшіруге не кедергі?

Адам денсаулығы үшін оның жұтатын ауасының да таза болуы аса маңызды. Сол үшін де әлемдегі кез келген мемлекет өз аумағындағы тіршілік тынысының қалыпты күйде болуын қалайды. Себебі, қоршаған ортаның бұзылуына дала өрті мен жанартаулардың атқылауы секілді табиғи ластанудан гөрі, тұрмыстық қалдықтан бастап, автөкөлік, зымыран, өндіріс іспетті тағы да басқа адамның өркениет игілігі жолында ойлап тапқан жетістіктері көп қауіп төндіреді екен.

Жалпы, қолда бар ақпаратқа сүйенсек, өңірімізде 250 мыңнан астам ауыр және жеңіл автокөлік пен қоғамдық көлік болса, соның ішінде Тараз қаласы авокөліктер мен түрлі кәсіпорындар тығыз шоғырланған аймақ есебінде. Негізгі экологиялық мәселелер осындай ірі орталықтарда туындап жататыны белгілі. Аталған қала көшелерінде жүйткіп жүрген жеңіл автокөлік немесе қоғамдық көліктердің соңынан көк түтін будақтап бара жатқанын көргенде шаһардың атмосферасы таза екеніне күмәнданасың. Ал, мұндай мәселеден жаңа көлік алу немесе көлікке соңғы үлгідегі газ құрылғысын орнату арқылы арылуға болады. Жеке көлік иелерінің кез келгенінің жаңа көлік сатып алуға шамасы келе бермейтіні анық. Ал, облыс аумағындағы мемлекеттік және бюджеттік мекеме автокөліктері мен қоғамдық көліктерді газға ауыстыру, қажет болса жаңасын алу қолдан келетін шаруа. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың да тиісті орындарға берген арнайы тапсырмасы бар. Өңір басшысының тапсырмасы негізінде аталған көліктер газ отынын тұтынуға толықтай ауысып, соңғы үлгідегі құрылғымен жабдықталып жатса, мұның экологияға оң әсерін тигізері сөзсіз. Бүгінде бұл бағыттағы шаруа қандай деңгейде жүзеге асып жатыр? Мұны біз облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтен сұрадық. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Байзақ ауданы мен облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасын қоспағанда облыста мемлекеттік меншікке жататын 389 автокөлік тіркелген. Оның ішінде 7-еуі облыс әкімдігіне тиесілі болса, 51-ін облыс әкімдігінің басқарма қызметкерлері мініп жүр. Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінде 175, ауылдық округ әкімдіктерінде 156 автокөлік бар.
– Автокөліктер газ отынын қолданатын жабдыққа ауысса, болашақта тұтынатын жанармай шығынына кететін қаражат айтарлықтай үнемделеді. Мәселен, бір автокөлікті газға ауыстыру құны 200 мың теңге тұрады. 389 автокөлік үшін 77 миллион 800 мың теңге қаражат жұмсалады. Бір жылда бензинге қажетті 157 миллион 132 мың теңгеден газ отынына қажетті 71 миллион 832 мың теңгені шегерсек, 85 миллион 300 мың теңге үнемделеді. Осы үнемделген қаржыдан газ отынын қолданатын жабдыққа ауыстыру үшін кететін қаражатты шегерсек, одан тағы да 7 миллион 500 мың теңге артылады. Қазір осы бағытта арнайы жұмыс жүргізіліп жатыр. ҚР Үкіметінің қаулысына сай, жеңіл автокөліктер үшін жанар-жағармай шығынының базалық нормаларында сұйылтылған табиғи газбен жүру талабы тек белгілі бір жеңіл көліктерге ғана белгіленген. Сонымен қатар, қызметтік автокөліктер сұйылтылған табиғи газға ауыстырылған жағдайда Қаржы министрінің бұйрығына және облыс әкімінің өкіміне тиісті өзгерістер енгізілуі қажет. Бұл бойынша салалық министрлікке заңнамаға түзетулер енгізу үшін ұсыныс хат жолданып қойды. Бүгінде ол қарастырылып жатыр, – деді Бақытжан Оразалыұлы.
Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, Тараз қаласы аумағында жолаушы тасымалдау қызметімен айналысатын 575 қоғамдық көліктің 284-і дизель, 45-і бензин, 246-сы көгілдір отынмен жүреді. «ҚазТрансГаз Өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2022 жылға дейін газбен жүретін көліктер арасында мәселе туындамас үшін Тараз қаласында 3, Меркі мен Қордай ауданында бір-бірден барлығы 5 табиғи газды сығымдап құю стансасын салуды жоспарлап отырса керек.
– Қалалық тасымалдаушы мекемелерге жылжымалы құрам паркін жаңалау барысында газ қондырғыларымен жабдықталған орташа және үлкен сыйымдылықты автобустар сатып алу туралы талап қойылды. Бұрнағы жылы «№1 Тараз автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 16 газбен жүретін орташа сыйымдылықты жаңа автобус сатып алды. «ТаразТрансМоторс» серіктестігі 20, «ӘулиеатаТрансПасс» серіктестігі 25, «СапарТранс» серіктестігі 10 «ПАЗ» маркалы газбен жүретін жаңа автобус сатып алды. Былтыр осы мекемелер 82 дана көгілдір отынмен қозғалатын автобус сатып алған. Бүгінге «Саяхат-99», «Дамрус» серіктестіктеріндегі автобустардың басым бөлігі әлі де дизель отынын пайдаланады.
Қазір «Қазақстанның даму банкі» акционерлік қоғамы арқылы 100 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Бұл бағытта «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы инвестициялық ұсынысты облыс әкімдігінің қаржы басқармасына жолдап, ол бойынша біздің басқарма салалық қорытынды нәтижесін берді. Бұл құжаттар да «Қазақстанның даму банкіне» жолданып, қарастырылу үстінде, – деді ол.
Осы орайда біз Тараз қаласындағы жолаушыларды тасымалдау қызметін ұсынуда халықтың 50 пайызға жуығын қамтитын «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рашид Пірмановпен тілдесіп, мұндағы қоғамдық көліктердің техникалық жағдайын сұрадық. Аталған кәсіпорында 200-ге жуық қоғамдық көлік болса, соның 100-і газбен, қалғаны жанармаймен жүреді екен. Жанармаймен жүретін автобустарға түгел газ қондырғысы орнатылыпты.
– Көліктердің ең жаңасы былтыр ғана зауыттан шыққан. Ал, ең ескі дегені 8 жылдан бері қолданыста. Бұрнағы жылғы бірнеше және былтыр сатып алған 30 автобусқа да сатып алған сәтте-ақ газ қондырғысын орнаттық. Ал жанармаймен жүретін автобустарға өкінішке қарай, газ қондырғысы орнатылмайды. Бірақ, олардың жылы жаңа. Сондықтан ол автубустарды «газ қондырғысы орнатылмайды» деп лақтырып тастай алмаймыз. Егер мемлекет тарапынан субсидия беріліп жатса, жаңа автобустар сатып алу арқылы олар қолданыстан біртіндеп шыға бастайды.
Биыл облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тапсырмасымен қалада 4 жаңа автобус сынақтан өтті. Оның екеуі газбен, екеуі жанармаймен жүреді. Соның ішінде зауыттан газ отынымен жүретін, соңғы үлгіде шығарылған автобустың тиімділігі дәлелденді. Ол мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мініп-түсуіне де өте ыңғайлы. Қазіргі таңда аталған автобустың 40 данасын лизинг арқылы сатып алуға өтінім бердік. Мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылып, субсидия бөлініп жатса, автобус паркі бас-аяғы 3-4 жылда жаңарып, түгел газбен жүруге көшеді, – деді Рашид Сәнтөреұлы.
Облысымыздың бас шаһарындағы экологиялық ахуал шын мәнінде қандай деңгейде? Біз осы сауалды облыс бойынша экология департаментінің сынақтау-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы Жаһангер Назарбековке қойдық. Ол қаладағы экологиялық жағдай әзірше қалыпты екенін, оған кәсіпорындардың қоршаған ортаны залалдан қорғау үшін заманауи сүзгілер орнату немесе ескі бұйымды жаңа құрылғыға ауыстыру бағытын басшылыққа алып жұмыс жүргізуі сеп болып тұрғанын айтады. Қазір өндіріс орнына қарағанда, ауаға көлік түтінінен бөлінетін зиянды заттың үлесі басым көрінеді.
Маманның айтуынша, бұл мекеме кез келген кәсіпорынның, көмір жағатын жекеменшік үйлерді, автокөліктерді сырттай бақылауда ұстайды. Мәселен, зертхана мамандары әлдебір зауыттың сыртқы аумағына арнайы құрылғы орнату арқылы олардың ауаға қандай улы затты, қанша мөлшерде тастап отырғанын біле алады. Сол секілді қоғамдық көліктер үшін мұндай әдіс қаладағы аялдамаларда қолданылады.

– Жылда Тараз қаласының атмосфералық ауа бассейніне талдау жасалады. Көмір жағып отырған 5 мың 840 үйдің де орта есеппен тұтынатын 40 мың 880 тонна көмірінің қара түтінімен ауаға қанша органикалық емес шаң, күкірт антидриді, көміртек пен азот тотығы тарайтыны көз алдымызда. Жеке сектордан бөлінетін залалды зат көлемі 4 миллион 929 мың 310 тонна. Біздің бір байқағанымыз жеке секторлар мен кәсіпорындардың ауаға зиянды зат бөлу мөлшері жылдағыдай қалыпта. Ал, қоғамдық, ауыр және жүк көліктердің түтінінен ауаға бөлінетін түрлі улы заттың мөлшері көп. Бірақ, ол көрсеткіш биыл жылдағыдан едәуір азайды. Өйткені, бұл әлемдік пандемияға байланысты карантин кезінде Тараз қаласына тән автокөліктердің жүруі 60 пайыз, барлық автокөліктердің 40 пайыз шектелуінен болып отыр, – деді Жаһангер Қонысбайұлы.

Біздің бір түсінгеніміз, улы заттың көліктен ауаға көп бөлінуі газ немесе дизель, бензин маркасының төмен санатты немесе сапасыздығынан, көліктің ескі не ақауы бар болуынан орын алады екен. Ал, қоршаған ортаға қатысты көлікте еш мәселе туындамас үшін біріншіден жанар-жағармай, газ отыны, автомобильдердің санаты, жұрттың тұрмыс жағдайы «Еуро-4» талабына сай болуы қажет. Мұндай мүмкіндіктің әзірге болмайтыны белгілі. Сондықтан әзірге ескіні қоршаған орта зиян шекпейтіндей ұқсатып іске жаратудан басқа амал жоқ.

  Нұрым Сырғабаев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар