сейсенбі, 24 желтоқсан, 2024 4:29

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы артып келеді

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы артып келеді
ашық дереккөзі
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы артып келеді

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті. Алқалы басқосуда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы көрсеткіштерінің орындалуы барысы талқыланды.

Жиында облыс әкімі Бердібек Машбекұлы өткен жылы өңірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмалары толығымен орындалғанын тілге тиек етіп, мемлекеттік бағдарламалар өз дәрежесінде іске асырылғанын жеткізді. Сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы 2,2 пайызға өскенін мәлім етті. Расында, өткен жыл қай салаға болмасын оңайға тиген жоқ. Соған қарамастан аймақта аз тірлік атқарылмады. Облыс басшыларының ендігі міндеті өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын төмендетпеу. Сол арқылы халықтың жағдайы жақсара беретіні сөзсіз.

– Биыл өткен жылға қарағанда қиынға соқпаса, одан жақсы болмайды. Себебі індет күшеймесе беті қайтатын түрі жоқ. Бұл өз кезегінде экономикалық және саяси дағдарысты күшейтуі әбден мүмкін. Сол секілді біздің өңірдің де экономикалық дамуына септігін тигізбей қоймайды. Сондықтан қазірден жұмысты күшейтуіміз қажет. Алдымен экономиканы одан әрі дамытуды қолға алып, инвестиция тартуды тоқтатпауымыз керек, – деді Б.Сапарбаев.

Мұнан соң облыс әкімдеерінің орынбасарлары облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарының есебін берді. Сондай-ақ олар өз салалары бойынша жіберілген кемшіліктерді алға тартып, ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар жұмыс барысында жіберген олқылықтары үшін бірқатар қала, аудан басшыларына сын айтылды. Бұдан өзге құрылыс саласы бойынша мердігер компаниялардың атқарып жатқан жұмыстарына шикіліктердің көп екендігі сөз болды. Себебі бір мердігер бірнеше жобаны жауапкершілігіне алып, істің соңы сиыр құйымшақтанып кетіп жатыр.

Басқосуда сонымен қатар басты деген денсаулық және білім саласындағы кемшіліктер де көтерілді. Атап айтқанда, қаншама күш-жігер, қаражат жұмсалғанымен, денсаулық саласында жергілікті жерлердегі жұмыс әлі де ақсап тұр. Өткен жылы пандемия басталғаннан бастап жалпы облыста КВИ жұқтырғандардың 5361 жағдайы тіркелген. Бұған себеп тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтамауы екен. Сондықтан аудан әкімдері бұл бағытта жұмысты әлі де күшейтуі қажет-ақ. Аталмыш салада тағы бір өзекті мәселенің бірі – ауруханалардағы қызмет көрсету сапасының төмендігі. Олай дейтініміз, өткен жылы облыс әкімдігіне ресми түрде медициналық мекемелердің жұмысына қатысты 227 арыз-шағым түсіпті. Ал білім саласы бойынша былтыр ҰБТ-дағы орташа балл 70,2-ні құрапты. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 20 баллға төмен екен. Осыған қарап білім саласының басшылары өздеріне тиесілі міндетке асқан жауапкершілікпен қарауы керек.

Кеңейтілген әкімдік мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жыл өңір үшін табысты жыл болғанын атап өтіп, басталған жұмысты нәтижелі жалғастыру қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар ел үшін маңызды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы жоғары деңгейде ұйымдастырылатынын мәлімдеді.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар