жұма, 27 желтоқсан, 2024 15:56

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Су тасқынына дайындық қалай?

Су тасқынына дайындық қалай?
ашық дереккөзі
Су тасқынына дайындық қалай?

Әне-міне дегенше қыстың екі айын ұзатып, көктем мезгілінің қарбалас шағына да таяп келеміз. Ал көктем жақындаған сайын көңілде алаң да көбейе түседі. Себебі қар көбесі сөгіле бастағаннан өзен-көлдерге, су қоймаларына жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын су тасқынының қаупі алаңдатып, үрей құшағында ұстайды.

Жалпы соңғы бес жылда облыс аумағында қардың еруіне және жерасты суының көтерілуіне байланысты 7 төтенше оқиға орын алған. Мәселен, бірнеше апта бұрын ғана әлеуметтік желіде Талас ауданына қарасты Майтөбе ауылын су басты деген ақпарат желдей есіп, жамбылдықтарды айтарлықтай абдыратып тастағаны рас. Кейін белгілі болғандай, 12 қаңтарда сағат 22:00-де Талас ауданы аумағындағы тау бөктеріндегі қардың еруінен және жауын-шашынның көп түсуінен жақын орналасқан Майтөбе ауылын су басу қаупі туындаған. Дегенмен төтенше жағдайлар департаментінің жедел іс-әрекетінің нәтижесінде қауіптің алды алынып, қырдан келген қызыл су Билікөлге құйылған. Қазіргі таңда елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Айтбаевтың айтуынша, облыстың елді мекендері мен шаруашылық объектілері үшін ықтимал қауіп төндіретін 14 су қоймасы бар екен. Құдай бетін әрі қылсын, егер 14 су қоймасының бөгеті бұзылса, халық саны 234 мыңнан астам тұрғыны бар 72 елді мекенді су басуы мүмкін. Сонымен қатар су басуы ықтимал 38 елді мекен анықталған. Сол себепті де «апаттың айтып келмейтінін» әркез назарда ұстайтын облыстық төтенше жағдайлар департаменті болуы мүмкін селдің алдын алу мақсатында өзендердің жағалауларын бекіту, арық жүйесін тереңдету, айналма арық қазу, су тоғанының бөгетін және авариялық су тастағыш құрылғысын кеңейту секілді ауқымды жұмыстар жүргізген. – Су тасқынының қауіп-қатерін азайту мақсатында «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасында облыстың елді мекендерін су тасқынынан және еріген сулардан қорғау үшін 26 учаскеде жағалауды қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 2017-2020 жылдары жергілікті бюджеттен 192,2 миллион теңге бөлініп, 25 нысанда жоспарлы жұмыстар толығымен аяқталды. Атап өтер болсақ, Аса өзені жағалауын бекіту, Т.Рысқұлов ауданында 6 ауылда 15,5 шақырымды құрайтын арық жүйесін тереңдету, 2 ауылда 12,9 шақырым айналма арық қазу және «Белогорка», «Әлденбай», «98-разъезд» су қоймаларына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Басқа да бірқатар ірі су қоймаларына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнан басқа Тараз қаласында тұрғын үйлердің аулаларын және көшелерді су басып кетпес үшін «Қапал», «Қарасу – 1», «Қарасу – 2», «Сеңкібай», «Үшбұлақ», «Түйте», «Базарбай» каналдарының арнасы тазартылып, «Шалғай Қарасу» және «Тайвань» алқабын құрғату-дренаж каналдарын тазалау жұмыстары жүргізілді, – дейді Талғат Шакенұлы. Сонымен қатар су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспары аясында 142 шақырым дренаж және суару каналдары, 185 шақырым арық желісі, теміржол және автомобиль жолында 145 көпір және 789 су өткізу құрылғылары тазартылып, 5 гидротехникалық құрылыс пен 19 реттеуші құрылғыларға жөндеу жүргізілген. Өткен жылы облыста 380,1 миллион теңгеге 38 каналдың 380 шақырымына механикалық тазарту жұмыстары жүргізілген. Тау бөктеріндегі елді мекендерге 32,7 шақырым қашықтықта дренаж арналары салынып, тазартылған. – Төтенше жағдайларға 363,8 миллион теңге, шұғыл шығындарға 489,6 миллион теңге қаржы бөлінді. Су тасқыны салдарын жоюға қажетті 143 тонна жанар-жағармай, 11 мың тонна инертті материалдар, 40 мың қап дайындалды. Су тасқыны салдарын жою үшін жұмылдырылатын күштер мен құралдар топтамасы құрамында 631 адам, 53 техника, 10 жүзу құралдары мен 41 мотопомпа жасақталды, – деген Т.Айтбаев облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құралдары мен күштері су тасқыны мерзімінде жедел әрекет етуге толық дайын екенін айтады. Талғат Шакенұлы айтып өктендей, қысы жайлы, қар қалың түспесе де облысымызда да тасқыннан төнетін қауіп-қатер аз емес. Сондықтан биыл сала мамандары су тасқынынан келетін қауіптің алдын алуға ерте бастан қамдануда. Басты мақсат – ықтимал оқиғалардың салдарымен емес, бақылау, бағамдау шараларын күшейтіп, алдын алу жұмыстарын ширатып, себебімен күресу.

Талғат Нұрханов
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар