Өңірде жылыту маусымының басталғанына бірнеше ай болды. Дегенмен тұрғындардың сақтық шараларына мән бермеуінен, газдан улану оқиғалары жиілеп барады. Нақтырақ айтқанда, Тараз қаласында 11 ай ішінде жылыту пештерін және газ қондырғыларын пайдалану кезінде табиғи және улы газдан уланудың 8 оқиғасы тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 оқиғаға артық.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар көп жағдайда көмірмен немесе газбен жанатын пештерді немесе қазандықтарды дұрыс пайдаланбайды екен. Қарапайым ғана сақтық шараларын сақтамаудың соңы қайғылы жағдайға ұласып жатады. Мәселен, көмір жағу барысында пештің жан-жағын ашық қалдырып, салдарынан одан шыққан көмірдің ысы үйге тарайды. Сол секілді газ құрылғыларын қолданғанда да арнайы жабдықтарды дұрыс қолданбау қайғыға душар етеді. Яғни, жылыту маусымында тұрғындардың көпшілігі қарапайым ғана ереженің бірі бөлмені желдетуді ұмыт қалдырады. Сондықтан мамандар газбен улануға жол бермеу мақсатында қала аумағында орналасқан «Шалғай Қарасу», «Шөлдала» және «Құмшағал» алқаптарындағы әлеуметтік тұрмысы төмен тұрғындардың үйлеріне қала әкімдігінің қолдауымен және «Мол қаржы» жауапкершілігі шектеулі серітестігімен бірлесіп, 148 әмбебап улы газ сезбегін (датчик) орнатуда. – Жасыратыны жоқ, бүгінде Тараз қаласында адам өмірі үшін аса қауіпті иіссіз, түссіз газдан улану оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда өсіп отыр. Жалпы, тұрғындар газ колонкаларын дұрыс орнатпайды. Ондағы мұржалар да талапқа сай болмағандықтан осындай оқиғалар орын алып отыр. Тұрғындардан жылыту маусымына дайындық жасағанда арнайы мамандардың көмегіне жүгінуді сұраймыз, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Әскер Сарбатов. Негізінен қала әкімдігі жағдайы төмен тұрғындардың үйлеріне қойып беріп жатқан улы газ сезбектерінің қайғылы оқиғаның алдын алудағы маңызы зор. Өйткені, кішкентай ғана құрылғы бөлмедегі улы газды бақылап отырады. Егер шамадан тыс артып кетсе, лезде дауыс шығарып, ескерту белгісін береді. Құрылғының жағымсыз ащы даусы ұйықтап жатқан адамды ұйқысынан оятып жібереді, тіпті сыртта жүрген адамдарға да естіледі екен. – Аумаққа көгілдір отын кіргізіліп жатқанымен біз оны әлі тартып үлгермедік. Қазіргі таңда үйімізді көмірмен жылытамыз. Жасыратыны жоқ, көмірден аса бір қауіп жоқ деп ойлаушы едік. Бірақ мамандар одан да қауіп бар екендігін ескертіп, арнайы сезбек орнатып беруде. Бұл құрылғыны тегін беріп жатқанына қуаныштымыз, – дейді «Шөлдала» алқабының тұрғыны Равиль Тәжібаев. Жалпы, өңірде бірнеше адам газдан уланса, олардың арасында қайтыс болғандар да бар. Өкініштісі, бақилық болғандардың ішінде балалар да болған. Осыны ескеріп Тараз қаласы әкімдігінің тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне уланудың алдын алуға көп септесетін әмбебап сезбектерді орнатып беруі өте құптарлық іс.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз