сенбі, 23 қараша, 2024 3:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда оңалту орталығы ашылды

Таразда оңалту орталығы ашылды
ашық дереккөзі
Таразда оңалту орталығы ашылды

Елордада Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен "Тәуелсіздік жолын жалғастырар ұрпақ" онлайн-форумы өтті. Форум барысында даму ерекшеліктері бар балаларға арналған сегіз оңалту орталығының ресми ашылу салтанаты өтті.  Оның бірі – Жамбыл облысында орналасқан.

Аталған оңалту орталықтары Тұңғыш Президенттің "Қамқорлық" бастамасы аясында іске қосылды десек, ол Тараз қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында ашылды.

Орталық лентасын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен осында ем алып жатқан 13 жасар Даниил Зонов қиды.

Аймақ басшысы барлық кабинеттерді аралап, орталықтың жұмысына жоғары баға берді. Қазіргі уақытта онда 57 бала оңалту курстарынан өтуде.

– Біз үш бағытты қамтимыз. Олар: педагогикалық, әлеуметтік және медициналық оңалту. Пациенттермен логопед, дефектолог, эрготерапевт, еңбек терапевті жұмыс жасайды. Балалар терапиялық дене шынықтырумен айналысады, гидрокинезотерапиядан, механотерапиядан өтеді, массаж қабылдайды, – дейді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Азат Сәтжанов.

 Орталықта аяқты қозғалтуға үйрететін швейцариялық "Lokomat" тренажері бар.

– Елімізде мұндай тренажер тек бірнеше ауруханада ғана бар. Ресейден арнайы маман келіп, біздің дәрігерлерді осы роботтандырылған жүйемен жұмыс істеуге үйретті, – деп атап өтті Азат Сәтжанов.

Ауруханада аудандардан келетін балаларға арналып 120 төсек-орын дайындалған.

– Орталық 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Жаңа туылған нәрестелер де оңалтудан өте алады. Әр балаға айрықша жағдай қажет. Оларға қандай ем қажет екенін тар бейінді мамандардан тұратын мультидисциплинарлық топ анықтайды, – деп атап өтті ол.

Форум барысында Бердібек Сапарбаев "Елбасы медальдары" жобасының қатысушыларына марапаттар табыстады. Бұл жастардың кешенді дамуына бағытталған жалғыз ұлттық деңгейдегі бағдарлама. Жоба спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, экспедициялар мен  жаяу серуендеу, еңбек тәжірибесі секілді 7 негізгі бағыттан тұрады. Қатысушылардың барлығы – 14 пен 29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар.

Жамбылдық оқушылар арасында төрт оқушы медальға ие болды. Атап айтсақ, Меркі ауданы Гранитогорск ауылындағы №8 орта мектептің оқушысы Диана Бақтиярова, Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Сәния Қайнарқызы, дарынды балаларға арналған IT-лицей-интернатының оқушысы Әсемай Қауас, Жамбыл ауданы Ақбұлым ауылындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Гүлзат Сауран жүлдегер атанды.

– Жобаға қатыса отырып, мен көптеген пайдалы ақпаратқа қанықтым. Ұлттық тағамдардың тарихын зерттедім, фотоөнерге әуестендім, жүгіру және йогаға қызыуғышылық танытып, қарт адамдар мен кішкентайларға көмектестім, қысқа уақытта бірнеше кітап оқыдым, – дейді Диана Бақтиярова.

Ауыл мектептері оқушыларының дарыны мен қабілетін дамытуға және қолдауға жағдай жасауға бағытталған ауылдық балалар арасындағы «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпаздары да өз сыйлықтарына қол жеткізді. Жамбыл ауданы Аса ауылындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Гүлбина Байшахан, Байзақ ауданы Көкбастау ауылындағы Амангелді атындағы орта мектептің оқушысы Ерасыл Тілеу ең үздік деп танылды.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар