Балаңыздың суретін әлеуметтік желіге жүктеу қауіпті ме
- авторМағжан Орынбасар
- 29 қаңтар, 2025
- 110
Қазіргі таңда көп ата-ана балаларының әрбір қадамын әлеуметтік желіге жүктеуді әдетке айналдырған. Алайда мамандар балалардың жеке суреттері мен видеоларын ғаламторға жүктеу түрлі қауіп-қатерге әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Жұмыстан тыс уақытта флай йогаға барып жүргенімде анасы мен 7 жасар қызы Айару да бірге қатысты (есімі өзгертіліп берілді). Бұл бүлдіршін үшін мұндай жаттығу тым ерте екені түсінікті. Жаттықтырушы қызды мақтап: «Сіздің қызыңыз «Instagram»-да «жұлдыз» екен ғой», – деді. Мен де қызының парақшасын сұрап, қарап шықтым. Парақшаны анасы жүргізетінін байқадым. Қызының түрлі сәнді киімдер киіп, бойжеткендерге тән стильде түскен суреттерін салғанын байқадым. Сонымен қатар йога жаттығуына қатысып, атқа мінген, зумба биін ересек ер адаммен билеген видеолар да бар. Әрбір әрекеті – боянуы, өзін-өзі ұстауы ересектердікіне ұқсайды. Бір жағынан, бұл баланың балалық шағын ұрлау сияқты көрінді. Ең алаңдататыны, бүлдіршіннің контентін сақтап алған адамдар саны 200 адамнан асады екен.
Психолог Бақдәулет Тілеуханның айтуынша, балалардың суреттерін жариялау олардың қауіпсіздігіне кері әсер етуі ықтимал.
– Әлеуметтік желілерде жарияланған суреттер қаскүнемдердің назарын аудартуы ғажап емес. Әсіресе суретте геолокация немесе балаға қатысты басқа да деректер болса, ол теріс мақсатта пайдаланылуы ықтимал. Көптеген ата-ана бұл жайында ойланбайды, бірақ сурет интернетке жүктелгеннен кейін ол сіздің жекеменшігіңіз емес, қоғамның меншігіне айналады, – деген психолог балаңыз туралы ақпаратты көпшілікке жарияламас бұрын оның салдарын ескеру қажет екенін жеткізді.
Сонымен қатар баланың жеке шекарасын да құрметтеу керектігін айтады.
– Жасөспірімдік шақта бала өзіне қатысты ақпараттың көпшілікке жария болғанын қаламайды. Бұл оның психологиясына әсер етіп, сенімсіздік тудыруы мүмкін, – деп атап өтті Бақдәулет.
Ал әлеуметтік желілерде жиі өз пікірлерімен бөлісетін психолог-коуч Роза Әшірбаеваның пікірінше, балалардың суреттерін жариялау – үлкен жауапкершілік.
– Сіздің балаларыңыз – тек сіз үшін қымбат. Оларды интернеттегі бейтаныс адамдар көрмеуі керек. Әсіресе балалар контентін арнайы сақтайтын адамдар бар. Олардың ниеті дұрыс болмауы мүмкін. Сондықтан балалардың суретін жариялауда өте абай болу қажет, – дейді ол.
Балалардың құқықтарын қорғау бойынша танымал маман, ҚР Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин да бұл мәселеге атүсті қарауға болмайтынын ескертті.
– Баланың суреттерін жариялау – ата-ананың таңдауы. Егер бұл ақпарат балаға зиян тигізбесе, әрине, қалыпты. Алайда қайғылы оқиғаларға немесе қауіпке әкелетін жағдайларды ескеру керек. Кейбір суреттер мен деректер теріс мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Бала есейгенде өзіне қатысты ақпараттың көпшілікке жарияланғанын білгенде психологиясына соққы болады, – дейді уәкіл.
Сонымен қатар қазақ халқы балаға қатысты «көз тию» қаупін де жоққа шығармаған. Дәстүрлі ұстаным бойынша, перзентімен артық мақтанбағаны дұрыс саналған. Бұл пікірді облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлы да қолдайды.
– Көз тию – исламда мойындалған құбылыс. Біреудің қызығушылықпен немесе қызғанышпен қарауы балаға зиянын тигізуі мүмкін. Сондықтан баланың суретін жарияламас бұрын ата-ана сақтық жасағаны жөн. Исламда баланың амандығы мен абыройын сақтау – маңызды міндеттердің бірі, – дейді имам.
Мамандар балалардың жалаңаш немесе жартылай жалаңаш суреттерін желіге жүктемеуге ерекше назар аударады. Сонымен қатар геолокацияны қосудан аулақ болу ұсынылады. Себебі геолокация қосылып тұрған болса, қаскүнемдерге балаңыздың қайда жүргенін анықтау оңайға түседі. Көп жағдайда ата-аналар балаларынан рұқсат сұрамай-ақ суреттерін әлеуметтік желілерге жүктеп жатады. Бұл да дұрыс емес, себебі баланың жеке шекарасы мен құқығы бұзылады. Суреттердің астындағы пікірлер, әсіресе теріс немесе сыншыл пікірлер баланың психологиясына әсер етіп, оның өзіне деген сенімділігін жоюы мүмкін. Баланың қауіпсіздігі мен жеке құқығын қорғау – әрбір ата-ананың басты міндеті. Мамандар мен дін өкілдерінің кеңестеріне құлақ түріп, әр қадамды ойланып жасаған дұрыс. Себебі әлеуметтік желіде жарияланған сурет бір сәттік естелік болғанымен салдары ұзаққа созылуына кепілдік жоқ.
Мақала авторы: Айжан Өзбекова.