жексенбі, 15 желтоқсан, 2024 4:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Балаларымның мені «әке» деп атағаны не тұрады?!»

«Балаларымның мені «әке» деп атағаны не тұрады?!»
ашық дереккөзі
«Балаларымның мені «әке» деп атағаны не тұрады?!»

Бүгінде қоғамда жетім балалар мәселесі өткір күйінде тұр десе де болады. Рас, елімізде көптеген отбасылардың жетім балаларды үйде тәрбиелеуге алуы есебінен жетім балалар үйлерінің саны біршама азая да түсті. Алайда қабылдап алушы ата-аналардың басым бөлігі балалар үйі тәрбиеленушілерінің бүлдіршін жастағыларын ғана «таңдап алатын» көрінеді. Міне, осы себептен ересек жастағы жетім балалар отбасында тәрбиелеуге алу ісінен қағажу қалыңқырап тұр. Оларды тәрбиелеу шын мәнінде де қиын ба? Ал балаларды үйге алып тәрбиелеуді ресімдеуде қандай кедергілер кездесуде? «Әкелер одағы» бірлестігінің жұмысы қалай үйлестірілуде? Біраз жылдан бері жетім балалар мәселелерін тереңдеп зерттеумен айналысып жүрген заңгер, республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің облыс пен Тараз қаласы бойынша өкілі Марат Оспановпен арадағы әңгімеміз, міне, осы сауалдар төңірегінде өрбіді.

– Қоғамдық бірлестіктер қоғамның ілгері басуына айтарықтай үлес қосатыны белгілі. Осындай жұмыстармен айналысуыңызға не түрткі болды? Қазіргі атқарып отырған жұмысыңыздың мәні мен маңызы неде? – Мен осы облыстың тумасымын. Мамандығым заңгерлік болғандықтан ба, біраздан бері қайырымдылық қорларымен тығыз байланыста жұмыс істеумен келемін. Волонтер де болғанмын. Бұл салада едәуір тәжірибе де жинақтадым. Біраз уақыт Алматы қаласында да тұрдым. Бертінде көңіліме осы іспен түбегейлі айналысып, жетім балалар, көпбалалы және жағдайы төмен отбасылары арасында қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, қолымнан келгенінше көмегімді берсем қайтеді деген ой келді. Бір жағы сауапты іс. Алланың ризалығы үшін де осындай қарекеттер жасауға ұйғардым. Бертінде Алматыдан Таразға көшіп келгенімде осы тұрғыда әйеліммен де ақылдастым. Осылай 2015 жылдан бастап жетім балалар мәселесімен түптеп айналыса бастадым. Соның нәтижесінде жатпай-тұрмай қоғамдық қайырымдылық қорын құрып, жұмысын қалай жүйелеу керектігін, құжаттарын рәсімдеу, әсіресе, жетім балаларды толыққанды тәрбиемен қамту жолдарын үйрендім. Кезінде Елбасының елде жетім балалар болмауы үшін оларды отбасылық тәрбиемен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты елімізде көптеген отбасылардың жетім балаларды үйде тәрбиелеуге алуы есебінен жетім балалар үйлері айтарлықтай азайып, көбісі жабылды. Мысалы, облысымызда бұрын осындай үш мекеме жұмыс істеп тұрды. Қазір олардың екеуі жабылып, біреуі – Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйі ғана сақталып қалды. Оның да атауы балаларды дамытуды қолдау орталығы болып өзгертілді. Тағы бір айта кетерлік жайт, бір ғана біздің облыстың өзінде қабылдаушы отбасылар, отбасы үлгісіндегі балалар үйі, отбасылық қабылдау, патронаттық тәрбие секілді тәрбие түрлерін жүзеге асырып отырған жиырмаға жуық отбасылық құрылым тіркеліп отыр. Жетім балаларды ең көп тәрбиелеуге алу жөнінен облысымыз республика бойынша көш бастап келеді. – Отбасының жылуына, үлгі-өнегесіне дүниеде ештеңе жетпейді ғой. Көңілі налаға, көзі жасқа толы жетім балалардың отбасылық тәрбиемен қамтылуы – әбден дұрыс қадам. Алайда оларды бауырға басуға, асырап немесе үйге алуға қатысты құжаттарды ресімдеудің қиындығы, кедергісі көптігі жөнінде аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Сіз бұған не дейсіз? – Мұндайда сауапты іс жасауға ниеттенушілердің ең әуелі өзі тұратын аумақтағы қалалық, аудандық білім бөлімдеріне барып, құжаттар тізімін алуы керектігін еске саламыз. Онда көрсетілген құжаттарды тиісті мерзімінде жинап, өткізіп, дерекқорға тіркелгендер үміткер ретінде есепке алынады. Тағы бір ескертеріміз, жетім балалар бұрынғыдай үйге алуға кез келген азаматқа берілмейді. Мұндай ниеті барлардың жоғарыда аталған орталық жанынан ашылған қабылдап алушы ата-аналар мектебінде үш айлық курста оқыту-үйретуден өтіп, арнайы сертификат алуы міндетті. Оларға еліміздегі һәм өңіріміздегі балалар үйлері тәрбиеленушілері арасынан ғаламтор арқылы қалауынша таңдап алуына содан кейін ғана барып мүмкіндік беріледі. Осы дұрыс жол. Өйткені, қабылдап алушылардың мінез-құлқы, психологиясы, басқасы болсын аталмыш курста оқу барысында сүзгіден өтіп, мұқият зерттелінеді. Сондай-ақ жетім балаларды қабылдап алушылардың отбасы жағдайы, үйі, жұмысы, айлық жалақысы тұрақты болуы, балаларға қолайлы жағдай жасалуы, түрлі үйірмелерге қатыстырылуы секілді шарттары мүлтіксіз орындалуға тиіс. Әйел адамдардың күйеуінің болуы да қарастырылған. Ең бастысы, бір отбасындағы ерлі-зайыпты адамдардың екі жақты келісімі берік болса ғана мұндай іске тәуекел етуге болады. Бірі бастап, екіншісі немқұрайды ғана қостаған болып жатса, бұл да толыққанды шешім болмайды. Жауапкершілік пен ынта екі жақтан да табылуға тиіс. Өйтпеген күнде ертең мұндай одақтың іргесі оңай сетінейді де, түптің түбінде баланың обалына қалып жатамыз. Сондықтан ерлі-зайыптылар мұндай істі әбден иін қандырып барып бастауы керек. Істің басы – ниет. Мұның өзі, тағы да айтамын, ең алдымен сауап үшін, Алланың разылығы үшін істелінетін іс. Мысалы біз жұбайым, ұстаз Жайна Бекназарова екеуміз осындай іске тәуекел еттік. Балалар үйінен 4 бала алғанбыз. Өзімізде үш бала бар. Олар әлі кішкентай, мектеп жасында ғана. Қазір отбасында 9 жанбыз. – Балаларды үйге алу кезінде олардың тәрбиесінің ауыр немесе жеңіл болуы жас ерекшеліктеріне де байланысты ма? – Жоқ, олай деп ойламаймын. Рас, ата-аналардың басым дені баланы бүлдіршін кезінде 3-5 жас аралығында асырап алғанды жөн көреді. Балаға зар болып жүргендер үшін бұл дұрыс та шығар. Өз кіндігіңнен еместігі баланың өзіне де, басқаларға да білінбей де қалады деп ойлайды. Алайда қазіргі уақытта бөбектер үйінде де бала тым аз. Осындай-осындайдан 10 жастағы ұл, қыздар өтпей қалып қойып жатыр. Бүгінде 7-8 жастағылардың өзі ересектер тобына жатқызылып жүр. Базбіреулер айтатындай, оларды тәрбиелеудің ауыр, жеңіл болмағы жас ерекшеліктеріне де байланысты емес. Біз жұбайымыз екеуміз өзара ақылдаса келе 8, 10, 12, 14 жастағы балаларды таңдадық. Соңғылары «ауыспалы» жастағылар еді. Одан қорқатын ештеңесі жоқ. Оларға керегі – отбасы жылуы, ата-ананың мейірі, сүйіспеншілігі. Басқа түк те емес. – Балаларыңызды өз атыңызға жаздыруды ойламайсыз ба? – Әлбетте, жоқ. Олардың құқықтарына қол сұға алмаймын ғой. Дегенмен, үлкен ұл қазірдің өзінде «Әке, үлкейгенде сіздің атыңызға жазылуыма бола ма?» сұрап қояды. Оның тіпті бір жолы спорт жарысынан алған грамотасын толтыртқанда «Федор Маратұлы» деп жаздыртып әкелгені де бар. «Есім-сойларыңның жайын өздерің таңдарсыңдар» дедім де қойдым. Олардың мені «әке» деп атағандарының өзі неге тұрады?! – Айтыңызшы, «Әкелер одағы» тағы қандай жұмыстарды үйлестіруде? – Біз негізінен үш бағытта жұмыстар жүргіземіз. Оның бірі – отбасылық тәрбиелеуге бере отырып, балалар үйі тәрбиеленушілерінің санын азайту. Ал екіншісі – қазақ отбасындағы ұл бала тәрбиесін жетілдіруге үлес қосу. Бұл ретте әкелер қауымына қозғау салу арқылы олардың ұл балаларды спорттық жарыстарға, туристік саяхаттарға атсалысуына ықпал етуін жүйелі жолға қою өте-мөте маңызды. Бүгінгі күнге дейін бала тәрбиесін әйелдер қауымы берік қолда ұстап келді емес пе? Соның нәтижесінде ұлдарымыз әлжуаз, нәзік болып өсіп келеді. Араларында шеге қағуды, тіпті от жағуды да білмейтіндері бар. Енді оларды теледидар мен компьютер алдынан аулақтатуды, кең далаға саяхаттарға алып шығуды ойластыратын кез келді. Ұлдарға әке тәрбиесі, патриоттық тәрбие ауадай қажет. Осы орайда облыс әкімдігі білім басқармасымен бірлесе бұл іске ел ішіндегі «белсенді әкелерді» іздестіріп тауып жұмылдыруды діттеп отырмыз. Ұл балаларға ат әбзелдерін жасау мен қамшы өру өнерін, атқа шабуды үйретсек дейміз. Үшінші бағыт бойынша жетім балаларға, көпбалалы және тұрмыс жағдай төмен отбасыларына қайырымдылық көмектер көрсету ісін одан әрі жалғастыра беретін боламыз. Айтпақшы, таяуда қоғамдық бірлестіктің Жамбыл аудандық филиалы ашылып, жұмыс істей бастады. Мұндай істі басқа аудандарда да жүзеге асыру көзделіп отыр. – Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар