Жамбылда білім қызметкерлері кәсіподағының IV Пленумы өтті
- авторjambylinfo.kz
- 29 қаңтар, 2025
- 470

Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Салалық кәсіподақтың республикалық ұйымының ХV съезі мен Жергілікті кәсіподақтың ХV конференциясының шешімдерін жүзеге асыру барысы мен алдағы міндеттерді талқылау мақсатында облыстық ұйымның ІV Пленумы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның жұмысына Пленум мүшелері, жұмыс беруші өкілдері мен Атқару комитетінің мүшелері қатысты.
Алқалы жиында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков баяндама жасады.
Ерұлан Мағзымбеков өз баяндамасында кәсіподақ ұйымының жұмысы, әлеуметтік әріптестік аясында атқарылған шаралар мен саладағы өзекті мәселелер туралы айтты.
«Азаматтық қоғамның белсенді институты ретінде кәсіподақтар федерациясы мен жоғары тұрған салалық кәсіподақ ұйымының бастамаларын жүзеге асыру мақсатында былтыр Жергілікті кәсіподақ ұйымы облыстық ұйымның І Пленумын, Атқарушы органның 8 мәжілісін, бірнеше жұмысшы кездесулерін өткізіп, Жарғылық талаптарға сай көптеген мәселелерді талқыладық. Қазіргі таңда Жергілікті кәсіподақтың облыстық ұйымына филиал мәртебесіндегі 13 құрылымдық бөлімше бірігіп, 818 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істеп жатыр. Ұйымға облыс бойынша 64 507 кәсіподақ мүшесі-сала өкілі қауымдасқан. Барлық кәсіподақ мүшелері әлеуметтік әріптестік аясында ұжымдық шарттармен қорғалған», – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Оның айтуынша, 2024 жылы маусымда қабылданған облыстық Келісім мен бірыңғай ұжымдық шарттар Министрлікте тіркеліп, заңды күшіне енді. Бұл құжаттарды орындауға бөлінген қаржы көлемі 2022 жылы – 999,1 млн теңге, 2023 жылы – 2,9 млрд теңге, 2024 жылы – 3,2 млрд теңге болды.
«Әлеуметтік әріптестік бағытында облыстық Келісім мен ұжымдық шарттардың орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған қаражат жылдан жылға артып келеді. Бұл – кәсіподақ ұйымының өз мүшелерінің мүддесін қорғаудағы маңызды қадамы», – деді ол.
Пленумда кәсіподақ ұйымының құқықтық қызметі бойынша жылдық есеп ұсынылды. 2024 жылы кәсіподақ заңгерлері 9884 өтініш қарап, 10 564 құқықтық кеңес берді, 526 тексеру жүргізіп, 1638 еңбек заңдылығын бұзу фактісін анықтады. Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінен 766 жазбаша өтініш түсіп, 748-іне ресми жауап берілді, ал жеке қабылдау, телефон және электрондық пошта арқылы 9136 кеңес берілді. Құқықтық қызметтің нәтижесінде 380,2 млн теңге төленіп, қайтарылып, қайта есептелді.
«Кәсіподақтық білім беру де қарқынды жүргізілуде. 2024 жылы 1 республикалық, 14 көшпелі, 5 стационарлы барлығы 20 семинар өтіп, оған 2486 сала қызметкері мен жұмыс беруші өкілдері қатысты. Сонымен қатар, филиалдар бастамасымен өткізілген оқыту бағдарламаларымен 4091 кәсіподақ мүшесі қамтылып, барлығы 6577 адам кәсіподақтық білім алды. Салалық кәсіподақтың 100 жылдығына арналған «Ғасыр жасаған ұйым» облыстық мақалалар байқауы мен «Кәсіподақ барысы – 2024» республикалық турнирі ұйымдастырылды. Сонымен бірге, кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қолдау шаралары аясында 5707 сала қызметкері мен олардың отбасы мүшелері сауықтыру бағдарламаларымен қамтылып, 526,2 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде кәсіподақтан өтелген сома 297,5 млн теңгені құрады. 2355 адам шипажай жолдамасын алса, 2880 адам тарихи-танымдық саяхаттарға қатысты»,-деді Ерұлан Мағзымбеков:
Сонымен қатар, Пленум барысында.Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков білім саласындағы өзекті мәселелерге ерекше тоқталды.
«Еңбек кодексіне жалақы мөлшерін жыл сайынғы инфляция мөлшеріне индексациялау туралы норманы қайтару мәселесі, кез келген жалақының негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын 2015 жылдан бері мүлдем өзгермеген 17 697 тг. құрайтын ІЛЖ (БДО) мөлшерін ұлғайту, мекеме басшысына берілетін санаттың қолданылу мерзімін педагогтардың мерзімі сияқты 5 жылға ұзарту, білім саласындағы қаржы-экономикалық қызметкерлерге ұжымдық шарт аясында төленген қосымша ақылардың заңды-заңсыздығы туралы бақылау-тексеру органдарымен жүріп жатқан теке-тірестің түпкілікті құқықтық бағасы берілмеу салдарынан жалақысы мардымсыз, жұмысы мен жауапкершілігі жоғары қаржы-экономикалық қызмет мамандарының тапшылығы бұрынғыдан да еселеніп, босап қалған орындар күн санап артып келеді», – деді ол.
Пленум қорытындысы бойынша 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік актілерін түсіндіру және жүзеге асыру, «Педагог» кәсіби стандарты мен педагогтарды қабылдаудың конкурстық жүйесін енгізу, «Мақсатты мектеп», «Біртұтас тәрбие» ұлттық жобаларын жүзеге асырудағы еңбек құқықтарын сақтау, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында саладағы жұмысшы мамандық иелерінің еңбегін оңтайлы ету, ұжымдық шарттар арқылы қосымша әлеуметтік кепілдіктер мен мүмкіндіктер жүйесін қарастыру, кәсіподақтық шараларға көптеп тарту, еңбек адамы ретінде дәріптеу жұмысына екпін беру жөнінде міндеттемелер қабылданды.
Жиын соңында «Үздік педагог – 2024» республикалық байқауының жеңімпаздары кәсіподақ ұйымы атынан шипажай жолдамаларымен марапатталды. Сондай-ақ, кәсіподақтың «Үздік әлеуметтік серіктес – 2024» республикалық байқауына қатысқан 5 білім мекемесі Алғыс хаттарға ие болды. Пленум мүшелері кәсіподақ органының құрамына өзгерістер енгізіп, 2025 жылға арналған кіріс және шығын сметасын бекітті.
IV Пленум өз жұмысын қорытындылап, кәсіподақтың алдағы жылдарға арналған жоспарын бекітті. Жиын соңында қатысушылар өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, ұйым жұмысының сапасын арттыру бағытындағы ұсыныстарын жасады. Кәсіподақ ұйымы мен оның мүшелері үшін 2024 жыл елеулі жетістіктермен ерекшеленіп, келесі кезеңге үлкен жоспарлармен бет бұрды.
Пленумның жұмысы білім саласындағы кәсіподақ ұйымдарының алдағы жылдарға арналған тиімді жоспарларын бекіту мен әлеуметтік әріптестікті нығайту мақсатында маңызды қадам болды. Бұл жиын білім қызметкерлерінің әлеуметтік қолдауын күшейтуге, заңдық тұрғыда жұмысшылардың құқықтарын қорғауға үлкен серпін берді.
Бақытжан Бекболат
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз