бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 22:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жалынды жастық пен озық ойдың ордасы

Жалынды жастық пен озық ойдың ордасы
ашық дереккөзі
Жалынды жастық пен озық ойдың ордасы

Жастар үшін лайықты жағдай жасау, қолайлы орта қалыптастыру қай кезде болса да өзекті мәселе саналады. Әсіресе, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық, психологиялық және өзге де қажетті кеңестер беру мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі. Өңірде дәл осы бағыттағы жұмыстарды жүйелендіру үшін осыдан 15 жыл бұрын облыстық жастар ресурстық орталығы құрылды. Осы уақыт аралығында бұл орталық мемлекеттік жастар саясатының әр алуан бағытымен жұмысты жүйелей отырып, түрлі лауазымды қызметті абыроймен атқарып жүрген кәсіби мамандардың ұстаханасына айнала алды.

Республикадағы ең алғашқы жастар ресурстық орталығының Жамбыл жерінде іргетасының қалануына бүгінде облыстық мәслихаттың депутаты, сол кездегі облыс әкімдігінің ішкі саясат департаментінің басшысы Масат Беріктің сіңірген еңбегі зор. Кейіннен мұндай орталықтар Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында құрылды. Алғашында бұл құрылым бірнеше жыл ішкі саясат департаментіне қарасты ұйым ретінде жұмыс істеді. Жамбылдық жалынды жастардың басын бір арнаға тоғыстырған орталық ә дегенде әулиеаталық өрендердің бос уақытын тиімді ұйымдастырумен айналысты. Ал, 2012 жылы орталық жаңадан құрылған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының құрамына өтті. Қазір аталған құрылым жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен бірге кеңес беру, ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын қатар жүргізеді. Сондай-ақ, аудандарда жастар ресурстық орталықтары да құрылып, мемлекеттік жастар саясатының игі шараларының шарапатын ауылдық өрендер де айқын сезінді.

– Облыстық жастар ресурстық орталығы сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің қаулысымен 2004 жылдың 24 желтоқсанында құрылыпты. Ресми қаулы солай болғанымен орталық негізгі жұмысына 2005 жылы кіріскен. Сондықтан бізге биыл 15 жыл деп айтуға толық негіз бар. Орталықтың тізгінін алғаш құрылған сәтте Андрей Емелин есімді азамат ұстап, оның аяққа нық тұруына хал-қадірінше еңбек ете білді. Кейінгі басшылар Ақмарал Сәбитқызы, Дәурен Каипов, Дәурен Құттыбаев, Ерболат Әмірбеков, Талғат Шайхиев, Бауыржан Мөрбековтер де орталық қызметін жүйелендіруге, материалдық-техникалық базасын нығайтуда, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру жолында аянып қалмады. Аталған азаматтардың арасында мемлекеттік мекемелерде, квазимемлекеттік секторларда басшылық қызметте жүргендері де баршылық. Республикадағы тұңғыш жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен қасиетті Әулиеата жерінде бірқатар айтулы шаралар өткізілді. Мәселен 2008 жылы республикалық Дельфийлік ойындар алғашқылардың бірі болып біздің облыста ұйымдастырылды. 2012 жылғы «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» деп аталатын республикалық жоба аясында өңірге 50 миллион теңге қаржы бөлініп, жастарды жұмыспен қамтудың нәтижелі шаралары қолға алынды. 2016 жылы «Блог Құрылтай» шарасы да Жамбыл жерінде елімізге танымал блогерлер мен медиа сала майталмандарының басын қосты, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Арайлым Әбдуалиева.

Жамбылдағы Жастар жылының жемісті жобасы ретінде облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жастар ресурстық орталығы директорлары кеңесінің құрылуын айуға болады. Тоқсанына бір бас қосатын жиын өңірде мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың өзекті мәселелері талқыланатын мінберге айналды. Дәл осы кеңестің бір жыл ішіндегі жұмысының нәтижесі ретінде жастар ресурстық орталықтарының әдістемелік нұсқаулығы бекітілді. Бұл әдістемелік нұсқаулық жастар ресурстық орталықтарының жұмыс істеу бағыты, ондағы құрылымдарды біріздендіруді көздейді. Алдағы уақытта орталық мамандары азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен келісім алып, отбасын құруға ниет еткен жастарды отбасылық өмірге баулитын арнайы курс ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ олардың ұрпақ сүю қабілеті де медициналық тұрғыдан зерделенеді. 15 сағаттық курстан соң жастарға курстан өткенін растайтын сертификат беріледі. Болашақта заңды некеге тұруда азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімдері дәл осы сертификатты талап ететін жүйе де түзіліп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, облыстық жастар ресурстық орталығы өзінің 15 жылдық мерейлі белесін абыроймен бағындыра алды. Ең бастысы өз замандастарымен түрлі мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар арасында дәнекер болған жас мамандардың орталықта қызмет ете жүріп үйренгені, көрген-түйгені мол. Бүгінде олар осынау тәжірибелерін өз қызметтерінде кәдеге жаратып жүр. Белсенді жастардың қоғам өміріндегі орнын айшықтап, оларға бағыт-бағдар берудегі жастар ресурстық орталығының рөлінің зор екенін 10 жылдан астам уақыт бойы Шу аудандық ресурстық орталығына жетекшілік еткен Айнұр Рахымбаева да растайды.

– Шу ауданында жастар ресурстық орталығы аудандардың ішіндегі алғашқылардың бірі болып құрылды. Мен орталықта 2008 жылдың қарашасынан бастап еңбек еттім. Алғашында бізде небәрі 3 қана адам жұмыс істеді. Бүгінде штат саны 42 адамға дейін өсті. Аудандағы барлық ауылдық округтерде жастар ісі жөнінде мамандар бар. Осы аралықта орталық мамандары тек 14-29 жастағыларға қызмет көрсетумен шектеліп қалмады. Біз халықтың барлық әлеуметтік топтарымен байланыс орнатып, жұмыс жүргіздік. Соның арқасында аудан әкімдері ресурстық орталық жұмысына айрықша қолдау көрсетті. Нәтижесінде орталық жеке ғимаратқа жайғасып, оның материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Әр жылдары біздің орталықта жұмыс істеген Берік Бегалиев бүгінде облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болса, Дархан Әліпбаев ауылдық округ әкімі қызметін абыроймен атқарып жүр, – дейді А.Рахымбаева.

Ұзақ жылдар бойы Шу ауданы жастарының көшбасшысы ретінде жергілікті жерде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға үлкен үлес қосқан Айнұр Қамшыбекқызы қазір аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне басшылық етуде. Осылайша жастармен жүйелі жұмысты жолға қою міндетін абыроймен атқарып жүріп, жас мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдауына мүмкіндік берген ресурстық орталық өзінің мерейлі белесіне құтты қадамын жасады.

  Шынболат Күзекбаев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар