Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық: ресми статистика не дейді
- авторБақытжан Бекболат
- 19 маусым, 2025
- 173

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сүйенсек, 2010 және 2024 жылдар аралығында жеке тұлғаға қарсы жасалатын қылмыстар саны біркелкі емес өзгерген. Мысалы, кісі өлтіру үш есеге азайған: 1,4 мыңнан 449 жағдайға дейін. Сондай-ақ, "зорлау", "жыныстық сипаттағы күш қолдану", "абайсызда кісі өліміне себеп болу" секілді баптар бойынша да қылмыстың азаю байқалады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Дегенмен, бұл – жалпы статистика. Яғни, қылмысты отбасы мүшесі ме, әлде бөтен адам жасады ма – ол ескерілмейді. Ал отбасы ішіндегі кісі өлтірулердің үлесі – алаңдатарлық. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың есебіне сенсек, қазіргі таңда еліміздегі әр төртінші кісі өлтіру отбасында орын алады – бұл жалпы қылмыстың 23%-ы. 2018 жылы бұл көрсеткіш 17% болса, 2019 жылы – 16% болған. Яғни, жалпы кісі өлтіру азайғанымен, отбасылық жағдайда жасалғандары баяу азайып, тіпті үлесі өсіп отыр.
Үй ішіндегі қылмыстың үлесі артқан
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың арнайы есебінде отбасы аясында жасалатын кісі өлтіру жағдайларының жалпы кісі өлтіру оқиғаларындағы үлесі 23% екені жазылған. Демек, елімізде әр төртінші кісі өлтіру дерегі – отбасының ішінде болады. 2018 жылы бұл көрсеткіш 17%, 2019 жылы – 16% болған. Яғни жалпы саны азайғанымен, отбасындағы қылмыстардың үлесі артып отыр.
Заңдағы өзгерістер және олардың әсері
Соңғы жылдары құқық қорғау органдары "денсаулыққа орташа немесе жеңіл зиян келтіру", "ұрып-соғу" сияқты істерді бұрынғыдай әкімшілік құқықбұзушылық емес, қылмыстық іс ретінде қарастырып келеді. Бұл — заңнамадағы 2024 жылғы өзгерістердің нәтижесі.
Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен қаралатын. 2024 жылдан бастап бұл баптан "денсаулыққа зиян келтіру" тармақтары алынып тасталып, тек "қорлау", "мүлікке зиян келтіру", "жеке ар-намысқа тию" сияқты әрекеттер ғана қалған. 2010 жылы осы баппен 60,5 мың іс тіркелсе, 2024 жылы – 74,3 мың. Бірақ бұл жерде бір айырмашылық бар: 2010 жылы бұл көрсеткішке ұрып-соғу фактілері де кіретін.
2015–2017 жылдары мемлекет отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыстық деңгейде қарастырып, жаза күшейтілген болатын. Нәтижесінде, кісі өлтіру деректері күрт төмендеген. Ал 2017 жылдан кейін заң қайта жұмсарып, декриминализация басталған соң, қылмыстар қайта көбейе бастаған.
Ескерту шаралары нәтиже бермейді
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің арнайы есебінде әкімшілік жазалардың, әсіресе "ескерту", "қысқа мерзімді қамау", "айыппұл" секілді шаралардың ешқандай нәтиже бермейтіні атап көрсетілген. Айыппұлды көбіне отбасы бюджеті есебінен, кей жағдайда жәбірленуші әйелдің өз табысынан төлеу – мүлде әділетсіз әрі моральдық тұрғыда қолайсыз жағдай екені айтылған.
Ескерту шараларының жиі қолданылуы да мәселені шешпеген. 2018–2023 жылдар аралығында ескерту саны артқанымен, құқықбұзушылықтың қайталану жағдайлары да өскен. Демек, бұл әдіс агрессордың әрекетін тоқтатуға сеп бола алмады.
Ұлттық орталық сарапшыларының дерегіне сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларының тиімділігі 2020 жылы – 20% ғана болса, 2023 жылы – 35%-ға әрең жеткен. Қалған жағдайларда құқықбұзушылық қайталанып, жәбірленушіге қайтадан күш көрсетілген.
Ер азаматтар да – жәбірленуші
Көпшілік біле бермейтін тағы бір маңызды жайт – отбасылық зорлық-зомбылықтың 40–45% жағдайда ерлерге бағытталуы. Бұл – өте сирек айтылатын, бірақ өзекті мәселе. Кейде әйелдер күйеуін жүйелі түрде жәбірлегеннен кейін кісі өлтіруге дейін барады. Бұл да – отбасындағы зорлықтың салдары. Мұндай фактілер отбасылық саясаттың әлсіз тұстарын айқын көрсетеді.
Бұндай мәселе – отбасының ғана емес, қоғам мен мемлекеттің де міндеті
Халықаралық тәжірибеде отбасылық зорлық – екі адамның арасындағы жеке мәселе ретінде емес, тұтас қоғам мен мемлекеттің жауапкершілігін талап ететін өзекті проблема ретінде қарастырылады. Өйткені бұл – адам құқығының бұзылуы ғана емес, сонымен қатар еңбек, білім, денсаулық, мүлікке қол сұғу сынды көптеген өзге құқықтардың да тапталуы.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 1996 жылы тұрмыстық зорлыққа қарсы күресте қолдануға болатын "модельдік заңды" ұсынып, мемлекеттерді соған негізделген заңдар қабылдауға шақырған.
Қазақстанда да «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң бар. Жыл сайын түрлі бағдарламалар қабылданып, реформалар жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары отбасылық зорлыққа қатысты жауапкершілік күшейтілді. Бірақ, жоғарыда келтірілген сандарға қарасақ, заң күшейтілгенімен, шынайы нәтиже әзірге байқалмайды.
Қоғам хабарсыз, орталықтар — қолжетімсіз
«Қазақстандық отбасы — 2024» атты ұлттық баяндама аясында жүргізілген социологиялық сауалнама қоғамның бұл мәселеге немқұрайлы екенін көрсеткен. 2024 жылы респонденттердің 6%-ы өздері зорлық көргенін мойындаса, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болған — Қарағанды облысында – 14%, Маңғыстауда – 38%. Бірақ, соған қарамастан, бұл жәбірленушілердің басым бөлігі көмек сұраудың жолын білмеген, тіпті кейбіреуі дағдарыс орталықтарының барынан хабарсыз.
2023 жылы елімізде 67,5 мың тұрмыстық құқықбұзушылық тіркелгенімен, дағдарыс орталықтарына көмек сұрап жүгінгендер саны небәрі 4 400 адамды құраған. Бұл – бар болғаны 6,5%. Кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш одан да төмен: СҚО – 1,2%, ШҚО – 1,9%, Маңғыстау – 2,9%.
Қоғам не дейді?
Сауалнама нәтижелері қазақстандықтардың мемлекеттік органдар қабылдап жатқан шараларға күмәнмен қарайтынын көрсетті. "Соңғы екі жылда бұл мәселе бойынша жағдай қалай өзгерді?" деген сұраққа:
36,4% – "еш өзгеріс жоқ";
17% – "жағдай нашарлады";
8,7% – "өте нашар күйге түсті" деп жауап берген.
Тек 28,2% респондент қана "жағдай жақсарды" деп санайды.
Қорытынды
Жыл өткен сайын отбасылық зорлық-зомбылық жайлы көп айтылып, заңдар қатайып, шаралар көбейіп жатқанымен, бұл мәселе әлі де түбегейлі шешілген жоқ. Қылмыстық статистика біршама жақсарғанымен, отбасындағы қылмыстардың үлесі артқан. Қоғам мұндай жағдайға жиі тап бола тұра, көпшілік әлі де өз құқығын қорғаудың жолдарын білмейді немесе сенбейді.
Демек, заңмен жазалаудан бөлек, мемлекет пен қоғам отбасылық зорлықтың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдауы керек. Ақпараттандыру, психологиялық көмек, әйелдер мен ерлерге арналған дағдарыс орталықтарының тиімді жұмыс істеуі, құқық қорғау жүйесінің жедел әрекеті — осының бәрі қоғамдағы сенімді арттырып, жағдайды нақты жақсарта алады.
Жания Абил
М.Х Дулати атындағы Тараз университетінің
«Журналистика және филология кафедрасы» 3- курс студенті