бейсенбі, 19 маусым, 2025 22:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесі жаңғыруда: лицензиялау мен сапа бақылауы күшейтілуде

Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесі жаңғыруда: лицензиялау мен сапа бақылауы күшейтілуде
Pixabay.com
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді

2025 жылғы 19 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер (АӘҚ) көрсететін ұйымдардың 92%-ы лицензия алып, қызмет алушылардың 97%-ы дәл осы ұйымдарда көмек алып отыр, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бұл – еліміздегі әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы лицензиялау реформасының нәтижесі.

Аталған реформа 2025 жылдың 1 қаңтарында басталған болатын. Оның басты мақсаты – АӘҚ сапасын арттыру, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және барлық қызмет көрсетушілер үшін бірыңғай стандарт қалыптастыру. Лицензиялауға меншік нысанына қарамастан, барлық АӘҚ ұйымдары жатады.

2024 жылы жүргізілген цифрландыру нәтижесінде көптеген олқылықтар анықталды. Мәселен, бастапқыда ел бойынша 1023 АӘҚ орталығы бар деп есептелсе, нақты көрсеткіш – небәрі 587 болып шықты. Қызмет алушылар саны да 135 мыңнан 93,6 мыңға дейін қысқарды. Осылайша, бюджет қаражатын нақтылаудан кейін 31,6 млрд теңге үнемделді.

Бұл деректер бұрынғы жүйенің қаншалықты ашықтықтан алыстағанын, шын мәнінде қағаз жүзіндегі дерек пен нақты жағдай арасындағы алшақтықты айқын көрсетеді. Жаңа тәсілдердің арқасында әлеуметтік саладағы қаражатты тиімді пайдалану мен әділ бөлуге жол ашылды.

АӘҚ саласындағы тағы бір өзекті мәселе – кадрлардың біліктілігі. Тексеру нәтижесінде 12 мыңнан астам әлеуметтік қызметкердің 8 800-ден астамының расталған санаты жоқ болып шықты. Бұл – салада жұмыс істейтін мамандардың кәсіби дайындығының жеткіліксіздігін көрсетеді. Осыған байланысты 10 мыңнан астам қызметкер оқытылып, сертификатталды. Қазір еліміздің 14 жоғары оқу орнымен әлеуметтік қызметкерлерді даярлау туралы меморандум жасалған.

Лицензия алу үшін ұйымдардың мынандай талаптарға сәйкес болуы тиіс:

Санитарлық нормалар мен өрт қауіпсіздігіне сай ғимараттың болуы;

Материалдық-техникалық база және штаттық қызметкерлердің жеткіліктілігі;

Аз қозғалатын адамдар үшін ғимараттардың қолжетімділігі;

Медициналық лицензия түрлерінің болуы және т.б.

Тексеру барысында 384 субъектінің материалдық базасы талапқа сай еместігі анықталды. Кейбір ұйымдарда қажетті құрал-жабдықтар атымен болмаған: тек кілем мен диван секілді жиһаздар ғана болған.

Сәйкестікке жету үшін 55 ұйымға 8,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржы жаңа ғимараттар салу, инфрақұрылымды жетілдіру және мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділік жасауға бағытталған. Қосымша 928,6 млн теңге қаражат бөлу жоспарлануда.

Қазірдің өзінде 530 лицензия берілді, бұл – бүкіл ел бойынша АӘҚ алатын азаматтардың 97%-ын қамтиды. Ал лицензиялаудан бас тартылған ұйымдар сәйкестікке жеткеннен кейін қайта өтініш бере алады. Қамтылмай қалған 3% қызмет алушы үшін бос алаңдары бар медициналық ұйымдармен бірлескен жұмыс басталды.

Мемлекет қабылдап отырған бұл шаралар арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттырып қана қоймай, оны жүйелі және әділ жолға қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауға, әлеуметтік оңалтудың тиімділігін арттыруға жол ашады.

 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар