сенбі, 23 қараша, 2024 3:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тарихтың тірі куәсі

Тарихтың тірі куәсі
ашық дереккөзі
Тарихтың тірі куәсі

Халқымыз соңғы жүзжылдықта небір нәубет кезеңдерді бастан кешіп, мың өліп, мың тірілді. 1921-1922 және 1930-1933 жылдардағы алапат ашаршылық, 1937-1938 жылдардағы сталиндік жаппай қуғын-сүргін, миллиондаған отбасыға қайғы-қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыс сынды тарихымызда қара әріптермен жазылған оқиғалар халқымыздың басына төнген алапат еді. Бүгінде сол бір аса ауыр зұлматты кезеңдерді бастан өткеріп, адам төзгісіз ауыртпашылықты көзбен көргендер ілуде біреу ғана. Міне сондай ілуде бір кездесетін тарихтың тірі куәсі, 110 жастағы Жамбыл ауданы, Аса ауылының тұрғыны Күлбарам Сүгірованың әңгімесін толқымай тыңдау мүмкін емес.

Екі ғасыр куәгерін үйіне іздеп барғанымызда кейуана бізді күншуақта күтіп отыр екен. Кеудесі әр жылдары тылды игергені, жеңісті жақындатуға қосқан үлесі үшін берілген орден-медальдармен жарқырап тұр. 110 жасқа келу оңай ма? Құлағы ауырлау естиді. Жүріп-тұруы да қиындай түскен. Бірақ өмір жолы, көрген-баққаны күні кешегідей есінде. Айтуынша 1910 жылы Қырғыз Республикасы, Талас облысы, Сұлуаймақ ауылында дүниеге келіпті. 1938-1839 жылдары қырғыз елінен қазақ даласына қоныс аударып, осында тұрақтап қалады. Кейін жар сүйіп, өмірге ұрпақ әкеледі. Бір кездегі ұжымдастыру кезеңі мен колхоздастыру науқаны айырқалпақтылар елінде қалай жүргізілгенін, қазақты қынадай қырған аштық қырғыз елінің басына орнай бастағанда шекарадан бері асқаны жайлы әсерлі естеліктерін әңгімеледі. Екі ағасы мен үш сіңлісі қырғыз елінде жүргенде із-түссіз кеткен көрінеді. Қалған бір туғандарынан да хабар жоқ. Әкесі Берікқара мен анасы кейінірек қартайып, сол жақта дүние салыпты.

– Бабамыз болыс болған. Аты Әулиеатаға дейін мәлім кісі екен. Әкем Берікқара қарапайым жұмысшы еді. Інісі қазіргі Бішкек қаласындағы бір министрлікте қызмет атқарды. Кейін сол бауыры байдың тұқымы ретінде ұсталса, әкем жер аударылып кете барды. Сөйтіп 1938 жылдары Әулиеатаға келіп, келер жылы Асаның маңындағы Шоқай ауылына тұрмысқа шықтым. Жұбайым 1940 жылы әскерге алынып, содан хабар-ошарсыз кетті. «Соғыс жылдарында егін егіп, шөп шаптық. Түнімен кетпен арқалап, қызылша суғардық. Звеноға жетекшілік етіп, 1 гектардан 500 центнерден өнім алдық. Қыстың күні мал қоралардың тоңын ойдық. Оны далаға лақтырып тастамай, өзіміз қызылша егетін алқапқа тасып, мол өнім алу үшін жайып тастайтынбыз. Бар тірлік қолмен атқарылатын. Звено құрамында 10 адам болды. Бір адамға кемі 12 гектар жер берілетін. Бас-аяғы 10 адам 150 гектарға дейін қызылша егіп, су суғардық. Тыл игеруге қосқан үлесіміз ескерілді, «Еңбек ардагері» атағын да иелендім. Ол кезде Үкімет: «Сендер Үкімет үшін еңбек етсеңдер, Үкімет қартайғанда бар жағдайларыңды жасайды» деп бізді жігерлендіретін. Ол кезде колхоз-совхоздың уақыты. Бірақ қазір ешкім жағдайымды сұрап келмейді. Соған қарағанда совхоз тарап кеткен-ау деймін. Қазір жүріп-тұруым қиындады. Далаға шығуға ешкімге салмақ салғым келмейді. Мына баспана жиен немеремнің атында. Алғашқы қосағымнан бала сүймегеніммен, кейінгі жолдасымнан екі қыз таптым. Қазір маған Қалия қызым қарап отыр, екінші қызым Закира Ақтауда тұрады. Кезінде еткен еңбегімді елеп, жылы суы ішіне кіргізілген бір бөлмелі пәтер берілсе деген өтініш айтып жүргеніме көп болды. Алайда өтінішімнің орындалатын түрі жоқ, – дейді тыл еңбеккері.

Бір кездері өндірісті Қаратау-Жаңатас қалаларына баратын отарба үшін теміржол салу ісі қолға алынғаны белгілі. Шойын жолдың құрылысына осы ауданнан сол кездегі барлық ұжымшардың әйелдері де жұмылдырылған екен. Соның ішінде Күлбарам әжейде бар. Олар қара жерге топырақ үйіп, биіктетіп, бетіне құм, оның үстінен шағал төсеу секілді қара жұмыстарды атқарған. Осы күні аудан тұрмақ, Тараз қаласының тұрғындары жаз шыға суына түсіп, жағалауында демалатын Сеңгірбай көлі де осы кісілердің қолымен жасалған. Көксай тоғанын қазуға да атсалысыпты. Қалия, Закира есімді екі қызынан 8 немере, 15 шөбере, 3 шөпшек, 2 немене сүйіп отырған көнекөз қария елге тілек айтуды да ұмытпады. Адам ұзақ өмір сүруі үшін жас уақытында еңбекқор болуы керектігін, еңбек түбі бақытқа жеткізетінін меңзеді. Еліміз бұдан былай соғыс, ашаршылық секілді нәубеттерді көрмей, еліміздің берекелі, бейбіт күн кешіп, халықтың алаңсыз өмір сүруін тіледі.

  Нұрым Сырғабаев

Жамбыл ауданы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар