Таразда Қырғызстандық ақсақалға шұғыл медициналық көмек көрсетілді
- авторjambylinfo.kz
- 29 қаңтар, 2025
- 149
Қырғызстаннан жеткізілген науқасқа Тараздағы Кардиохирургия және трансплантология орталығында перикардиоцентез операциясы жасалып, 1,6 литр сұйықтық шығарылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қырғызстанның Талас облысынан 82 жастағы А. ауыр халде Тараз қаласындағы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығына жеткізілді. Науқас тыныс алу қиындығы, айқын ентігу және жалпы әлсіздікке шағымданған. Ол бұл симптомдарды бір ай бұрын бастан өткеріп, суықтап қалғаннан кейін жағдайы нашарлаған.
Алдымен Талас қаласындағы облыстық ауруханада емделген науқасқа күтілген нәтиже алынбаған соң, жүрек тампонадасына күдік туындаған. Дәрігерлердің ұсынысымен ол Таразға жіберілді.
Тараздағы орталықта тексеру барысында науқастың диагнозы расталып, жедел гидроперикардит және жүрек тампонадасы анықталды. Бұл жағдай жүрекке қауіпті әсер етіп, оның қалыпты жұмысын қиындатқан. Тез арада араласу қажет болғандықтан, науқас перикардиоцентез отасына алынды. Операция кезінде жүрек қабынан 1,6 литр сұйықтық шығарылып, оның жағдайы айтарлықтай жақсарды.
Кардиохирургия бөлімінде ем алғаннан кейін, науқас 10 күннен соң денсаулығының жақсаруына байланысты үйіне шығарылды.
Бұл оқиға – Қазақстан мен Қырғызстан дәрігерлерінің кәсіби ынтымақтастығы мен екі елдің медициналық жүйесінің тиімділігін айғақтайды. Жедел әрі сапалы медициналық көмек науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Бақытжан Бекболат
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз