жексенбі, 22 желтоқсан, 2024 21:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тіршіліктің тұтқасы интернетке тіреліп тұр

Тіршіліктің тұтқасы интернетке тіреліп тұр
ашық дереккөзі
Тіршіліктің тұтқасы интернетке тіреліп тұр
...Бұл артық айтылғандай көрінуі мүмкін. Бірақ пандемияға дейін және пандемиядан кейінгі кезеңді салыстырсақ, сапалы интернеттің маңызы әлденеше есе артқанын көріп отырмыз. Білім беру, денсаулық сақтау сияқты өзекті әлеуметтік салалар да, мемлекеттік басқару да, экономика да – бәрі-бәрі цифрлы құрылғылар арқылы атқарылатын уақыт келді. Қашан толық қамтылады?
Сарапшылар интернеттің су, азық-түлік сияқты сапалы өмір сүрудің көр­­сет­кішіне айналғанын айтады. Тіпті цифр­лы жүйені не­ғұрлым тереңірек меңгерген елдер коронавирустан соғұрлым аз зардап шегетіні де дәлелденді. Пандемия басталғалы интернетке деген сұраныс күрт арт­қанын жоғарыда айттық. Қазақ­станның басты интернет про­вайдері саналатын «Қазақте­леком» АҚ басқарма төр­ағасы Қуанышбек Есекеев: «Коро­навирустың таралуы басталмай тұрып «Қазақтелеком» уақыттың түрлі сынағына дайындала бас­та­ды. Соның нәтижесінде сын са­ғатта сү­рін­бедік деп айта аламын. Бірнеше ай ішінде телекоммуникация саласында үлкен өзгеріс болды. Өздеріңіз байқап жүр­сіздер, қазір адамдардың қарым-қатынасының, ақпарат алма­суының, оқуы және жұмыс істеу, сауда жасауы секілді күнделікті тіршілігінің жаңа моделі қа­лып­тасты. Халық мұның бәрін онлайн жасауға болатынын білді, соған бейімделді. Кәсіпкерлер кеңсе жалдамай-ақ қызметкерінің әлеуетін пайдалануға болатынына көз жеткізді. Бизнесмендер кәсібін онлайн алаңда жүргізудің тиімді тәсілдерін іздей бастады. Тіршіліктің осы жаңа қалпы ка­рантин біткеннен кейін де жо­ғалып кетпейді», дейді. Тіршіліктің жаңа моделі үшін, әри­не, сапалы интернет керек. Ол ел тер­ри­то­рия­сының әр пұш­пағын түгел қамтуға тиіс. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде рес­публика бойынша 4 646 елді мекен, яғни халықтың 97,3 па­­йызы кең жолақты интер­нетке қосылған. 900-ге тарта ауыл ға­ламтор желісінсіз отыр. Бұл – қыр­күйектің басындағы де­рек. Деген­мен министрлік жыл соңына дейін ауыл халқының 99,3 пайы­зы интернетпен қамтыла­тынын айтады. Еліміздің басты интернет про­вайдері «Қазақтелеком» жыл басынан бері 9 мың шақырым талшықты-оптикалық желі тартты, оған 828 ауыл қосылуға тиіс. Акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуын­ша, 828 ауылда 2 мыңға тар­та мем­лекеттік мекеме, атап айт­қанда, әкім­діктер, ауруханалар, мектептер бар. «Қа­зақ­теле­ком­ның» міндеті – осы негізгі меке­ме­лерге байланыс желісін жет­кізу. – Аудан орталықтарының, ауылдық елді мекендердің негізгі бөлігі интернетке қосылды. Жыл соңына дейін барлық ауылды қосамыз, – дейді Қ.Есекеев. Одан кейінгі жұмыс Tele2, Kcell сынды операторлардың үлесінде. Қазірдің өзінде олар ауылдарда базалық станса орнатуға кірісіп кетті.   Жұмыс екі бағытпен жүреді Жалпы, Қазақстан аумағын сапалы интернетпен қамту бағдарламасы екі бағытта жүретінін айта кетейік. «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бірін­ші бағыт – талшықты оптикалық байланыс желісін тарту. Ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш ми­нис­трлігінің және «Қазақтелеком» АҚ-ның қатысуымен, мемлекет-жекемен­шік әріп­тестігі негізінде атқарылуда. 14 жыл­ға жоспарланған жобаның ал­ғаш­қы кезеңінде, 2018-2020 жылдар ара­лығында республика осы ТОБЖ-мен түгел қамтылуға тиіс. 2021-2032 жыл­дар аралығындағы екінші кезеңде «Қа­зақтелеком» тартқан желілерге қызмет көрсетіледі. ТОБЖ бойынша үш жылда 14 514 шақырым желі төселіп, бас-аяғы 2500-ден астам ауыл талшықты-оп­тика­лық байланысты пайдалана бастауы тиіс. «Қазақтелеком» жүзеге асырып жат­қан екінші бағыт – «250+» бағдар­ла­масы ТОБЖ-дан өрбиді. ТОБЖ басқа ұялы байланыс операторларына тартылған желі арқылы стансаларын қойып, жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Яғни ұялы байланыс операторлары «Қазақтелекомның» ізімен жүріп отырып, ауылдарды радиосигнал арқылы интернетке қосады. «250+» жобасына жуырда «Кар-Тел» де қосылғаны белгілі болды. «Қазақтелеком» екінші бағыт туралы бізге: «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобына кіретін ұялы байланыс операторлары стансаларын ТОБЖ тартылған, халық саны 250 адамнан асатын ауылдарда тұрғыза бастады. Жобаны іске асыру нәтижесінде кең жолақты интернеттің қолжетімділігі толық қамтамасыз еті­леді», деп хабарлады. «250+» атауы елді мекен халқына орай таңдалғаны түсінікті. Ал халық саны одан да аз ауылдардың күні не болмақ? Ол үшін ұлттық интернет провайдері «50+» жобасын жүзеге асыратыны белгілі болды. Бұл ел халқының цифрлы әлемде тең мүмкіндікке ие болуына ықпал етуі тиіс.   Сапасы сын көтеруі керек Дамыған елдер 5G технологиясын мең­геріп жатқан тұста интернеттің са­­пасы да ерекше маңызды екені тү­сі­нікті. Өкінішке қарай, биыл көктемде жа­рияланған төтенше жағдай кезінде кей жерлерде байланыс әлсірегені жасырын емес. Бұған қатысты «Қазақтелеком» ком­­паниясының басшысы Қ.Есекеев: «Біз­дің онлайн арналар мен call орта­лықтарға интернет қосуды, байланыстың жаңа түріне ауысуды сұрап хабарласатындар күрт көбейді. Мәселен, тек нау­рыз айының өзінде абоненттік базамыз 25 мың клиентпен толықты. Бұл жерде клиент дегеніміз үй, ал ол үйде бірнеше адам тұрады ғой. Яғни 25 мың клиент жан басына шаққанда шамамен 75 мың – 100 мың адам деген сөз. Бұл дегеніңіз интернет желісіне артылған қосымша жүктеме. Адамдар жұмысты үйден іс­теген, сабақты қашықтан оқыған, сау­даны онлайн жасаған, жиналыс пен кез­десулерді желіде өткізген кезде, одан қалды бар ермегі смартфон болғанда интернетке бұрын-соңды болмаған салмақ түсті. Қазақтелеком компаниялар тобына (Activ/Kcell, Tele2, Altel) түскен салмақ наурыздың басында 5%-ға артты, сәуір айында тағы 20%-ға өсті», дейді. Қысқасы, «Бәрі бір мезетте желіде» феноменінің салдарынан трафик тым қатты ұлғайған. Бұрындары трафик көтерілетін уақыт белгілі еді, ол ұзаққа созылмай төмендейтін. Ал карантинде 24 сағат бойы трафик төмендемей тұрды. Оның үстіне, әр абонент жүктелуі ауыр контентке ауысты, яғни бейнеконтент, фильмдер көре бастады. Үйге тартылған 1 желіден бір мезетте теледидар, планшет, компьютер, телефон арқылы кино, бірі оқу бағдарламасына қосылса, тағы бір адам онлайн жиналыс­қа қатысса, бейнеқоңыраумен сөйлессе, жүктеменің артатыны белгілі. Қаладағы бар автокөлік бір мезетте жолға шықса, ол жол қанша сапалы, кең болса да кеп­теліс пайда болады ғой. Бұл да сол се­кілді. Дегенмен, «Қазақтелеком» интер­нет арналарын кеңейту бағытында шұ­ғыл шараларды қолға алды. Мәселен, арна­лардың сыйымдылығын 360 гигабитке (1200 Гбит/с-тен 1560 Гбит/с-қа дейін) кеңейтті. Сыртқы интернет арналарын шамамен 25%-ға үлғайтты. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір жергілікті кэштеу серверлерінің көлемі сыртқы арналар көлемінің 92%-ын құрайды. Қарапайым тілмен айтқанда, сырттан келетін интернет-трафиктің жартысы Қазақстанда шоғырланған. Бұл клиенттерге жоғары сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Қазір де көп жұмыс онлайн атқарылып жатқандықтан былтырғымен салыстырғанда серверлерге түсетін салмақ әлденеше есе артық. Соған қарамастан уақтылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде байланыс жақсы істеп тұр. – Бізде Қазақстан аумағындағы тра­­фик бар, еліміздегі барлық интернет ресурс­тар мен оның хостингі өз елі­мізде. Соны­мен қатар шетелдік трафик бар, оның хос­тингі сырт елде. Мы­салы, ғаламдық Facebook, Youtube се­кілді желілер. Бұл ресурстар­ды пайда­лану сапалы болуы үшін бірқатар ше­телдік трафик компаниямыздың дата ор­та­лықтарында тұрған серверлерге кэш­теледі. Осы арқылы көптеген танымал ресурсқа қосылу жылдам әрі сапалы болады. «Қазақтелекомның» серверлік мүмкіндіктеріне келер болсақ, біздің резервіміз бар. Мәселе серверлердің қуатында емес, мәселе интернетке сұ­ра­ныстың күрт өсуінде болып тұр. Ха­лықаралық IT-компаниялар мен әлем­дік телеком-операторлары ғаламдық желіге артылған жүктемені азайту ба­ғытында бірқатар шара қабылдады. Мысалы, YouTube бейнероликтерді бұ­рынғыдай жоғары сапалы HD форматында емес, стандартты сапада ұсына бастады. Netflix те Еуропа бойынша тарату жылдамдығын 4 есе азайтты. Осы секілді Facebook, Instagram, Disney+ ресурстары бейнероликтер сапасын әдейі төмендетті, – дейді Қ.Есекеев.   Радиофобия салдары Радиофобияны Қазақстанға ғана қа­тысты деуге болмайды. Бұл бірнеше жылдан бері бүкіл әлемде ұялы байланысқа кедергі келтіріп жүрген мәселелердің бірі. 5G стандартының қанат жаюы мен коронавирус індетінің қатар келуі жағ­дайды біраз күрделендіріп жіберді. Айталық, Лондонда бір топ азамат коронавирус таратады деп ойлап 5G желісінің бағандарын қиратып тастады. Ресейде бір елді мекен тұрғындары 5G стансалары арқылы халыққа жаппай чип салады деп, тұтас байланыс стансасын өртеп жібергені белгілі болды. Қазақстанда жағдай дәл бұлай ушыққан жоқ, әрине. Дегенмен, радиофобия дең­гейі айтарлықтай жоғары болып тұр. Бұл туралы «Қазақтелекомның» баспасөз қызметі: «GSM стандартының базалық стансалары көптеген жыл бойы тұрғын үй алаптарына іргелес орналасқан және осы уақыт бойы ешқандай аурудың өршуіне себеп болған жоқ. Соған қарамастан, халықтың бойын үрей билеп, байланыс сапасын жақсартуға қарсылық білдіріп отыр. Нақтырақ айтсақ, радиофобия сал­дарынан «Қазақтелекомның» компаниялар тобына кіретін екі ұялы байланыс операторының стансаларын көшіру деңгейі өте жоғары – 20%-дан асып жығылады, – деп хабарлады. Мәселен, Tele2 операторы өткен жы­лы республика бойынша 61 стансасын бұзып, орнын ауыстырды. Оның он бірін тұрғындар талабы көшіріпті. Kcell компаниясы да былтыр және биылғы 6 айда 34 стансаны халықтың талабы бо­йынша көшірген. Радиофобтар ұялы байланыс құрылғыларын өздері қолдануды тоқтатпайды, олардың ойынша, негізгі қауіп көлемі үлкен стансалардан келеді. Ал стансаны өздерінің сұранысы бойынша көшіргеннен кейін байланыс сигналы нашарлағанына шағым айтады. «Базалық стансаларда 3G желілері­нің жоғары сапалы жұмыс істеуі үшін деректерді оңтайлы беру жылдамдығы 500 метрге, ал 4G стансалары үшін 400 метрге жететінін түсіну керек», дейді «Қазақтелеком» АҚ Инновациялар жөнін­дегі бас директоры Нұрлан Мейірманов. Радиофобияның кері әсерін халық биылғы наурыз-мамыр айларындағы тө­тенше жағдай кезінде қатты сезінді. Жұрт үйге қамалуға мәжбүр болған кез­де жекелеген тұрғындардың радиофобиясы бірнеше ай бойы бүкіл тұрғын үйді ақпарат ағынынан және интернет арқылы жүзеге асатын барлық қызмет түрінен қағылуға мәжбүр еткен фактілер жиі тіркелген. «Ксеll» ұялы байланыс операторының Стратегиялық даму департаментінің директоры Айбек Нұрқадырдың айтуынша, ауыл халқының бойында қалалықтар сияқты стансадан немесе 5G байланыс желісінен үрку, қауіптену мүлдем жоқ. «Ауыл тұрғындары бұл жоба арқылы қандай мүмкіндіктерге ие болатынын тү­сінеді, ауыл мен қала арасындағы цифр­лы теңсіздікті жоятынын біледі. Стан­салар желісі жақын болашақта ауыл­ды телемедицина қызметіне қосады, мемлекеттік цифрлы қызметтер жетеді, балалары цифрлы білім жүйесіне қосы­лады», дейді А.Нұрқадыр. Жалпы, ғалымдар интернет тарату стансалары әр үйдегі микротолқынды пештердің қасында анағұрлым зиянсыз екенін бұрын дәлелдеп қойған. Микротолқынды пеш 120 ватт радиосәуле шығарады, теледидардың қуаты – кем дегенде 60 ватт, ал базалық стансадағы таратқыштың орташа қуаты – 20-30 ватт, максималды қуаты 46 ваттан аспайды. Себебі телефонға сигнал тарту үшін одан артық қуат қажет те емес көрінеді. Сарапшылардың айтуынша, көпші­ліктің қызу талқысына түскен жаңа 5G стандарты, техникалық сипаттамаларына байланысты бұрынғы байланыс желілеріне қарағанда анағұрлым қауіпсіз болады. Себебі толыққанды 5G желісі үшін 24 ГГц-тен жоғары диапазонда жиілік қажет. Бұл диапазондағы базалық стансаның ара қашықтығы шамамен 200 метрді құрайды. Яғни 5G стансаларын бір-біріне жақын орналастыру керек, сол кезде электрмагниттік сәулелену деңгейі азаяды. Ал бір-бірінен өте алшақ орналасса, көбірек зиян келтіреді екен. Өйткені ол кезде қалтадағы ұялы телефон сигналды іздеуге көп қуат жұмсайды, тиісінше сәулелену деңгейі бірнеше есе артады. Демек, антенналарды үйлердің жанына және шатырларына орнатуға қарсы болғандар өздерінің денсаулығына көбірек зиян келтіруі әбден мүмкін.
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар