Жамбылдық келіншек желіде 68 аккаунт сатып, миллиондаған табыс табуының сырын айтты
- авторjambylinfo.kz
- 29 мамыр, 2024
- 1.0k
Тараз қаласының тұрғыны, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Карл Маркс ауылында дүниеге келген танымал тараздық блогер 9-шы мөлтек ауданда, жол бойында сауда-саттық жасайды. Шын есімін атаудан бас тартқан Гугушаны jambylinfo.kz тілшісі арнайы іздеп барды. 5 жыл ішінде 68 аккаунт сатқан Гугушаның бүгінгі таңда пайдаланып отырған 69-шы аккаунты бір айдың ішінде 50 мыңға жуық оқырман жинаған.
Әлеуметтік желіде ерсі қылық, ерекше кейіпімен танылған, бірақ, бұған дейін шақыру болса да бір де бір журналистке сұхбат бермедім деген келіншек алдымызда бір жылап, бір күліп отырып, бар шындығын жайып салды. 2021 жылы Tik-Tok желісіне алғаш рет «билеп» кірген келіншек, бұл қадамын қаражатқа мұқтаж болғандықтан жасаған екен.
«10 мың оқырманы бар аккаунтты 100 мың, 20 мың оқырманы бар аккаунтты 150 мыңға саттым. Қарыз шаш етектен болған соң, сондай ерекше қадамға бардым. Телеарна, сайттардан жарнама жасау үшін 400 мың, 500 мың теңгеге ұсыныстар түсті. Алайда, бас тарттым. Алматы қаласына 4-5 рет телеарналардағы бағдарламаға қонақ болуға шақырды. Тіпті, клипке түсуге ұсыныс алдым. Алайда, ол ұсыныстарды да қабылдамай, арнайы іздеп келіп отырған соң өзіміздің аймақтық jambylinfo.kz редакциясына алғаш рет сұхбат беріп отырмын», - дейді ол.
Ал, телеарналардаңы сұхбаттардан бас тартуына ішкі комплексі кедергі болған көрінеді.
«Өз болмысымнан ұяламын. Бойым қысқа болғандықтан мазақтап, келеке қылатындар бар. Оның үстіне екі қызымды ешкімге сеніп тастағым келмейді», - дейді блогер келіншек.
Блогер әлеуметтік желіде tik-tok әлеуметтік желісінде оқырмандарына тапсырыспен сәлем жолдау арқылы ғана 1 млн теғге табыс тапқан. «Батл» тетігі арқылы тағы 1 млн теңге пайда түсіріпті.
«Мен үшін әлеуметтік желідегі ең табысты жыл 2022 жыл болды. Сол жылы «батлдың» әр сағаты үшін 100 мың теңге қаражат таптым», - дейді ол.
Блогер келіншек сонымен қатар қиын да аянышты тағдырын айтып, көзіне жас алды.
«Әкемді көрмегеніме 25 жыл, анамды көрмегеніме 2 жылдан, бауырларымды көрмегеніме 10 жылдан асты. Әкем қарттар үйінде жатыр...Жақындарыммен араласпай кетуімнің бір себебі, менің оларға деген өкпем болды. Босаға аттамай жатып, аяғым ауыр болғанын естіген соң, жақындарым менен суып кеткен еді. Ал мен керісінше оларды кешіре алмадым. Бірақ, олар қанша қоңырау шалып, іздесе де, жауап бермедім, хабарласпадым. Анам Жаңатас қаласында тұрады. Екі жарым жылдан кейін ғана анамның туған күніне ақшалай сыйлық жолдадым. Татуласудың алғашқы қадамын осылай жасадым. Анаммен телефон арқылы сөйлескен сайын жақындарымның жағдайын сұрап отырамын. Арамызды жылдар алшақтатса да, сезімімді суытпады. Бәрін жақсы көремін», - дейді ол.
Сөз арасында біз қазір біраз мемлекеттер tik-tok әлеуметтік желісін шектеп жатқанын, тыйым салып жатқанын айтып, блогерден пікірін сұрадық. Оның айтуынша, бұл желі — қайырымдылықтың көзі. Көптеген мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созып, талай мұқтажға желі арқылы жақсылық жасауға болатындықтан, бұл желінің жабылуына қарсылығын білдірді.
Құралай Сейсенбекқызы
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Сәкен Майғазиев 26 жастағы ұлына келіншек іздеп жүр
Ұқсас жаңалықтар
Енді мұғалімдерді балағаттағандар қомақты айыппұл арқалайды
- авторjambylinfo.kz
- 18 желтоқсан, 2024