дүйсенбі, 25 қараша, 2024 9:12

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Осы өлең – оқитұғын дұғам менің»

«Осы өлең – оқитұғын дұғам менің»
ашық дереккөзі
«Осы өлең – оқитұғын дұғам менің»
Сөз дегеніміз – гармония, философия, магия, энергия, таным, пайым. «Жақсы сөз жақсы терек тәрізді, оның тамыры тереңде болады да бұтақтары аспан бойлап кетеді. Демек, ол Құдай әмірімен мезгіл-мезгіл жеміс беріп тұратын қасиетті терекке ұқсайды», дейді Құран. Мұхаммед (с.ғ.с.) хадис шарифінде «Сөзде сиқыр бар, ал өлеңде – даналық», дейді. Сопылық поэзияның көрнекті өкілі, дінтанушы, әмбебап дарын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Халық тілі – Құдай қаламы» дейтін түйінді пікір айтады.
Ана тілінің уыз мәйегі, рухы, си­қыр­лы лебізі бесік жырларында сақ­талған, хатталған. Жаратушы мен жара­тылыстың, болмыс пен ғайыптың, пәни­лік пен мәңгіліктің және ой, сана, рух, түйсік, жүрек, көңіл, сезім, иман тәрізді бірегей әрі телегей тұңғиық ұғымдардың ерекшеліктері мен қасиеттері – назым сөздің басты сипаты. Хадистанушы Усейд б. Худайр түн ішінде «Әл-Бақара» сүресін оқығанда (Пайғамбардың түсіндіруінше, «Әл-Бақара» мен «Әл-Имран» сүрелері қиямет-қайымда екі бұлт не екі құстардың тобындай қорғайды екен) анадайда тұрған аты тыпыршиды, қозғалақтайды. Ертеңінде осы жайды Пайғамбарға: «Сүрені оқыған мезетте ат тыпыршыды және басымды көтеріп көк жүзіне қарасам, бұлтты шырақты көрдім», дейді. Сонда Пайғамбар: «Бұл сенің дау­сың­ды естіп келген періште, егер сүрені оқу­ды таңертеңге дейін жалғас­тырсаң, ол кетпес еді, кісілер оны көретін еді», дей­ді (бұл хадисті жеткізген имам әл-Бу­хари). Сүре дегеніміз – дұға, оны терең се­зім­­мен шыншыл, таза көңілмен, көкірек кө­зі­­­мен әсерлі үнмен, мақаммен, дауыс то­ла­сын табиғилықпен сақтаумен оқыса, аят­тың мазмұны, қасиеті, танымдық, та­­ғы­лымдық мәні, сенім күші арта­ды. Рухың­ды көркейтеді, жан дүниеңді ба­йытады. Абай «Алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақ­тық» («38-сөзінен») ғылымымен толық қару­­ланғандықтан «Әуелі аят-хадис – сөздің басы», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Өлең деген – әр сөздің ұнасымы», «Сылдырап өңкей келісім...» деп, адамзат тілінің шығу төркінінен, тарихынан, ғаламат қасиет­ті бітім-болмысынан сыр толғайды. Хакім Абай «сұлулардың сұ­луы» Алла­ның көркемдікке деген да­на­лық көз­қарасын рухани тірек етеді де, мақ­сат-мұратын айқындайды, ғаламдық, исламдық, көркемдік құндылықтарды біртұтастықта барынша тереңдікпен, рухани кемелдікпен суреттейді. Жиһан­ды «Құдайлық құдірет», ерекше сана бас­қаратынын Абай да білген. Жоғары сананың көрсеткіштері – аят, хадис, ал дұға – Аллаға жалбарыну, асыл тілек тілеу, тағдыр жолын дұрыстау. Абай «38-қа­расөзінде»: «Онымен сезімді таза­­лыққа иіргеніңді, кәміл ыхласыңды көр­сетіп ішімнің сафлығының (таза, шынайы) соңында халық көрер, сыртымды да пәк етемін һәм көзге көрінбейтін ағзаларымды да пәк етемін, бұл пәктік­тің үстінде Аллаға дұға айтамын деп әзір­ленесіз» деп жазады. Задында, «Аллаға дұға айту» – кәміл мұсылманның құл­­шы­лығы, ғибадаты, Ұлы Жаратушыға жет­­кі­зудің тәсілі, байланыс жасау құралы, жүрегінде иманы, зердесінде жиғаны бар қазақ баласы ішкі ой-арманын, мұрат-мақсатын, жан тілегі мен құмарын, інжу сөздері мен имани-сырларын ең бір тамаша, бейнелі, таза, көркем түрде, жүректің, сезімнің, пәк көңілдің тілінде қызықтырып жеткізуге ұмтылады. Осы орайда Абайдың «Дұға», «Қасиетті дұға» дейтін сырлы толғауларында өлең сөз құдіреті мен әсерлі құлшыныс-ынтызарлыққа бөленген ой, сезім сурет­тері, ұлы тілек қасиеттері айқын көрініс тапқан. Айталық: Өмірде ойға түсіп кем-кетігің, Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің! Сонда сенің отыңды басатұғын, Осы өлең – оқитұғын дұғам менің. Соңғы сөйлемнің сыры, сипаты, ма­ғынасы алуан-алуан ойларға жетелейді. Алдымен, қазақтың тұрмыс-тіршілігінде, ырым-нанымында өрттің алдына қағазға дұға жазып қойса, дереу ол жалп етіп сөнеді (ақ төксе де тоқтайды). Сонда ақын «тулағыш мінез» от сипатты болса, оның қызуын қайтаратын және «Осы өлең – оқитұғын дұғам менің» өзі адам­ның жанының нәзік сырлары мен асыл тілегін Жаратушыға тура жеткізетін қасиетті, киелі, дауасы, даруы өзгеше кілт пе екен. Мұндағы әрбір сөзде мағына бар, мағынасында сыр мен сурет, сезім мен рух, жүйелілік пен дүниетаным бар. Демек, Абайдың өзіндік көзқарасы, өзіндік сөз саптасы, ой толғауы бар. Сондықтан да ол – ұлт ақыны. Абайдың дүниетанымында, дария көркемдік тәжі­ри­бесінде «Рас сөз», «Түгел сөз», «Түзу сөз», «Түбі терең сөз», «Нұрлы сөз» дей­тін таңдамалы сөз-ұғымдарды ойына темір­қазық етіп, ой-пікірін туындатады, көр­кейтіп гүлдендіреді. Абай өзінің көркем ойын одан әрі айшықтап әсерлендіріп, үстемелеп: Ішінде бір қуаты барға ұқсайды, Тірі сөздің жаны – сол, айрылмайды. Қасиетті нәфәсі желдей есіп, Қайнап тұрған ыстық қан салқындайды, – дейді. Яғни Абайша «тірі сөздің жаны» дегеніміз сөздің ішкі мағынасы, ішкі қабаты – өзегі. Мұндай сөзде, лебізде желдей зулаған үн, әуез толқыны бар. Жүйелі, қасиетті сөз құстай ұшып, шал­қыған шарапаты мен «ыстық қа­ныңды» сабасына түсіреді, жаның да, көңілің де сәулетті күй кешеді, себебі «жылауға да, сенуге де» болатын­дай, «жүректің басынан у төгілгендей» өлең-дұғаның дауасының әсерінен жеңіл­дейсің. Абай келесі бір «Қасиетті дұға» өле­ңін жазықсыздан жазықсыз тағдыр тәлкек етіп, ойыншыққа айналдырса да, көңілге медеу-демеу болмаса да деп бастайды да: Қайта-қайта оқысам бір дұғаны, Сөніп қалған жүректе жанады шоқ. Қуаты бар дұғаның қуантарлық, Қапаланған жүректі жұбантарлық. Адам ұқпас бір тәтті лебізінен, «Уан» деген естілер ұлы жарлық, – деп, дұғаның құдіретін және белгісіз ғайыптан «ұлы жарлық» естілгенін, сонан соң көңіл жүктен де, кектен де тазарып-жаңарып, тұтастай адамзатты сүюге жа­­ралған көрегендік, көсемдік, кісілік болмысы: Адамның баласына жаным ашып, Ізгілікке жүрегім бір ұмтылар, – деп, ақықтай ойын, дұғадай сөзін жа­құттай жарқыратып жеткізеді. Абайдың «Дұға», «Қасиетті дұға» ­туындылары – негізінен, телегей сыр, дұға-дуадай қастерлі күйлі сөз, сың­ғыр­лаған сазды әуен. Гете, Шопенгауэр, Бет­ховен, Мартин Лютер ән, өлең, күй жа­йында терең де дәйекті ойлар айтқан-ды. «Ән, өлең, күй құдірет ғылымымен әбден сырлас» деп Бетховен жазса; Мар­тин Лютер «бұлар аспандағы періште тілі, бұрынғы жерде болған пайғамбар­­­лар тілі; ән, өлең, күй Алланы танытуға үл­кен себепкер» деп жазады», дейді Алаш ­көш­­бас­шысы Әлихан Бөкейхан «Ән, ­­ өлең ­һәм оның құралы» атты еңбегінде. «Сөз – құс» (С.Сейфуллин мета­фо­расы), өлең-дұғаны Абайша іңкәрлік­пен оқып, жаттап, толғап «терең ойдың тел­­міріп соңына ерсең», сөйтіп, же­те­лілігіңе жігерлілік қосылып, құш­тар­лықтың қа­на­тында ұлылықтың шы­­­­ңы­на, рухани жетілудің асқарына ұм­­­­ты­лып, Алланың мейірімі түсіп, құт да­­­рып, арсыға дұға асырар едің. Ға­рыш­тық санаға ие Абай дұғасының ма­ғы­насы, тағлиматы – осы.
egemen.kz © egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар