дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 2:14

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылдық әкімдер жергілікті жұртшылықпен жүздесуде

Жамбылдық әкімдер жергілікті жұртшылықпен жүздесуде
ашық дереккөзі
Жамбылдық әкімдер жергілікті жұртшылықпен жүздесуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Ауылдың әлеуетін толық пайдалану – стратегиялық маңызы бар мәселе. Ауылдағы мейлінше өзекті мәселелерді шешуге арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатын болады», деген болатын. Сондай-ақ Президент Жолдауда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру қолға алынғанын, бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог екенін айтқан еді. Осы орайда, Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен Тараз қаласының және облыстағы барлық ауданның әкімдері көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіп, жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Көптің көкейіндегі мәселелерін тыңдап, оны шешу жолдарын қарастырды.  
Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қара­балаев облыс орталығындағы «Дос­нар»­ сауда орталығында, Ф.Қып­шақ­баев көшесінің бойындағы «Кор­вет» сауда үйінде, «Шөлдала» тұрғын алқа­бындағы №55 орта мектепте, Б.Момыш­ұлы көшесінің бойындағы «Asem-Ai» сауда үйінде және «Салтанат» шағын ауданындағы №2 қалалық емхана аумақ­тарында тараздық тұрғындармен кездесті. Көпшілік әсіресе тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық, жер кезегі мен баспана мәсе­лесіне қатысты мәселелерді көтерді. Соны­мен қатар аулалардағы қу­­ра­ған теректерді қырқу, балалар ойын алаңдарын салу және жарық­тандыру, көшелерге асфальт төсеу және жөндеу, мектеп тарапынан балаларды компьютермен қамтамасыз ету мәселелері айтылды. Қала әкімі тұрғындарға барлық мәселенің кезегімен шешілетінін жеткізді. Жалпы, қоғамдық қабылдау өткен бес күн ішінде Тараз тұрғындарынан 200-ге жуық арыз-шағым мен өтініш түскен. Бәрі де әкімдікке қарасты жауапты меке­мелердің тарапынан бақылауға алынды. Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов Түркістан ауылдық округінің орталығы Әшір Бүркітбаев ауылында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Тұрғындар негізінен әкімге көше жарығы, жайылымдық жер конкурсы және кәсіпкерлік мақсатта несие алу бойынша сұрақтар қойды. Мәселен, ауыл тұрғыны Ілеспек Айтжанов Үшбас ауылына сырттан қатынап жұмыс істейтін жас мамандарға екі пәтерлі үй қажет екенін жеткізді. Бұл орайда Б.Жақсылықов кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп жатқанын, бұл мәселе шешімін табатынын айтты. Ал Өсербай Дәндібаевтың Арыстанды ауылындағы Әмит Асанов көшесінің жарығының жиі сөніп қалатыны, соны ауыстыру керектігі туралы сұрағына аудан әкімі оның жобалық-сметалық құжаттарының әзірленгенін, алдағы уақытта бюджеттік комиссиядан қолдау тапса, орындалатынын айтып, жауап берді. Қоғамдық қабылдауда жалпы 12 адам сұрақ қойып, тиісті жауаптарын алды. Талас ауданының әкімі Бақыт Қазан­басов Қасқабұлақ және Майтөбе ауыл­дарына барып, жергілікті халықпен жүздесті. Ауыл тұрғындары негізінен әлеуметтік жәрдемақы, интернет желісі, жер, көшелерді жөндеу және газ тарту бойынша мәселе көтерді. Майтөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Сатыбалдиев ауыл көшелерін асфальттау керектігін айтса, Айтбек Қуатбеков А.Дәулетбеков атындағы ор­­та мектепке жөндеу жұмыстарын жүр­­гізу керектігін жеткізді. Қоғамдық қабыл­­дауға барлығы 55 адам қатысып, сұрақ қойды. Қабылдауда айтылған ауыл тұрғындарының мәселелеріне орай Б.Қа­зан­басов әкімдікке қарасты бөлім бас­шы­ларына тапсырма берді. Аталған қоғам­дық қабылдау бұдан кейін Көктал, Есей­хан, Тамды ауылдарында жалғасын тапты. Қоғамдық көшпелі қабылдау Жуалы ауданында да өтіп, аудан әкімі Нарбай Ергебеков бірқатар ауыл тұрғындарымен кездесті. Қызыларық ауылының тұрғын­дары аудан әкіміне сұрақтар қойып, жауап алды. Сондай-ақ Сұрым ауылы, Сарым­сақсай көшесінің тұрғыны Боранбек Керім­баев ауыл көшелеріне ауыз су тарту қажеттігін айтты. Ауыл тұрғынының сұра­ғына Н.Ергебеков биыл мемлекет қазынасынан қыруар қаражат бөлініп, ауданға қарасты 15 ауылға ауыз су құбырлары тартылып жатқанын жеткізді. Бұл жұмыстардың бірқатары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының негізінде жүзеге асырылып жатыр екен. Оның ішінде Қызыларық ауыл­дық округінен Теріс-Ащыбұлақ және Алатау ауылдары бар. Ал, Сұрым ауылын да таза ауыз сумен қамту мәселесі аудан әкімдігінің жоспарында тұр. Қоғамдық көш­пелі қабылдау барысында округтегі бір­қатар шаруа қожалығының басшылары егістік жерлерді пайдаланудағы кемшіліктер мен жұмыс барысында туындаған басқа да мәсе­лелерді жеткізді. Ал аудан әкімі Н.Ергебеков көптеген сұрақтың тиісті әкімдік бөлімдерінің тарапынан бақылауға алынатындығын айтты. Кестеге сәйкес, мұндай қоғамдық қабылдау Би­лікөл, Жетітөбе, Күреңбел ауылдық округ­­терінде де өтті. Мұнда да тұрғындар негі­зінен ауылға газ құбырын тарту, ауыз­су және қайтарымсыз грант алу мә­селелерін көтерді. Қабылдауда айтылған мәселелер бойынша Н.Ергебеков тиісті бөлімдерінің тарапынан жауап берілетіндігін жеткізді. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­да­масын жүзеге асыру бойынша Жам­был ауданының әкімі Сәкен Арубаев Қара­кемер, Тастөбе, Ащыбұлақ және басқа да ауылдарда болды. Көшпелі қоғамдық қабылдау барысында ауданның құрметті ардагері Ошақбай Ыбырайымов облыстық маңызы бар «Тараз-Ақкөл-Саудакент» бағытындағы трассаға жол белгілерін орнату, Қаракемер ауылындағы мектеп пен мешітке газ құбырын тарту керек­тігін айтты. Ауыл тұрғыны Нұржан Қа­зақ­­баев та көгілдір отынның қашан бері­­летінін сұрады. Сонымен қатар Дінахмет Өтемғалиев еңсе көтеріп келе жат­­қан ауылдық клуб түрлі үйірмелермен толықса деген ойын жеткізсе, Досхожа Тоқбергенов, Тұрдалы Туғанбаев кәсіп­керлік нысан ашу, жер телімдерін рәсімдеу, агрохолдинг құрылымының жайы туралы айтты. Ал Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Тұрғынбек Оңғарбаев Шайдана ауылындағы Абай көшесін жарық­тандыру керектігін жеткізді. Сондай-ақ Сәли Тубаев, Әлиомар Есенаманов, Қуаныш Жүржаевтар Жамбыл, Қапал көшелеріндегі электр бағаналарының әбден тозған мәселесін көтерді. Тұрғын­дардың мәселесін тыңдаған Жамбыл ауданының әкімі С.Арубаев барлық мәселенің тиісті мекемелер арқылы шеші­мін табатынын жеткізді. Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет ауданның бірқатар ауылдарында болып, тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерге назар аударды. Мәселен, Қаракемер ауылының тұрғыны, дәрігер Ақмарал Тоққожаева жас мамандарға қашан пәтер берілетінін сұрады. Бұл орайда Р.Дәулет биыл Қаракемер ауылынан 20 пәтерлі 10 үй салынып жатқанын, олардың ауылға жұмыс істеуге келген жас мамандарға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетінін жеткізді. Ал Шәлен Иманбаев күн батареяларын орнату бо­йын­ша жеке кәсібін ашқысы келетінін айтып, әкімнен тиісті жауабын алды. Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұр­жігітов Бурыл ауылының тұрғындарымен кездесті. Әкімнің айтуынша, халықты тол­ғандырған басты мәселе – ауыз су болып отыр. Кездесуге мердігер компания, техникалық қадағалау өкілдері мен жоба авторы қатысты. «Өздеріңіз білетіндей, биыл Бурыл елді мекенінде ауыз ­су құбыры жүргізілуде. Тұрғындар жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен кейбір көшелердің қалып кеткенін айтып, наразылық білдірді. Ал бірнеше көшеге ауыз су құбыры біраз жыл бұрын жүргізілгенін айтып өтті. Тұрғындардың айтқан сын-ескертпелерін ескере отырып, ауыл ішіндегі белсенді 5 азаматты бақылау комиссиясы ретінде сайлауды ұсындым. Алдағы уақытта ауылдық округ әкімі, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы мен тұрғындардың өздері сайлаған азаматтар осы жұмыстардың барысын бақылайтын болады», дейді Н.Нұржігітов. Шу ауданының бірқатар ауылында да қоғамдық көшпелі қабылдау өтті. Оған аудан әкімі Нұржан Календеров пен тиісті сала басшылары қатысты. Балуан Шолақ ауылының тұрғындары негізінен әлеуметтік көмек, жұмысқа орналасу, денсаулық сақтау, жол саласына қатысты сұрақтар қойды. Мәселен, ауыл тұрғыны Зейнекүл Зәуірбекова ауылдағы мәдениет үйінің жарамсыздығын айтып, әкімнен оны қалпына келтіруге көмектесуін сұрады. Нұржан Календеров өз сөзінде аталған мәдениет үйін қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындауға жергілікті бюджеттен 2 млн теңге қаржы қарастырылып, құжаттарының дайындалып жатқанын айтты. Ал ауыл тұрғыны Нұржамал Үсенбаева медициналық жедел жәрдем көлігін жаңартып беруді сұрады. Әкім бүгінде аудандық орталық ауруханаға тиесілі 31 жедел жәрдем көлігі бар екенін, тағы 6 көлікке облысқа тапсырыс беріп отырғанын жеткізді. Егер жаңа көліктер келген жағдайда мәсе­ленің шешілетінін айтты. Сонымен қатар, Балуан Шолақ ауылына келесі жылы газ тартылатын болды. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар ауылдағы электр бағаналарының ескіргендігін, интернет желісінің нашарлығын жеткізді. Бұл ретте аудан әкімі Нұржан Календеров «Бүгінгі таңда жалғыз бір ауыл емес, аудандағы біраз ауылдың бағаналары ескірген. Аталған мәселені шешу үшін келесі жылы үлкен жоба жасап, бағаналарды жаңарту жұмыстарын қолға алатын боламыз», дей келе, интернет мәселесін шешу үшін де «Қазақтелеком» мекемесімен келісім жасалып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар Балуан Шолақ ауылымен бірге Далақайнар, Шоқпар ауылдарына да интернет желісі тартылатын болады. Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұлов Көгершін ауылының тұрғын­дарымен кездесті. Ауыл тұрғындары әкімге ауыл көшесін жөндеу, көшелерді жарық­­тандыру, ауыз су кіргізу, интернетке қол­жетімділік, несие алу, жер алу сияқ­ты өзекті мәселелерді жеткізді. Аудан әкімі жергілікті жұртшылықтың мәселесін ше­шу үшін тиісті сала басшыларына тапсыр­ма берді. Ерболат Садырқұлов көптің көкейіндегі мәселелердің басшылыққа алынып, алдағы уақыттарда оң шешімін табатындығын жеткізді. Бұдан кейін көш­пелі қоғамдық қабылдау Т.Рысқұлов ауда­ны­ның бірқатар ауылында жал­ғас­ты. Көшпелі қоғамдық қабылдау Меркі ауданының Ақарал ауылдық округінде өтіп, Жаңатоған ауылдық округінде жалғасын тапты. Қоғамдық қабылдауға аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков қатысып, тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Ақарал ауылында өткен кездесуде әкім 12 сұраққа жауап беріп, 2 сауал бақылауға алынды. Сондай-ақ ауданның ауылдарына қатысты өзекті мәселелер шешімін табатын болды. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес Тараз қаласының және 10 ауданның әкімдері жергілікті жұртшылықпен жүздесті. Әкімдер әлеуметтің мәселесіне құлақ асып, мәселелерінің оң шешілетінін айтып, уәде берді. Өзекті мәселелер басшы­лыққа алынып, тиісті орындарға жолданатын болды. Жамбыл облысы
  egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар