Смартфонға тәуелділік: ата-аналар баларына бақылау жүргізе алмай отыр
- авторБақытжан Бекболат
- 19 маусым, 2025
- 223

Қазіргі таңда Қазақстандағы мектеп оқушылары әлеуметтік желіде көбірек отырады, ал сабақ пен үй тапсырмасына бұрынғыға қарағанда аз уақыт бөледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
Мысалы, 2018 жылы 10–14 жас аралығындағы ұл балалар жұмыс күндері интернетке, яғни әлеуметтік желілер мен түрлі медиа-контентті қарауға күніне орта есеппен 1 сағат 30 минут жұмсаса, 2023 жылы бұл уақыт 1 сағат 46 минутқа дейін ұлғайған. Қыз балаларда да жағдай ұқсас: олар бұрын күніне 1 сағат 18 минут интернет қолданса, қазір — 1 сағат 35 минут.
Ал үй тапсырмасына келсек, керісінше, уақыт азайған. Қазіргі таңда ұл балалар сабақ пен үйренуге күніне 1 сағат 11 минутын ғана арнаса, қыз балалар — 1 сағат 8 минутын арнайды. Бұл — оқушылардың мәдени немесе спорттық іс-шараларға, сондай-ақ ойынға бөлетін уақытымен шамалас көрсеткіш.
Үй шаруасы мен әлеуметтік қарым-қатынас артып келеді
Басқа көрсеткіштерге назар аударсақ, соңғы бес жылда балалар ата-анасына үй шаруасына көмектесуге де көбірек уақыт бөле бастаған. Мәселен, ұл балалар аптаның жұмыс күндері үй істеріне бұрын 23 минут қана жұмсаса, қазір бұл уақыт 46 минутқа дейін өскен. Қыз балаларда да өсім бар: 2018 жылғы 49 минуттың орнына 2023 жылы олар үй жинау, тамақ әзірлеу, кір жуу сияқты істерге күніне 1 сағат 13 минут жұмсай бастаған.
Цифрлық тәуелділік — шын қауіп пе?
Жасөспірімдердің цифрлық контентке тәуелділігі — бүгінде өзекті әрі алаңдатарлық мәселе. Қазақстандық қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) зерттеу деректеріне сүйенсек, бұл проблема 2023 жылғы бірқатар ұлттық баяндамаларда жан-жақты қаралған.
«Балалардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі» атты есепте келтірілген ДДСҰ Еуропалық бюросының мәліметтері бойынша, Қазақстандағы жасөспірімдердің 44%-ы интернетті күнделікті белсенді түрде пайдаланады. Тағы 31%-ы күні бойы дерлік онлайнда отырады, яғни мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде үнемі байланыста болады. Тек 13% ғана аптасына бір рет немесе одан да сирек онлайн байланысады. Ал ең аз үлес (12%) — мүлде әлеуметтік желілерді қолданбайтындар.
Жасөспірімдер көбінесе TikTok пен Instagram секілді платформаларда мағынасыз, жеңіл-желпі контентті тұтынады. ҚҚДИ сарапшылары ойын хостингтері, түрлі «челлендж» пен квесттер орналасқан платформаларды — ең қауіпті санатқа жатқызады.
Гаджет – бар, бақылау – жоқ
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Қазақстанда 6 жастан асқан балалардың басым бөлігінің өз гаджеті бар. Алайда бастапқыда бұл құрылғылар білім алу мақсатында пайдаланылғанымен, 13–17 жас аралығындағы жеткіншектер оларды негізінен әлеуметтік желілерге кіру мен интернет көру үшін қолданады.
2024 жылы жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қатысқан ересектердің 72,8%-ы баласының гаджетке тәуелділігі — олардың өздері үшін маңызды мәселе екенін мойындаған. Бұл зерттеуге 3 мың адам қатысқан. Қалған төрттен бірі бұл мәселені аса өзекті деп санамайды. Бірақ ҚҚДИ баяндамасында олардың не себепті бұлай ойлайтыны нақты ашып көрсетілмеген. Мүмкін, олардың балалары тым жас, мүмкін оларда мүлде бала жоқ, не болмаса баланың гаджет пайдалануын толық бақылауда ұстап отырған болар.
Ата-аналардың бақылауы өте төмен
Алайда, ата-аналардың өз баласының онлайн кеңістіктегі белсенділігін шынайы қадағалап отырғаны өте сирек кездеседі. ҚҚДИ мәліметтері бойынша, тек 15% респондент қана смартфон, планшет немесе компьютерге ата-ана бақылауын (parental control) орнатқан.
Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық та мардымсыз — тиісінше 15,4% және 14,8%. Тағы үштен бірі мұндай бақылау құралдары туралы хабардар болса да, оларды қолданбайды. Ең сорақысы — қалалықтардың 38,7%-ы, ал ауыл тұрғындарының 35,8%-ы ондай бағдарламалардың барын мүлде білмейді екен.
Өңірлердегі айырмашылық үлкен
Бақылау деңгейі аймақтан аймаққа қатты өзгереді. Мәселен, Ұлытау облысында ата-аналардың 64,7%-ы арнайы бағдарламаларды қолданса, Шымкентте бұл көрсеткіш — бар болғаны 6,7%. Шымкент тұрғындарының 87%-ы мұндай бағдарламалар жайлы не естімеген, не естісе де, мүлде қолданбайды. Бұл үрдіс Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстарында да байқалады.
Неліктен бақылау қажет?
Ата-аналар гаджеттерді бақылаудың басты себебін былай түсіндіреді:
1. Бала зиянды немесе жасына сай емес контентке тап болмасын деп;
2. Бала қайда жүргенін бақылау үшін — яғни геолокацияны бақылауға мүмкіндік алу үшін.
Дегенмен, бақылауға бәрі бірдей оң қарамайды. Зерттеуде көрсетілгендей, ерлер мен әйелдердің 10,3%-ы ата-ана бақылауын баланың жеке кеңістігіне қол сұғу деп есептейді.
Мамандар не дейді?
Халықаралық электр байланысы одағының мамандары ата-аналар мен мұғалімдерге арналған нұсқаулықта нақты ұсыныстар береді:
5–7 жас аралығындағы балалардың интернетке өз бетімен шығуына мүлде жол берілмеуі тиіс;
8–10 жас аралығындағы балаларға чаттар мен әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салынып, ата-ана бақылауы міндетті түрде орнатылуы қажет;
11 жастан жоғары балалардың интернет қолдануын ата-ана толығымен бақылап отыруы қажет — браузер тарихын тексеру, жазбаларды қадағалау, барлық құрылғыны бақылауға алу маңызды.
Ал жасөспірімдермен ата-ана ашық әңгіме құрып, интернеттегі қауіп-қатерлер, бөгде адамдармен сөйлесу, жеке деректерді тарату секілді мәселелерді алдын ала талқылауы тиіс. Сонымен бірге, баланың онлайн сатып алулары мен жеке мәліметтерінің қауіпсіздігі де — ата-ананың назарында болуы шарт.