дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 7:53

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

"Сәнге айналған қауіпті кесел". Президент вейп саудасына тыйым салатын заңға қол қойды

"Сәнге айналған қауіпті кесел". Президент вейп саудасына тыйым салатын заңға қол қойды
Коллаж: jambylinfo.kz
Екі ай ішінде Қазақстанда вейп саудасы түгел тоқтауы керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Заң медицина қызметкерлерін құқықтық және қаржылық тұрғыдан қорғау жүйесін енгізуге және олардың жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ жастар арасында құрамында никотині бар заттардың таралуының алдын алу және оған қарсы күресу үшін жүйелі шаралар қабылдауға бағытталған. 

Заң арқылы медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі енгізілді (Заң ресми жарияланғаннан кейін 6 ай өткен соң қолданысқа енеді).

Сонымен қатар медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған түзетулер қабылданды. Атап айтқанда:
 

  • тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан балалары үшін басым тәртіппен орын алу, кәсіби қызметіне заңсыз араласудан және кедергі келтіруден қорғау, мамандығына құрметпен қарау, медициналық мамандығы бойынша әскери қызметін өткеру немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру құқықтары берілді;
  • «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы – мемлекеттік наградасы белгіленді;
  • басы артық есеп немесе ақпарат беруден босату үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бұдан былай медицина қызметкерлері толтыруға міндетті құжаттама тізбесін бекітеді;
  • аса тапшы мамандықты меңгерген медицина қызметкерлері ауылдық жерге кемінде 5 жыл жұмыс істеуге келген жағдайда, оған ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерінде бірреттік ақшалай төлем беріледі. 

 
Бұдан бөлек, Заңда шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, хош иістендіргіштерді және оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға, сондай-ақ оларды жарнамалауға тыйым салу қарастырылған (Бұл норма ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Айта кетсек, Президент Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты  үшінші отырысында балалар мен жастардың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, былтырғы Құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан «вейптердің» таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтқанын, Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатқанын айтқан еді. 

«Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін. Қазір – ХХІ ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллекті қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл – барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату қажет. Жалпы, насыбай өндіріп, оны таратқаны үшін заң жүзінде белгіленген жауапкершілік тым төмен. Қазір осыған қатысты заңдарға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Онда вейп қана емес, насыбай таратқаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген. Бұл қадам насыбайға толық тыйым салуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ақпарат құралдары арқылы жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілуге тиіс. Бұл – ұлт саулығына да, еліміздің абырой-беделіне де кесірін тигізетін әдет. Біз өркениетті ел боламыз десек, одан толық арылуымыз керек», - деген еді Президент өз сөзінде.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар