Жылыту маусымына жан-жақты дайындық керек
Жаз мезгілі аяқталып, күз келісімен-ақ елдің «Биылғы қыс қатты болады екен», деген сөзін жиі естиміз. Кейде қыркүйектің бірде жылы, бірде салқын құбылмалы ауа райы да қыр астында тұрған қыстың мінезін ептеп сездіретіндей. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, күн жылы, жер қара кезде қысқа дайындық жұмыстарын жүйелеп алған жөн. Бұл орайда Жамбыл облысында қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары көктемде басталып кеткен. Қазіргі кезде жүргізіліп жатқан жұмыс жақсы, алайда бірқатар мәселе де бар.
Хамит ЕСАМАН
Облыс бойынша жылу беретін 437 қазандық бар болса, оның 427-сі бүгінде дайын тұр екен. Оған қосымша, жылумен жабдықтау желілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сол сияқты, 3 346 шақырым болатын сумен жабдықтау желілерінің 22 шақырымын жөндеу жоспарланып, бүгінде бұл жұмыстар да аяқталған. Бірақ бүгінде Тараз қаласының тұрғындары үшін ыстық су өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жыл сайын әкімдік тарапынан ыстық судың жылдың төрт мезгілінде де тұрақты беріліп тұратындығы айтылғанымен, іс жүзінде олай болмай тұр. Мәселен, «Қант зауыты» аумағында, «Қарасу» шағын ауданында әзірге ыстық су жоқ. Жаз бойы беріліп, енді тоқтап қалған ыстық судың жайы көпті толғандырады. Ал керісінше, қаладағы көптеген аудан жаздың кемінде бір-екі айында ыстық сусыз күнелтті. Дей тұрғанмен, осы уақытқа дейін 735 көпқабатты үйге ыстық су берілсе, қалған 30 үйді ыстық сумен қамту кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Алайда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің айтуынша, ыстық судан бөлек те жылыту маусымына қатысты бірқатар мәселе бар болып шықты. Өңір тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету – басты мәселенің бірі. Әсіресе әлі газ тартылмаған шалғай ауылдардағы тұрғындарға негізінен көмір керек. Сонымен қатар бюджеттік нысандарға қажетті 67 мың тонна көмірдің 62 500 тоннасы тиісті қазандықтарға жеткізілген. «Енді 250 мың тоннаға тарта көмір қажет. Дайындық барысы өте төмен. Тұрғындардан сұрайтыным, күн жылы, баға тұрақты кезде көмірді алу керек. Ертеңгі күні суық басталады. Көмір бағасы да көтеріліп кетеді», дейді Ұ.Жазылбек. Расында да мезгілі жеткен уақытта кез келген нәрсенің қымбаттайтын әдеті бар. Қазір жергілікті жұртшылық тұтынатын «Шұбаркөл» және «Қаражыра» көмірлерінің тоннасы 14-15 мың теңге аралығында сатылуда. Ал енді қар түсіп, суық басталғанда мұның бағасы да аспандап кетуі мүмкін. Жыл сайын газдың тартылуынан үміт күтетін бірқатар ауыл тұрғындары биыл тағы да көмір жағуға мәжбүр. Мәселен, облыста 371 елді мекен бар. 1 млн 130 мың халық бар. Бірақ бүгінде 192 ауыл газбен қамтылған. Қалған ауылдарға 2027 жылға дейін газ тарту жоспарланған.
Жылыту маусымына байланысты тағы бір мәселе, ол заңды тұлғалардың да, бюджеттік мекемелердің де берешегі туралы болып отыр. Мәселен, аймақта жылу энергетикасы бойынша қарыз көлемі 280 млн теңгені құрайды. Әкім орынбасарының айтуынша, оның басым бөлігі, яғни 125 млн теңгесі Тараз қаласының тұрғындарына тиесілі. Сол сияқты, тұтынушылар газға 90 млн теңге көлемінде берешек. Бұл да тиісті нысандардың жұмыс істеуіне, қажетті нүктелерін ауыстыруға кедергі келтіруде. Сол сияқты облыс тұрғындары үшін пәтер иелері кооперативтерінің жүйесіз жұмысы да негізгі мәселеге айналған. Облыс бойынша 1 720 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 1 365 үй Тараз қаласында болса, қалған тұрғын үйлер Жаңатас, Шу және Қаратау қалаларында орналасқан.
«Бұл бойынша дайындық жұмыстары қанағаттандырмайды. Пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы өте нашар. Аталған мәселе бойынша шағымданушылар көп. Бірақ оларды халық басқару органы ретінде өздері таңдаған. Біз тұрғындардан пәтер иелері кооперативтерімен жұмыс істеуді талап етеміз», дейді облыс әкімінің орынбасары.
Бұл ретте аталған кооператив әрбір тұрғын үйдің жылу маусымына дайындығын, тағы да басқа техникалық қауіпсіздігін тексеруі керек. Әйтпесе жоғары қысыммен жылу келгенде тұрғындарға қауіп төнуі мүмкін.
Бүгінде Тараз қаласындағы көптеген тұрғын үйлердің тозығы жеткен. Кейбір пәтерлердің төбесінен жаңбырлы күндері су ақса, енді бірі жылу ұстамайды. Кейбір көпқабатты үйлердің де кіреберісінің терезелері аңғал-саңғал. Сынған, бүлінген. Десе де, 2020 жылы ел Үкіметі тарапынан «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы бойынша 3 млрд 300 млн теңге бөлінген. Ол қаражатқа Тараз қаласындағы 80 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, олардың шатырлары мен инженерлік желілері және кіреберіс терезелері ауыстырылуда. Аталған тұрғын үйлер қысқы жылыту маусымына дайын. Қалғандарына да қазіргі кезде дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, қысқы жылыту маусымына дайындықтың өзі үлкен жауапкершілікті қажет ететін науқан. Дайындық кезінде әрине мәселе де қатар жүреді. Жалпы, өңірді қысқы жылыту маусымымен қамтамасыз ететін бірқатар ірі кәсіпорындар бар. Мәселен, «Жамбыл жылу» мекемесінің директоры Мүслім Қасымовтың айтуынша, дайындық жұмыстары жақсы. Жылу беруге дайындық барысында «Қарасу» шағын ауданы мен «Қант зауыты» аймағындағы екі қазандықтың жұмысы уақытша тоқтатылып, сынақ жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде, жұмыстар аяқталуға жақын. Сондай-ақ өткен жылы бумен істейтін екі қазандық ауыстырылған. «Жылу беру уақыты ауа райына байланысты жүзеге асады. Біздегі мекеме бойынша 76 қазандық бар. Оның 43-і Тараз қаласында болса, қалғаны Байзақ, Жамбыл аудандарында орналасқан. Бүгінде бізде 390 тонна тиісті отын, яғни резервтік мазут бар», дейді ол.
Еліміздің Солтүстік, Шығыс өңірлерімен салыстырғанда, Жамбыл облысында күн жылы. Өткен жылы қазан айының соңын ала қар түскенімен, іле күн қайтадан жылып сала берген. Бірақ биылғы қыстың қандай болатынын болжау қиын. Әйтеуір, ел арасында «Биылғы қыс қатты болады екен», деген әңгіме көп...
Жамбыл облысы
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Асанәлі және «Ай мен Айша»
Ұқсас жаңалықтар
Қоғам
Валюта ауырбастау пункттерінде доллар нешеден саудаланып жатыр
- авторjambylinfo.kz
- 23 желтоқсан, 2024
Қоғам
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024