Бүгін аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс отырысы өтті.
Отырыстың күнтәртібіне сәйкес алдымен этносаралық саладағы ахуал және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша атқарылған жұмыстар туралы, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов есеп берді. Басқарма басшысы ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес облыстың Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы және «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының қарамағына берілгенін, осыған орай 5 штаттық лауазымнан тұратын Этносаралық қатынастар мәселелері бойынша арнайы бөлім ашылғанын атап өтті. Сонымен бірге, республикалық әдістемелік ұсыныстарды ескере отырып, этносаралық қатынастарды дамытудың алдағы жылға арналған ведомствоаралық жоспар жасалғанын тілге тиек етті.
– Бұдан өзге тиімді және нәтижелі жұмыс істеу үшін қоғамдық құрылымдардың қызметі қайта қаралды. «Қоғамдық келісімге» қарасты Кеңестер пен клубтар саны – 11-ден 7-ге қысқартылды. Жұмыс сапасы арттыруға бағытталған бұл қатарда – ғылыми сарапшылар тобы, журналистер клубы, шеберлер клубы, Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты, қоғамдық келісім, медиаторлар және аналар кеңестері жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, Республикалық деңгейде Аналар және Медиация кеңестерімен бірлескен іс-шаралардың мониторингі құрылды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жобасы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың түйткілді мәселелерін шешу мақсатында әлеуметтік желілерде 1000-ға жуық адам тіркелген өңірлік «Аналар» сайты ашылды. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде сенім телефоны орнатылған медиация кабинеті мен қоғамдық қабылдау жұмыс істейді және тұрғындарға практикалық, медиациялық көмек көрсету үшін облыстағы 40 медиация учаскелерінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Облысты мекендейтін барлық этнос өкілдері арасындағы татулық пен берекелі бірлікке сызат түсірмей, олдарды алаңдататын өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығару және оны тез арада шешуге негізделген «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жоба іске асырылды. Жоба барысында 7 ауданда 5 топ мүшелері 29 957 адамды қамтитын 1 144 іс-шара өткізді, - деген Дауыл Ынтықбайұлы, басқа да атқарылған жұмыстарға жіті тоқталды.
Жиында күнтәртібіндегі келесі мәселе бойынша, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі депутаттығына Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан кандидат ретінде Қордай ауданы Сортөбе ауылдық округінің әкімі Ілияс Буларов ұсынылды.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев өз сөзінде мемлекет дамуы мен өсіп-өркендеуінің темірқазығына айналған – этносаралық татулық пен өзара келісімді сақтау және оны бағалай білу әрқашан да аса маңызды екенін тілге етіп, ынтымақ пен бірлікті сақтау – үздіксіз іске асырылатын аса жауапты сала және барша көпұлтты халқымыздың ортақ парызы екенін атап өтті.
Айжан Өзбекова
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз