сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 1:17

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бір шымшым топырақ

Бір шымшым топырақ
ашық дереккөзі
Бір шымшым топырақ
Әуелден «Отан – отбасынан басталады» дейтін қазақтың туған жерге деген ықыласы алабөтен, айрықша сұлу болған. Сақ, ғұн, үйсін – тұтас түркілік алтын кезеңге арқа сүйеп айтпағанның өзінде беріде өнеге атына сұранып тұрған Бейбарыс сұлтанның өзі неге тұрады десеңізші?! Мәмүлік болып Мысыр барған, сөйте жүріп сұңғылалығымен сұлтан болған да осы баһадүр бабаңыз. Одан кейінгі мәшһүр тарих сізге тағы мәлім. Біз бүгін өткеннен қалған қазынаны қайта көпсітіп, көпке ұсынуды жөн санадық.
Енді ойлаңыз. Бір түтіннің баласынан бір елдің тағдырын шешкен егейге айналған ердің ақырғы алып мақсаты есіңізде болар. Тағы сол көнеден жеткен баянға сүйенеміз. Сонда ғой сұлтанның қартайған шағында Тұранның бір түп жусанын аңсап елге оралатыны. Алтыннан құйылған тағын тастап. Сіздің ше, бұл не? Оны арса-арса қылып алып Дешті-Қыпшақ даласына елеусіз бір жан кейпінде сүңгіте салған не құдірет болуы мүмкін? Әрине «Отан» деген сөз басында сор­­ғалап таңдайға түскен оттан ыстық ұғым еді. Содан қазақ «өзге елде сұлтан бол­ғанша, өз еліңде ұлтан» бол деп тәп­сір­лесе керек-ті. Осы тұста отанын, елін сүюдің елде жоқ үлгісімен, перзенттік терең махаб­ба­тымен жалпақ елге танылған дағыс­тандық Ғасул Ғамзатовтың мына бір өле­­­­ңін қайыра еске сала кеткіміз келеді. «Қайда болсам, қиям соған жанымды, Туған жерден қазсын бірақ қабірді», – дейді авар халқының аңызға айналған ұлы. Демек, бір түп жусанын іздеп Дешті-Қыпшақ даласына жеткен атақты Бей­ба­рыс сұлтан мен нендей биікке жетіп, қандай бір бақытқа кенелсем де қабірім­ді туған жерден қазсын деген Расул Ғам­­­­затовтың мұраты мен ой-арманы тін­­­­десіп, сабақтасып, өзектесіп жатқан жоқ па?! Бақсаңыз, екеуі де қанша биік белеске көтерілсін отанға деген ыстық са­ғыныштың алдында кішкентай ғана жан екенін аңғартады. Ал сіз ше? Тіпті отан туралы, кіндік қанымыз тамған Қа­зақстан туралы осы уақытқа дейін не ойладыңыз. Бір сәтте болса оның ыстық қасиетін сезініп көрдіңіз бе? Мәселен дейік, сіз ең жақын туға­ны­ңыз – әкеңіз, анаңыз, иә, болмаса ба­уырыңызды бір себеппен айлап-жылдап көрмедім деп ойлаңыз. Сосын кенет ұйқыдан тұрғаныңызда тосын есік қа­ғылса, тиісінше сіз күтпеген қонақты кү­тіп алуға шыққаныңызда алдыңызда ең көркем жанашырыңыздың бірі келіп тұр­са, сіз қалай қуанар едіңіз. Тап жүрегіңіз кеудеңізде бар екені рас болса, көзіңізден бұршақтай жас кетіп, өзегіңізді ыстық бір жалын қарып өтуі тиіс секілді. Бас саласыз сол жанды. Дү­ниенің бәрін ұмытып. Оның да ыстығы сосын сізге өтеді-ау келіп. Қандай ғажап сезім дерсіз іштей көңіліңіз бір босап... Ал осы кеуде қарып, көңілдің барлық мұзын ерітердей болған айрықша ыстық сезімнің алғаусыз, еш пафоссыз отанға арналатын сәті де аз болмауы тиіс. Дәл осы арада мына бір өлеңді оқы­ңыз­шы, оның әрбір әрпінің ыстық табы таныс болар сізге: «Түп-түгел, төрт құбыламды түстік етіп, Туған жер, мен сен салған құс түлетіп. Дүние-ай, қандай жақсы ед, табаныңа, Тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп». Табаныңнан өткен өзгенің емес, өз топырағыңның жылуын Төлеген Айбер­генов болып сезініп көріңіз. Сосын: «Мен мынау ыстық жүрегіммен қара тасты да сағынам, Қаланып қалса, тәртіппен», – деп Ай­бергенов болып асқақ сөйлер ме екенсіз?! Ең маңыздысы сол, мұндай кешулерден соң сіз «Отан маған не берді? Түк те бер­ген жоқ» дейтін керенау сөздің кесірін бір-ақ сәтте санаңыздан сылып тастар едіңіз-ау. Себебі отан сізге материалдық, табиғи ресурстық байлықты, тіпті бір ғұмырдың иесі болуыңызды маңдайыңызға нәсіп ет­кенімен қоймай, табаныңыздан әлі де ыстық махаббатын өткізіп тұр. Ендеше, «Отан-Ана» деген сөз де еш пафоссыз сөз емес пе? Хош, «Отан» деген отқа малып ал­ғандай ыстық төрт-ақ әріптің төңірегінде тағы да ой қозғап көрсек дейміз. Тағы бір мысал айтайық. Шынайы өмірде болған оқиға бұл. Ел тәуелсіздік алғаннан соң шетке та­рыдай шашырап кеткен қазақтың басы қайта бір қазанда қосыла бастағаны рас. Тағдырдың тауқыметімен отанынан­ жы­рақ қалған тағдырлардың отын сөн­­дір­мей, өз топырағына қайта келіп тү­тін түтетуі де бір қилы кешірме. Сол қилы кешірменің бірі де бірегейі – Сә­мен шалдың баяны. «Сендер, бұл елдің, мы­нау ыстық отанның қадірін сыртта, өзгенің жұртында жүрмегесін біл­мей­сіңдер ғой», деп бастайтын қария әңгі­месін. Сәмен – Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып шекараны бұзып өткен қазақ. Бір сөзбен айтқанда, атажұртына шыбын жанын шүперекке түйіп қашып өткен бала болатын да, бұл не бәрі он бес жастағы «қаш­­қынның» ерлігі еді. Бұл күнде көзіне бұршақ-бұршақ жас алып айтатын қарияның өмірден озға­нына да біраз жылдың жүзі болған. Ер­те­де Кеңес өкіметі мен Қытай мем­лекеті арасында шекара сызығы жүргенде ор­тадағы Қазақстанның біраз жері күн­шы­ғыстағы мемлекеттің иелігіне өтіп кет­­кені белгілі. Сәмен ол кезде бір-ақ күн­­­де анасының құрсағында шекара сы­зы­­ғының арғы бетінде қалса, әкесі мен туған-туыстары бергі бетінде шырқырап қа­ла берген деседі. Ол кезде көрші ауылдың дауын шеш­келі барған би де, жоқ іздеп өзге ауылға өт­­кен жоқшы да, тіпті туыстап қыдырып бар­ған бала да елінен қақ бөлінген заман болыпты. Сол Сәмен ес білгенде елін, жұртын сағынады екен. Кейіндеп елге қашып өтіп, «күдікті элемент» атанған одан «Сіз ар­­тыңыздан қуған қатерді, алдыңызда күтіп тұрған айыптауды толықтай білді­ңіз ғой. Не үшін басыңды бәйгеге тігіп өттің?» деп сұраған елге сол ер Сәмен: «Ит тойған жеріне» дейтін қазақ. Ал мен ит емеспін ғой. Бәлкім, мен Анам­ның ішінде – шекараның арғы бетінде қал­ғанда, Анам ел мен жерді сағынып қат­ты жылаған болар. Ал дүниеде Ана­ның сағынышынан ыстық дүние болуы мүмкін бе? Мен іште жатып-ақ сол сағынышты сезіп өссем керек, ал бұл сезім менің шекара бұзып, шетте жатқан жұртыма табаным қанап жетуіме себеп болды деп ойлаймын. Отанның қадірін отбасы төңірегінен аспаған ұл қайдан білсін? Құсқа ұясы, қойға қотаны қандай ыстық болса, адамға отаны одан он, тіп­ті­ жүз есе ыстық. Бүгінгі ұрпақ осыны ұмыт­паса» деген дейді көзін көрген кісілер. Міне, осылай Қазақстанға келген соң да «сатқын», «шпион», «қашқын» де­ген айып тағыларын, өмірі иттепкінің ас­тында өтуі мүмкін екенін, тіпті «заңсыз ше­кара бұзды» деген желеумен қайта Қы­тайға қайтарып жіберуі мүмкін еке­нін біле тұрса да небәрі он бес жасында ғазиз шешесінің аманында: «көзің тірі тұрса елге жет» деген жалғыз ауыз аманатын арқалап елге жеткен Сәменнің бұдан соң да шекесі шылқымапты. Шүлдірлеген шекара қызметшілері «шпион» деп ит­тепкіге салып қара жұмысқа бір салса, Көкшетауға жалшылыққа мал бағуға екі жіберген көрінеді. Бірақ орнында бар оңалар демекші, үйіріне, өз жұртына қо­сылған сол азамат азат күнде өз ата­ме­кенінде дүниеден өтіпті. Бәріне риза көңілмен. Осы сәтте көптің аузында көп айтылып жүретін бұл оқиғамен өзектес тағы бір әңгіме еске түседі. Атақты қалам­гер Жақ­сылық Сәмитұлының «Алтын қазық» атты шығармасы әрбір Отаным деген қазақтың өткен күнінің әліппесі болуға татитындай. Қилы кешулердің, тау­қыметті тағдырдың шиырлы жолы бар мұнда. Дәлірек тәпсірлегенде, бұл шығар­ма­дағы кейіпкер де біздің жоғарыда ­баяндап өткен Сәмен секілді атажұртын аңсап өтіп, жазықсыз «шпион» аталып қуғындалады. Арада Ресей мен Орта Азия елдерінде қуғында жүріп, ең со­ңында Түркия жерінде тұрақтап, ел тә­уел­сіздік алғанға дейін сол елде бой таса­лап өскен қазақ – Тастемір еді. Түріктердің атауымен «Таштемир» атанған сол кейіпкер түрік жерінде тері өңдейтін алып фабрикасы бар ірі бизнесменге айналса да ең ақырында бар байлығын тастап қазақ топырағына ке­летіні бар. Тіпті «Қазақстан тәуелсіздік алды» дегенді Түркияда тұрып естігенде жылап жіберетіні, кейіндеп аэропортқа барып Қазақстаннан келген студенттердің қолынан қазақтың ұлы тұлғаларының суреті басылған ақшаны көргенде қыруар ақша беріп сатып алатыны, ол ақшаны көзі мен көкірегіне кезек басып жылайтыны бар. Бұл әрекетіне таңғалған студенттерге: «Елде жүрген сендер мұны түсінермісіңдер» деп кейиді сонда. Кейиді демекші, кейіннен Ильмаз есімді түрік досы паспорт жасатып бергенде бәрін тастап Қазақстанға келеді сол Тастемір. Ұшақтан түсе жерді құшып ұзақ жылаған дейді. Көзінен тоқтаусыз жасы төгіліп. Өксіп-өксіп. Сондағы сөзі мынау: «Ой, Алла! Құдіреті күшті Расул Алла! Шын ба, түсім емес пе? Шын жеттім бе, өмір бойы аңсаған бір шымшымына зар болған қасиетті қара топырағыма?» деп күбірлепті. Дәл сол «Алтын қазық» деп аталған шығармасында. Басын тау мен тасқа соғып, тағдыр қақпақылында жүріп Отанын бір сәт жадынан шығармаған жанның ақырғы асқақ мұраты да туған топырағына жету болыпты. Бәлки, бұл шығарманы оқысаңыз сіз де еріксіз жылар ма едіңіз, кім біліпті?! Егер кеудеңізде құйттай бір жүрек бүлк-бүлк етіп соғып тұрған болса... Ал біз ше? Осы топырақтың, тұтас Тұранның, байтақ Отанның қадірін бір сәт түсініп көрдік пе? Көрсек, «Отаным маған не береді?» деген оспадар ойбайдан гөрі «мен отаныма не бере алдым» деген бір кесек сауал көкіректе берік сақталып тұрса керек. «Сақталыпты» айтпақшы, Мұқаға­ли Мақатаевтың «Отан» деген өлеңін білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Еш­қашан ескіріп, ешқашан ұмыт болмастай көрінетін сол өлеңнің қысқа ғана екі-ақ тармағын алып қараңызшы, неткен махаббат, некен асқақ сезім деп ойлайсыз. Мысалы: «...жаным менің кеудемді жарып шық та, Бозторғайы бол оның шырылдаған...», – дейді ақиық ақын. Сөздің қасиетін түсінетін, оның көп жағдайда тағдырға айналып кететінін тамырымен сезетін ақын үшін «жаным менің кеудемді жарып шық...» деуі шынайылықтан басқа не еді?! Осы арқылы-ақ Мұқағали өзінің отан алдындағы мөлдір махаббатын жеткізіп тұрған жоқ па? Болмаса, қазақтың мына бір сөзін ойға алыңыз. «Туған елің болмаса, Тумай-ақ қойсын күн мен ай», – дейді қазекем. Яки, туған жерің, өз отаның болмаса жарқырап күн шыққанынан, оңынан айың туғанынан не пайда дейді. Бұл да ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жоғарыдағы өлеңімен үндесіп тұр. Елдің, жердің, Отанның қадірін айтып, бағасын біржола асырып тұрғаны белгілі. Қорыта айтқанда, сөз басында әдейі дәйек еткен «Отан – отбасынан басталады» деген сөз әсте тегін, әсте арзан сөз болмағаны бұл. Сіздің тыныс-тіршілігіңіз, өміріңіздің мәні отбасыңыз екені рас болса, Отанды сүй мен сезіну де сол жерден басталады деген сөз.
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар