жұма, 27 желтоқсан, 2024 7:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Өзгеріс жолы: баршаға лайықты өмір»

«Өзгеріс жолы: баршаға лайықты өмір»
ашық дереккөзі
«Өзгеріс жолы: баршаға лайықты өмір»

Нұр-Сұлтан қаласында Елбасы – «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс ХХ съезі өтті. Алқалы жиынға өзге өңірлермен қатар біздің облыстан сайланған 25 делегат Тараздан онлайн режимде қатысты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті мерейтойлық съезде сөйлеген сөзінде «Nur Otan» партиясы еліміздегі ең басты саяси күш екенін атап өтті. Сондай-ақ партия Төрағасы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне тоқталды. – 30 жыл ішінде Қазақстан айтарлықтай әлеуметтік және экономикалық жетістіктерге жетті. Бұған ең алдымен нарықтық экономикаға көшудің және елді жаңғыртуға бағытталған түбегейлі реформаларды жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткіздік. Нарықтық реформалар, индустрияландыру және шетелден келген инвестиция өнімділікті арттыруға қозғаушы күш болды. Сондай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қоғамның әлеуметтік бөлінісін азайтуға мүмкіндік берді. Экономикалық өсім жоғары болған кезеңде құрылған Ұлттық қор қаржы саласындағы «қауіпсіздік қалқанымызға» айналды. Біз 1400 жаңа аурухана мен емхана, 1800 мектеп және 900 балабақша салу арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарттық. «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарын басшылыққа алып отырмыз, – деді Елбасы. Өз кезегінде съезд жұмысына қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қазына қаржысын мақсатты жұмсау мәселесін көтерді.

– Мемлекет атаулы көмекті шын мәнінде мұқтаж адамдарға беруі керек. Ең бастысы – әлеуметтік әділдік. Сол себепті мұқтаж жандарға қамқорлық жасауға баса мән беріледі. Әлеуметтік саясатты жүргізгенде қиындыққа тап болған азаматтарға атаулы көмек көрсету шаралары күшейтіледі. Алдағы 5 жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеу үшін 3 триллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Ортақ зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстеледі. Біз мұны инфляция деңгейіне 2 пайыз қосып жүзеге асыруды ұсынып отырмыз, – деді Мемлекет басшысы. Съезде партияның «Өзгеріс жолы: баршаға лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасы жарияланды. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының жалғасы. Партия бағдарламасының жобасында нақты қаржымен бекітілген 258 шара бар. Оның бастапқы жобасына Мемлекет басшысының 2020 жылғы Жолдауының 55 тапсырмасы қосымша енгізілген. Сондай-ақ партия 216 нақты жобадан тұратын өңірлік сайлауалды бағдарламаларын да әзірледі. Мұнда праймериз барысында халықпен бірге кеңінен талқыланған 17,5 мың ұсыныс пен талап-тілек басшылыққа алынған. Сондай-ақ жиынның күн тәртібіне сай «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX съезінде партиялық тізіммен Мәжіліс депутаттығына кандидаттар бекітілді. Партиялық тізім 126 кандидаттан тұрады. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды. Бұл тізімде Мойынқұм ауданының әкімі, партия аудандық филиалының төрағасы Мәден Мұсаев, «Жамбыл облысының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген, «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова, облыстық қан орталығының директоры Гулам Омаров және Байзақ ауданы Диқан тірек мектебінің директоры Сұлтан Өсербаев сынды жамбылдықтар да бар.

  Шынболат КҮЗЕКБАЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар