Рухани жаңғыру ұлттық жаңғыруға ұласуы қажет
Алматыдағы Достық үйінде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауын талқылады.
Ел Президенті Жолдауда белгілеген басым бағыттарға тоқталып, «ұлттың жаңа болмысына» қатысты жан-жақты пікір алмасуды ұсынған Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев мәдениет пен ғылым саласы өкілдері алдына үлкен ой тастады.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауда «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру екенін атап өтіп, ұлтымыздың жаңа сапаға көшуі үшін күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керектігін, қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс екенін айтты. Олар «Рухани жаңғыру» бағдарламасына жаңа тыныс, жаңа өзгерістер әкелуі керек деп ойлаймыз. Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғанын, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажеттігін, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыруды, сондай-ақ темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керектігін алға міндет етіп қойды. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз», деп атап өтті Қ.Көшербаев.
Мемлекеттік хатшы атап өткендей, «Ендігі жерде, осы міндеттерді лайықты орындап, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға қалтқысыз қызмет ету сіз бен біздің өскелең ұрпақ алдындағы асыл парызымыз деп білемін. Сарапшылардың пікірінше, халық саны 19 миллионға, ал, мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың үлесі кемінде 78 пайызға жетеді деп күтілуде. Бұйыртса, айналасы отыз жылдың ішінде қазақтардың ел халқындағы үлес салмағы 1991 жылғы 39 пайыздан екі есеге артқалы отыр. Осы орайда ұлтаралық келісімді сақтай отырып, тіл және басқа да ұлттық мәселелерді қоғамда айқынырақ айтуға негіз бар. Қазақта «Тексіздік – тілсіздіктен басталады» деген сөз бар. Дәстүрі берік, тағылымды тарихы таңбаланған халық жат құндылықтардың жетегінде кетпейді. Бұл бағытта Елбасының бастамасымен латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің дамуына жасалған жаңа бетбұрыс. Жаңа әліпби қазақ тілінің ХХІ ғасырдағы ақпараттық технологиялар тіліне айналуына жол ашады. Яғни қазақ тілінің жаңа дәуірі басталады!».
«Ұлт және Абай туралы» тереңнен ой толғай отырып, «Осынау мәртебелі міндет жолында ұлы ақын мұрасына сүйеніп әрекет жасасақ, берекет табатынымыз анық. Абайдан асқан ақылшы жоқ. Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек «толық адамның» толыққанды қоғамы» деген Қ.Көшербаев осы орайда зиялы қауымның қай кезеңде де жауапкершілігі мен халықты береке-бірлікке шақырудағы міндетіне тоқталды. Ал қазақ зиялылары – ұлттың ұлы мақсатына адастырмай апаратын темірқазығы бола білуі керек. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауында ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзі дұрыс келтірілген. Бұл көзқарас бүгінде өте маңызды. Сондықтан Мемлекет басшысы 6 ұстанымды ерекше атап өтті. Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының басты шарты. Әділеттілік, әсіресе ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Жан тазалығын танытатын бұл қасиеттер қоғамға да, адамға да қажет. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, интеллектуалды ұлт қалыптастыра аламыз. Президентіміз айтқандай, біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек. Мемлекеттік хатшы осы орайда «Елбасы Н.Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тың тынысы ашылады деуге әбден болады. Жаһандық дағдарысты жеңіл еңсеру үшін халықтың санасын, өмір-салты мен ұстанымдарын трансформациялауымыз керек. Бұл тұрғыда бағдарламаның жаңа жобалары қажет».
Дүниежүзілік пандемия тұсында және одан кейінгі кезеңде ғұрыптық рәсімдерді заңмен реттеу шаралары бойынша зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері, осы саламен айналысатын заңгерлерден құралған жұмыс тобын құруды ұсынған Мемлекеттік хатшы көрші елдердің тәжірибесін зерттеп, халықтың ой-пікірін зерделеп, қажет болған жағдайда тиісті нормативтік-құқықтық актінің жобасын әзірлеу қажеттілігін алға тартты. Сондай-ақ отбасы мәселесіне де ерекше назар аударды. Жаһандану заманында ұлт ретінде сақталып қалу үшін отбасыдағы ұрпақ тәрбиесінің мәні зор екендігіне тоқталды. Осыған орай Білім және ғылым министрлігінің орта мектептерде отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиеге бағытталған арнайы пән енгізу бойынша ұсыныстар енгізетін кезі келді. Белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері ата-аналар министрлікпен бірлесіп «Отбасы – орта мектеп» атты жастарға тәрбие берудің жалпыхалықтық әдістемесін әзірлеуі қажет. Еңбек мұратымен қатар алға жылжуда денсаулық мұраты да кемелді. Бұл бағытта Қытайдың денсаулық сақтау бағытындағы іс-қимыл амалдарынан үйренуді алға тарта отырып, білім мұратына жетуде елімізде кітап культін жасау ісі маңызды. Бүгінде әлемнің озық елдерінде кітап оқу мемлекеттік деңгейдегі мәртебелі міндет. Сондықтан жастардың бойына еңбек, денсаулық, білім мұраттарын сіңіру, халықтың еңбекке деген құлшынысын арттыру, салауатты өмір салтын ұстану, кітап оқуға ынталандырудың қазіргі заманғы тәсілдері мен технологияларын қалыптастыру бойынша ұсыныстар енгізулеріңізді сұраймыз. Сонымен қатар жинақталған ұсыныстарды нақты жүзеге асыру бағытында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысының күн тәртібіне, баяндамасына және хаттамасының жобасына енгіземіз. Ел дамуына қатысты кез келген ұтымды ұсыныс пен орнықты ой жерде қалмайды, рухани жаңғыру ұлттық жаңғыруға ұласуы қажет, – деп атап өтті Қ.Көшербаев.
Зиялы қауым алдында сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ел ахуалына егжей-тегжейлі талдау жасаған дәстүрлі Жолдау ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға өзгеше сипат, зор серпін беретінін атап өтті. Б.Сағынтаевтың айтуынша, «Бұл экономиканы ынталандыруға арналған ауқымды пакет. Жаңа сын-қатерлерге орай мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру. Әлеуметтік рухани бағдар алу. Мемлекет басшысы тұжырымдағандай, «Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады». Алматының зиялылары қазіргі кезеңде рухани дамудың жаңа парадигмасын қалыптастыру бойынша өте ұқыпты әрі елеулі жұмысты қалай дұрыс құру туралы өз пайымдауларымен бөлісетініне сенімдімін. Ұлттың жаңа болмысын бедерлейтін, бекзаттығын арттыратын ол адалдық, тазалық. Еңбек еткен адам ғана қоғамға пайдасын тигізіп қана қоймай, ақылды ұлтты қалыптастыруға аз да болса өз үлесін қосары анық. Президент аманаттаған міндеттер қалада сөзсіз орындалатын болады. Оған біздің әлеуетіміз жеткілікті».
Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға орай тұщымды ойларын ортаға салған ғалымдар, қаламгерлер мен ұстаздар қауымы бұл бағытта әрбір Қазақстан азаматының жауапкершілігі тұрғысында ой бөлісті. Күні бүгінге дейін қоғамда шешуін таппай келе жатқан түйткілді мәселелер баршылық. Осы орайда экономика ғылымдарының докторы, академик О.Сәбден «осы кезге дейін қазба байлығымызға иек артып келсек, енді интеллектуалды еңбекке мән беретін кез келді», деді. Ғалымның айтуынша, бүгінде дамыған елдердің өзі дағдарыста. Алайда алдыңғы қатарлы мемлекеттер табысының 75 пайыздан астамы интеллектуалды еңбекпен байланысты. Президент алдағы міндеттерді халықпен бірге іске асыруды мақсат етеді. Ол үшін әрбір азаматтың ынтасы, күш-жігері, санасы өзгеруі қажет. Ал экономиканың тірегі ұлттық идеология» дей келе, рухани тарихы Шығыстан бастау алатын қазақ қоғамы жасанды интеллект, ІТ технологиялар сияқты жаңа заман міндеттеген талаптармен бетпе-бет келіп отыр. Алда сана ғасыры. Осы орайда ғалымдарды қолдау мәселесін көтере келе О.Сәбден жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңның қабылдануы, Ұлттық қоғамдық ғылымдар академиясын құру мен еліміздегі қоғамдық институттардың интеграциялық мәселелермен айналысуына қатысты ойларын ортаға салды.
Ал өз кезегінде қаламгер С.Елубай «Ендігі даму адами фактордың жоғары деңгейімен байланысты. Жолдауда ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл бөлінгені қуантады, өйткені ауылсыз қазақ халқын елестетуге болмайды» деген пікірімен бөліссе, мәдениеттанушы М.Әуезов «Халықтың жаңа бірегейлігін қалыптастыру жөнінде тарихи міндет тұр. Халықтың ғасырлық кемеңгерлігінің үздіктерін алып, алға нық қадам басып, экономикалық, саяси, рухани және мәдени тұрғыда дамитын боламыз», деп атап өтті. Халық денсаулығын жақсартуда ұлттық тағамдардың пайдасы тұрғысында сөз қозғаған академик Т.Шарманов табиғи өнімдер өндірісіне тоқталды. Ал Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик М.Жұрыновтың айтуынша, отандық ғылым саласында әлі күнге шешімін таппай келе жатқан мәселелер жеткілікті. Ел дамуы жолындағы игі істі атқару үшін билікке талапты адамдар келу керек, ал экономика әртараптанбай даму болмайтынына тоқталды. Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Р.Алшанов жоғары оқу орындарындағы студенттер мәселесін, кітап оқу мен сапалы білімге жетудегі ойларын ортаға салды. Еліміздегі экономикалық тұрақтылықты келелі білім, отбасы тәрбиесімен ұштастыру қажеттігін алға тартқан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры К.Матыжанов «Отбасы тәрбиесін дамытуға бағытталған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек. Бұл жалпы, тәрбие ісіне, отбасына, ата-аналарға жасалған үлкен мемлекеттік қамқорлық», деген ой тастады. «Жолдауда шикізат саласындағы кәсіпорындар табысының бір пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы айтылды. Алайда бұған қатысты заңнаманың шыққанына жеті жыл болды, бірақ талаптары әлі күнге іске аспай келеді. Бүгінде еліміздегі жеке бизнес өкілдерінің ғылымды дамытуға қосып отырған үлесі небары 20 пайыз. Ал әлемнің дамыған елдерінде бұл көрсеткіш 70-80 пайызды құрайды», деп атап өтті Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры А.Бижанов. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұ.Есдәулеттің руханиятты дамыту, ұлттық әдебиетті көтеру мәселесіндегі тұщымды ойлары, қоғам қайраткерлері А.Миразова, Д.Исабеков, С.Досанов, Н.Нүсіпжанов А.Әшімов, Е.Хасанғалиев, т.б. шығармашыл қауым дағдарысты жеңу мен халықтың жаңа бірегейлігін, өскелең ұрпақтың бойында мәдени рухты қалыптастыруға байланысты айтқан пікірлері де қоғам назарында тұрған келелі мәселе.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала