Шерзат ісі: прокурор Абзал Шынасылды 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
- авторБақытжан Бекболат
- 2 маусым, 2025
- 517

Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай өз сөзінде сотталушылардың әрекеттері заң шеңберінде дұрыс сараланғанын айтып, оларға ең қатаң жаза қолдануды сұрады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Басты айыпталушы Абзал Шынасылға ҚР ҚК-нің «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптары бойынша айып тағып, 23 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Ал басқа сотталушыларға қатысты келесі жазалар талап етілді:
Думан Ысқақ – ҚР ҚК-нің 434-бабы ("Қылмыс туралы хабарламау") бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылуы тиіс;
Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дархан Қалиахмет, Шыңғыс Белғожаев – ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігі ("Бұзақылық") бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылуы тиіс;
Нұрқияс Ілиясов – 7 жылға сотталуы тиіс, ал бұрын өтелмеген жаза мерзімін ескере отырып, жалпы 9 жылға бас бостандығынан айыру сұралды;
Азамат Тоқтаубаев – ҚР ҚК-нің 290-бабы 3-бөлігі ("Қаруды заңсыз сақтау, тасымалдау немесе алып жүру") бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға соттау, ал бұрынғы жазалармен қосып есептегенде 15 жылға бас бостандығынан айыру сұралды;
Равиль Сәкиев – ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға соттау, ал бұрынғы өтелмеген жазасын ескере отырып, жалпы 20 жылға бас бостандығынан айыру талап етілді.
Айыптаушы тараптың мәлімдеуінше, қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл қылмыстық іс бойынша әділ әрі қатаң үкім қажет. Сот процесі жалғасуда.