Тасын түртсең топырағы мыңжылдық тарихтан сыр шертетін Әулиеата өңірінің туристік әлеуеті жайында жиі жазылып та, айтылып жүр. Әйтсе де көне тарихы мен көрікті келбеті де туристерді магнитше тартуы керек өлкеге сырттан саяхаттап келетіндер некен-саяқ. Оның бір себебін мамандар интернет кеңістігінде облыстың көрікті жерлері мен тарихи-мәдени орындары жайында сапалы контенттің жоқтығымен байланыстырып жатады.
Туризм нарығындағы сұраныстан шет қалудағы осы бір олқылығымыздың орнын толықтыруға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ақпарат және медиакоммуникация орталығының мамандары қолдан келгенінше әрекет жасап жүр. Олар дайындаған «VISIT TARAZ» бағдарламасы аз уақыттың ішінде көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Жамбыл өңірінің туристік әлеуетін көпшілікке танытуды мақсат еткен жобаның идеясын орталық директоры Гүлмира Амалбекова ұсыныпты.
– Карантиндік шектеу шаралары туризм саласын тұралатты. Әсіресе шет мемлекеттердегі туристік нысандарға бару мүмкіндігі шектелді. Осы бір сәтте ішкі туризмге айрықша назар аударылатындықтан Жамбыл өңірінің көрікті, тарихи-мәдени орындарын кеңінен насихаттау мақсатында «VISIT TARAZ» жобасын қолға алдық. Қыркүйек айынан бері аталған бағдарламаның 6 сериясы түсірілді. Бұл бағдарламаларда Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі кесенелерінің сәулеттік ерекшеліктері мен оларға қатысты тарихи деректер молынан қамтылды. Ал «Шахристан» этно-мәдени кешені жайындағы бағдарламамызда өткен жылы пайдалануға берілген нысанның барлық ерекшеліктерін көрерменге жеткізуге тырыстық. Сол секілді «Меркі ғажаптары» атты бағдарламамызда да көп сырын ішіне бүккен Көккөл құпиясын ашуға талпыныс жасалды. Т.Рысқұлов ауданындағы «Топағаш әулие» аталатын тылсым мекенде түсірілім жұмыстарын жүргіздік. Бағдарламамыздың келесі саны Жуалы ауданына арналады. Онда «Бурноеоктябрьское» қалашығындағы археологиялық зерттеу жұмыстарының аяқ алысын, Күйік асулары мен «Теріс-Ашыбұлақ» демалыс орны туралы сюжеттер берілген. Жобаға университет басшылығы мен бірге облыс әкімдігінің туризм басқармасы да қолдау білдіріп отыр. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы Сауран Қалиев те білгенімен бөлісіп, мол тарихи мәліметтер береді, – дейді Г.Амалбекова.
Көпшілік «VISIT TARAZ» жобасы аясында түсірілген бағдарламаларды «You Tube» видеохостингіндегі «Dulaty University» арнасы немесе «Instagram» әлеуметтік желісіндегі tarmu_official, visit_taraz парақшалары арқылы тамашалай алады. Сондай-ақ 15 қазаннан бастап бағдарлама жергілікті «Jambyl» телеарнасы арқылы жұртшылыққа жол тартты. Жоба жетекшілері алдағы уақытта ұлттық дәстүрді, әдет-ғұрыпты дәріптейтін бағдарламаларды түсіру жоспарланғанын айтады. Саятшылық, қолөнер сынды тақырыптарға арналған бағдарламаларға жергілікті жерде бүркіт баптап, саятшылықты кәсіп еткен азаматтар кейіпкер бола алады. Әлі күнге дейін текемет басып, ұлттық құндылықтарды ұмыт қалдырмаған жандардың өнегесін өзгеге үлгі етеді.
Әлемдік тәжірибеде туризмді табысты етудегі жарнаманың мүмкіндігі әлдеқашан мойындалған. Сондықтан облыстағы туристік кластердің түтінін түзу ұшыруды ғаламтордағы сапалы контенттен бастауды құп көрген ұжымның жасампаз жобасы жоғары бағалауға тұрарлық.
«VISIT TARAZ» жобасы аясында түсірілген бағдарламаларды «You Tube» видеохостингіндегі «Dulaty University» арнасы немесе «Instagram» әлеуметтік желісіндегі tarmu_official, visit_taraz парақшалары арқылы тамашалауға болады.
Шынболат КҮЗЕКБАЕВjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
«Балаларымның мені «әке» деп атағаны не тұрады?!»
Ұқсас жаңалықтар
Валюта ауырбастау пункттерінде доллар нешеден саудаланып жатыр
- авторjambylinfo.kz
- 23 желтоқсан, 2024
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024