Қытайлық тұрғын SIM-карталарды жинап, одан 191 грамм алтын шығарған
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 10:46
- 169
Әлеуметтік желіде Цяо есімімен белгілі маман қоқысқа тасталған SIM-карталар мен телекоммуникациялық чип қалдықтарын өңдеу арқылы 191 грамм алтын алғанын көрсетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Цяо Қытайдың Гуандун провинциясы, Хуэйчжоу қаласында тұрады және бағалы металдары бар қалдықтарды аффинаждау саласында кәсіби түрде жұмыс істейді.
Алтын алу процесі көрсетілген видеоларының бірі 5 миллионнан астам қаралым жинап, үлкен қызығушылық тудырды.
Видеода SIM-карталарды химиялық ерітінділермен өңдеу, сүзу және қыздыру кезеңдері көрсетілген. Нәтижесінде алынған алтынның құны шамамен 200 мың юаньға (29 мың АҚШ доллары) бағаланған. Бұл туралы South China Morning Post басылымы хабарлады.
Алайда маман алтын тек SIM-карталардан ғана алынбағанын атап өтті. Оның айтуынша, өңдеу үшін шамамен екі тонна электронды қалдық, соның ішінде телекоммуникациялық чиптердің өндірістік қалдықтары пайдаланылған. Бір SIM-картада 0,001 граммнан аз алтын ғана болады, ал бұл металл құрылғылардың кейбір бөлшектерінде тұрақтылық пен коррозияға төзімділікті арттыру үшін жұқа қабат ретінде қолданылады.
Видео таралғаннан кейін Қытайда ескі SIM-карталарға сұраныс күрт артқан. Дегенмен, Цяо бұл процестің қауіпті химиялық заттарды қолданумен байланысты екенін ескертіп, арнайы білім мен қауіпсіздік шараларынсыз қайталауға болмайтынын айтты.






