Дәрігер тапшылығы: Жамбыл облысының ауруханалары қандай мамандарға зәру?
- авторjambylinfo.kz
- 7 ақпан, 2024
- 686
Білікті медицина қызметкерлерінің тапшылығынан, көбінесе аймақтағы халықтың 50%-ын құрайтын ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адам ресурстары департаменті Jambylinfo.kz сайтының жолдаған ресми сауалына осылайша жауап қайтарды.
Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, Жамбыл облысының мемлекеттік секторында түрлі профильдегі 2314 дәрігер жұмыс істеуде. Оның 1410-ы қалаларда, ал қалған 903-і облыстың ауылдық аймақтарында қызмет етеді.
-Тараз қаласында, әсіресе, анестезиолог-реаниматологтар (4 маман жетіспеуде), жалпы тәжірибелік дәрігерлер (3 маман) мен психиатрлар (3 маман) сұранысқа ие. Аудандық маңызы бар Жаңатас пен Қаратау қалаларында медициналық кадрларға деген тапшылық жоқ. Шу қаласына травматолог-ортопед, офтальмолог, оториноларинголог, гастроэнтеролог, кардиолог қажет», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адам ресурстары департаментінің директоры Дәулет Алданғұров.
Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде аймақ көлемінде анестезиолог-реаниматолог мамандар жоқтың қасы. Яғни, осы бағытта қызмет ететін 8 маманға үлкен сұраныс туып отыр. Сондай-ақ, жалпы тәжірибесі бар 6 дәрігер және осы мөлшерде офтальмологтар, акушер-гинекологтар мен рентгенологтар керек. Мұнымен қоса, облысқа инфекционист, оториноларинголог, травматолог-ортопед-хирург, диагностикалық онколог бағыттарының әрқайсы бойынша 5 маманнан және де кардиолог, балалар хирургы, онколог, аллерголог-иммунолог, уролог, невропатолог секілді мамандар аса қажет. Сонымен қатар, психиатрлардың тапшылығы да жіті байқалады. Аймақтағы емханалар мен ауруханалар осындай төрт маманға зәру. Жалпы, облысқа 24 түрлі профильдегі медицина қызметкерлері керек.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, Жамбыл облысымен бірге, бүкіл ел аумағында дәрігерлер жасының ұлғаюы медицина кадрлары тапшылығының бірден-бір себебіне айналуда.
-Медициналық білім және ғылым мекемелерінің түлектері босаған қызмет орындарын толықтай толтыра алмай отыр. Бүгінде Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласында зейнет жасына жеткен 300-ден астам дәрігер еңбек етуде. Аймақтағы медициналық кадрлар тапшылығының тағы бір себебі бар. Ол «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасы. Бағдарлама аясында КТ, МРТ, ангиографтар секілді ауыр техниканы сатып алу жоспарлануда. Былайша айтқанда, бұл қосымша медициналық кадрларға деген сұранысты арттарды. Бір ғана жоғары мамандандырылған дәрігерді дайындап шығару үшін 8 жылдан 10 жылға дейін уақыт қажет, дейді департамент өкілі.
Осыған орайда, медицина кадрларының тапшылығын шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі облыс әкімдігімен бірлесе отырып, аймақтағы сұранысқа сай медициналық мамандарды мақсатты түрде оқыту мен даярлауға бөлінетін гранттар мен квоталарды ұлғайту жұмыстарын жүргізіп жатқанын баяндады. Сондай-ақ, жергілікті бюджет пен медициналық ұйым қаражаты есебінен қосымша білім беру бағдарламаларының шығындарымен қоса, әлеуметтік қолдау мәселелеріне де қаражат бөлінеді. Бұған баспанамен қамтамасыз ету, оның ішінде, тұрғын үйді жалға беру, көтерме жәрдемақы тағайындау, коммуналдық шығындарды төлеу және бөліп төлеу шаралары жатады. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің сараланған еңбекақысын енгізу мен «тәлімгерлік» институтын қалпына келтіру шаралары жүргізіліп келеді. Қазіргі кезде, ОО, ЖОО, резидент/интерн арасында үш жақты келісім-шарттар жасалып, соған сәйкес әлеуетті дәрігерлер болашақта өздері қызмет ететін медициналық ұйымдарда тәжірибеден өту мүмкіндігін пайдалануда.
– Бүгінгі таңда, көтерме жәрдемақы көлемі 100 АЕК-ке тең. Ал бюджеттік несие түріндегі тұрғын үйді сатып алуға немесе салуға қажетті әлеуметтік қолдау – 1500 АЕК-тен аспайтын сома мөлшерінде. Осылайша, жергілікті атқарушы органның гранты есебінен «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 42 азамат білім алуда. 2024 жылға дейін 80 дәрігерді оқыту жоспарлануда. Әлеуметтік қолдау шаралары аясында ауылдық елді мекендерге келген жас мамандарға жергілікті бюджет қаражаты есебінен 800 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілді. 2023 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 204 маманға 1 млрд теңге бөлініп, оларды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде, -деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі.
Медициналық кадрлар тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған бірқатар жүйелі шаралар негізінде, Жамбыл облысындағы ауылдық елді мекендерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика саласындағы қызметкерлерді әлеуметтік қолдау жобасын әзірлеу қарастырылуда. Онда бюджет қаражаты есебінен:
– Жамбыл облысы бойынша маман тапшылығы аса жоғары ауылдық жерлерде, ауылдарда, моноқалаларда, аудандық маңызы бар қалаларда 8500 мың теңге;
– Жамбыл облысының ауылдық жерлерінде, ауылдарда, моноқалаларда, аудандық маңызы бар қалаларда 1,2 млн.теңге;
– облыстық маңызы бар қалаларда 800 мың теңге көлемінде осы бағытта жұмыс істейтін медицина және фармацевтика мамандарын әлеуметтік қолдау тәртібі мен көлемі анықталған.
– 2023 жылы облыстағы мемлекеттік медициналық мекемелерге 19 дәрігер жұмысқа орналасты. Қазір резидентурада 56 маман білім алуда. Биыл оқуын аяқтаған 30 түлек, 2025 жылы – 16, 2026 жылы – 10 маман дәрігер жұмысқа орналасады», – дейді Дәулет Алдыңғұров.
Артём Славин
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз