бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 16:46

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Батырлар елінде бас бармақпен бағалайтын тірлік көп

Батырлар елінде бас бармақпен бағалайтын тірлік көп
ашық дереккөзі
Батырлар елінде бас бармақпен бағалайтын тірлік көп

Облыстың өзге аудандарымен салыстырғанда табиғаты қатал Жуалы өңірінде биыл да қыстың лебі ерте сезілді. Қарашадан бастап наурызға дейін қалың қар құрсауында болатын өңірде салалық мемлекеттік бағдарла­ма­лар өз деңгейінде жүзеге асырылып, шарапатын аудан тұрғындары бір кісідей сезініп жатыр. Бұған біз аталмыш ауданға облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік.

Батырларымен даңқы шыққан, кейіннен спорт саңлақтары мәртебесін биіктеткен аудандағы сапарымыз аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің №12 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенінен басталды. Осыдан 5 жыл бұрын пайдалануға берілген нысанда 1839 оқушы спорттың 8 түрі бойынша шеберлігін шыңдайды. – Бұл залда Жуалы жұртының мақтанышы Әбілхан Аманқұл жаттыққан. Ол бокстан 75 келі салмақта Токио Олимпиадасы лицензиясының иегері. Өзінің танымал спортшыларын мақтан ететін жуалылықтардың спортқа деген ықыласы ерекше. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 32 пайызы тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысады. Дәл осы спорт кешені кешкі сағат 19:00-22:00-ге дейін аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді, – дейді аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов. Осындағы жаттықтырушылардан тәлім алып, үлкен спорттағы алғашқы қадамын сәтті басқан жас дзюдошы Шапағат Дәулеттің де болашағы зор үміт күттіреді. Еліміздің көк байрағын көкке көтеріп, Әнұранын жеңіс тұғырында тұрып шырқаған Бақтияр Артаев, Әбілхан Аманқұл сынды ағаларына еліктеп өскен Шапағат қазірдің өзінде Еуропа мен Азия біріншіліктерінен олжа салып үлгерген. Жуалының атын даңқты ұландарымен бірге жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері де алысқа танытуда. Әсіресе Жуалының ірімшігіне отандық нарықта сұраныс жоғары. Өз кезегінде сала мамандары мұны таулы аймақтағы сиыр сүтіндегі ақуыздың мол болуымен байланыстырады. Осы бір табиғи ерекшелік пен «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдараламасының мүмкіндіктерін өз кәсіптерін ілгерілетуде пайдаланған «Мешелова» жеке кәсіпкерлігі бүгінде аудандағы іргелі өндіріс орнына айналған. – Біз алғашында кәсібімізді шағын цехтан бастадық. Кейіннен аудан әкімдігі өндіріс орнын салу үшін 1,5 гектар жер берді. 2016 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарла­масымен 40 миллион теңге несие алып, шетелдік қондырғылар сатып алдық. Қазір күніне жергілікті шаруа қожалықтарынан 25 тонна сүт қабылдаймыз. Жыл басынан бергі 9 айда 3800 тонна өнім өндірдік. Өндірілетін сүт өнімдерінің 15 түрі республиканың барлық аумағына тарайды. Ресейге экспорттау да ойда болған. Алайда әуелі өз еліміздің сұранысын толық қанағаттандыруға күш салдық, – дейді «Мешелова» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Орынбасар Мешелов. Алдағы уақытта Жуалының өндірістік әлеуеті құс шаруашылығымен де қанатын кеңге жайып, сүт өнімдерімен бірге құс еті де ауданның брендіне айналатын сияқты. Өйткені бұл іске білек сыбанып кіріскен жеке кәсіпкер Зәру Қалмұрзаеваның өзі 1000 қазды күтімге алған. Өзінің ерекше кәсібінің ауқымын кеңейтуде көпбалалы ана нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын кәдеге жаратқан. Аталған бағдарламаның қаржылай қолдау тетігін пайдаланып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы құс шаруашылығын дамыту ішін 3 миллион 800 мың теңге несие алған екен. Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері аудандағы техникалық парктің қысқа дайындығымен де танысты. Аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағының айтуынша, республикалық және жергілікті мәнге ие автомобиль жолдарын қысқы маусымда күтіп-ұстауға жауапты мекемелердің техникалық паркі 40 пайызға жаңарған. Сондай-ақ жолдарға себу үшін 500 тонна құм мен 200 тонна тұз да дайындалған. Келер сәтте журналистер жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында Жүрімбай, Ақбастау, Теріс ауылдарын ауызсумен қамту ғимара­тында болды. Енді бірер күнде пайда­лануға берілетін су ғимараты тек Жүрімбай ауылының өзінде 87 аулаға таза тіршілік нәрін жеткізбек. – Бүгінде аудандағы 49 елді мекеннің 16-да ауызсу жүйесі бар. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы арқылы биыл 9 ауылға су жеткізіледі. Осылайша өңірдегі елді мекендердің 51 пайызы ауызсумен қамтылады, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейтбеков. Ауызсумен бірге табиғи газ да биыл жуалылықтардың көз қуанышына айналғалы тұр. Бүгінде аудандағы 30 елді мекен көгілдір отынмен қамтылған болса, жыл соңына дейін олардың қатарына тағы 8 ауыл қосылатын болады. Алғашында өтпелі нысан деп танылған елді мекендерді газдандыру жобасы келер жылы іске қосылуы керек болған. Алайда облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы мен аудан әкімдігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде газ құбырын тарту жұмыстары екіге бөлініп, оның алғашқы бөлігіне жататын 7 ауылдағы 870 отбасы биыл көгілдір отынның қосылу мүмкіндігіне ие болды. Тоғыз жолдың торабындағы Нұрлыкент ауылында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 180 орындық жаңа мәдениет үйі салынуда. Нысанның мердігері «Нұрбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауа райының қолайсыздығына қарамастан құрылыс жұмыстарын тоқтатпаған. – Ғимараттың қабырғалары қаланып, бетон жабындысы төселіп қойды. Сейсмикалық белдеуін құйған соң шатырын жабамыз. Құрылыс жұмыстарына тек қана жергілікті тұрғындар тартылған. Нысанды келер жылдың сәуір айында тапсыруды жоспарлап отырмыз, – дейді серіктестік директорының орынбасары Қаныш Сергулы. Аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов казіргі таңда өңірдегі 21 елді мекенде мәдениет үйі бар екенін айтады. Келер жылы мұндай нысан Қайрат ауылынан бой көтермек. Дәл осы Нұрлыкент округіндегі «Злиха» шаруа қожалығы картоп өндірісімен облысқа танымал. Агроқұрылым картопты өсіріп, оны сатып ғана қоймай қоймада сақтап, көктем айларында «екінші нанның» бағасын тұрақтандырудың қамын да мұқият ойластырған. Қожалыққа қарасты қоймалардың бірінде бүгінде 750 тонна картоп сақтаулы тұр. Жуалы ауданындағы баспасөз туры Ақтөбе ауылдық округіндегі «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының жүзеге асырылу барысымен танысумен түйінделді. Жоба қатысушылары «Атамекен бастау» ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігіп, өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асыруды бастап та кеткен. Олардың қатарында жалғызбасты әке Қуат Сапарбеков те бар. Шаруа жоба арқылы 3 миллион теңге несие алып, 8 жылқы сатып алған. Осылайша атакәсіптен нәсібін айырып отырған отағасы адал еңбекпен 5 баласын ел қатарына қосуды мақсат тұтады.

  Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Жуалы ауданы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар