«Жұмыспен қамтудың жол картасы» талайы тірлікті тіктеп, жүйелі жұмысқа жол ашқаны белгілі. Халықты жұмыспен қамтамасыз етудің және әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді құралына айналғаны да даусыз. Жамбыл облысында аталған бағдарлама аясында 831 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, жыл ішінде баянды бағдарын тапты, – деп хабарлайды Jambylinfo.
Оның ішінде 180 жоба әлеуметтік нысандардың инфрақұрылымын дамытуға, 200 жоба – ТКҮШ, 327 жоба – инженерлік-көлік инфрақұрылымын дамытуға және 124 жоба елді мекендерді абаттандыруға бағытталған.
Өңірде 19 599 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Жұмыспен қамтылған жұмысшылардың кемінде жартысы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасуда.
Бүгінгі таңда 821 жоба іске асырылса, оған 14 мыңнан астам адам, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 7 мың адам тартылған. Бағдарлама тұрғын үй мәселесін шешуге де өз үлесін қосуда. Оның шеңберінде 706 пәтерлік 12 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланса, бұл тұрғын үй кезегіндегілердің баспана мәселесін 2 пайызға төмендетеді деп күтілуде.
Баспана мәселесін шешуге арналған жобалардың бірі Шу ауданында жүзеге асырылуда. Ауданда «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында 27 тұрғын үй жөнделіп, жұмыстардың жалпы сметалық құны 195 миллион 497 мың теңгені құрады. Оның ішінде 19 үй республикалық бюджет қаражаты, сегіз үй қайтарылатын қаражат есебінен жөнделген. Ағымдағы жылы тағы үш үйге жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілген десек, оның сметалық құны — 19 миллион 260 мың теңге.
«Жұмыспен қамтудың жол картасын» іске асыру нәтижесінде өңір бойынша материалдық-техникалық база жаңартылып, денсаулық сақтау мен спорт нысандарының қол жетімділік деңгейі артады. 20 мыңнан астам ауыл тұрғындары таза ауызсумен қамтылып, орталықтандырылған сумен жабдықталған тұрғындар үлесі 72 пайыздан 75,4 пайызға дейін өспек. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайда жолдардың үлесі 59,5 пайыздан 77,2 пайызға дейін, абаттандырылған аулалар үлесі 9,7 пайыздан 31 пайызға дейін артуы көзделген.
Сонымен қатар, Қордай ауданындағы Масанчи, Сортөбе, Булар батыр, Қаракемер ауылдары газдандырылды. Табиғи газбен 50 мыңнан астам адам қамтамасыз етіліп отыр.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз