Жұманғарин: «Картоптың бағасын шектесек, келесі жылы тапшылық болады»
- авторБақытжан Бекболат
- 2 маусым, 2025
- 426

Оның айтуынша, биыл Ресей, Өзбекстан және Беларусь елдерінде картоп өндірісі азайған. Сондықтан Қазақстан осы елдерге картоп экспорттаған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
«Қазақстанда өткен жылы едәуір қор жиналды. Бірақ шаруалар да табыс табуы керек қой... Елде картоп тапшы емес. Дегенмен, баға көтерілді. Енді екі жол бар: біріншісі – бағаны шектеу. Бірақ олай етсек, фермерлер биыл картоп екпейді, ал келесі жылы тапшылықтың нақты не екенін көреміз. Екіншісі – экспортты шектеу. Біз осыны таңдадық. Ал бағаны қыспадық», – деді Жұманғарин Мәжілістегі брифингте.
Министрдің пікірінше, егер баға шектелсе, өндірушілер картопты басқа елдерге сатып жіберуге тырысады. Бұл жағдайда қарапайым халық картопты бұдан да қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болады.
«Қазір картоптың бағасы шамамен 400–600 теңге. Түркістанда жаңа өнім шықты, оның бағасы – 200–300 теңге аралығында. Қазір баға тұрақтанып келеді. Бүгін 50 контейнер импорттық картоп түсіріліп жатыр деп естідім», – деп толықтырды Жұманғарин.