US Оpen мәреге жетті
Нью-Йоркте өткен АҚШ-тың ашық біріншілігі өз мәресіне жетті. Бұл жарыста Қазақстанның бес теннисшісі бақ сынады. Солардың арасында Юлия Путинцева ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Бұл күндері әлемнің 35-ракеткасы атанып отырған жерлесіміз ширек финалға дейін жетіп, өз жанкүйерлерін бір қуантып тастады. Михаил Кукушкин үшінші кезеңде өнер көрсетсе, соңғы кездері айшықты өнерімен көзге түсіп жүрген Елена Рыбакина екінші айналымнан аса алмады. Ал Александр Бублик пен Зарина Диас өздерінің тұсаукесер кездесулерінде сүрінді.
Теннисшілер арасында «Үлкен дулыға» санатына жататын турнирлердің мәртебесі аса жоғары. АҚШ пен Аустралияның ашық біріншіліктері, Ролан Гаррос пен Уимблдонда табысты өнер көрсету осы спорт түрін серік еткен әр ойыншының арманы. Сонымен қатар олардың жүлде қоры да өте қомақты. Ал ең бастысы, айтулы жарыстарда табысты өнер көрсетсең, әлемдік рейтингтегі жағдайың да күрт жақсарады.
Өткенге зер салсақ, «Үлкен дулыға» додаларында Қазақстанның санаулы ғана теннисшілері ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін анық аңғаруға болады. Мәселен, Ярослава Шведова (2010, 2012) мен Юлия Путинцева (2016, 2018) екі реттен Ролан Гарростың ширек финалына шықты. 2018 жылы Уимблдонда Шведова дәл сол межеге дейін жетті. Міне, бар табысымыз осымен ғана шектеледі.
Күні кеше ғана аяқталған АҚШ-тың ашық біріншілігінде Путинцеваның жоғарыдағы нәтижені жақсартуына жақсы мүмкіндігі болды. Нью-Йорктегі жарыстың алғашқы айналымдарында америкалық Робин Монтгомери, белоруссиялық Вера Лапко мен Александра Сосновичті сан соқтырған жерлесіміз төртінші кезеңде әлемнің 15 ракеткасы, хорватиялық Петра Мартичтен мерейі үстем болды. Сөйтіп Юлия алғаш рет US Оpen турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Ширек финалда Юлияның жолы америкалық Дженнифер Брэдимен қиысты. Екеуі де 1995 жылы дүниеге келген. Осы межеден сүрінбей өткен жағдайда Путинцеваның есімі «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстардың жартылай финалында өнер көрсеткен тұңғыш қазақстандық теннисші ретінде тарихта қалатын еді. Дәл солай болатынына біз де кәміл сендік. Себебі соған дейін АҚШ өкілімен екі мәрте шеберлік байқасқан отандасымыз екеуінде де басым түсті және де Дженнифердің бағындырған пәлендей белестері де жоқ. Кәдімгі қатардағы көп ойыншыларының бірі. Қазіргі кезде WTA рейтингінде Брэди Путинцевадан алты саты төмен тұр. Бірақ бұл жолы Юлияға тарихта із қалдыру бақыты бұйырмады. Қос құрбы арасындағы бәсеке америкалықтың пайдасына шешілді.
Өзге ойыншыларымыз жайында айтсақ, тұсаукесер кездесуде Александр Бублик ұлыбританиялық Кайл Эдмунтен және Зарина Диас америкалық Бернарда Перадан ұтылды. Алғашқы айналымда украиналық Катарина Завацкаяның тас-талқанын шығарған Елена Рыбакина келесі ойында АҚШ-тың өкілі Шелби Роджерстен жеңілді. Оларға қарағанда Михаил Кукушкин біраз тәуір ойнады. Бастапқыда ол мажарстандық Атилла Балаж бен чилилік Кристьян Гариннен басым түсті. Алайда үшінші кезеңде аустралиялық Джордан Томпсонның осал тұсын таба алмады.
АҚШ-тың ашық біріншілігінің жүлде қоры биыл 53 400 000 долларды құрады. Қазақстанның теннисшілері арасында ең үздік нәтижеге қол жеткізіп, ширек финалда өнер көрсеткен Юлия Путинцеваның есепшотына 425 000 доллар аударылды. Егер жерлесіміз жанкештілік танытып, тағы бір кездесуде жеңіске жеткенде 800 мың долларды «әмиянына» салатын еді. Бұл – жартылай финалға жеткен спортшыларға берілетін сыйақы мөлшері. Ал финалға шыққандары 1,2 миллионды еншілесе, жеңімпаз атанғандардың байлығы 3 миллион долларға артады. Сондай-ақ жарты жолда қалып қойғандар былай тұрсын, бастапқы бәсекелерде сүрінгендердің өздері АҚШ-тан құр қол қайтпайды. Олар мынадай көлемде қаржыға иелік етеді: бірінші кезең – 61 мың, екінші кезең – 100 мың, үшінші кезең – 163 мың және төртінші кезең – 250 мың доллар.
Сонымен, 15 күнге созылған US Оpen турнирі өз мәресіне жетті. Бұл жарыста әйелдер арасында ақтық сында белоруссиялық Виктория Азеренко мен жапониялық Наоми Осака кездесті. Бұл бәсеке 1:6, 6:3, 6:3 есебімен Күншығыс елі өкілінің пайдасына шешілді. Бұл – оның АҚШ-тың ашық біріншілігіндегі екінші жеңісі. Осака осыдан екі жыл бұрын дәл осы турнирде топ жарды. Ал аса тартысты өткен ерлер сайысында аустриялық Доминик Тим германиялық Александр Зверевтен 2:6, 4:6, 6:4, 6:3, 7:6 есебімен айласын асырып, өзінің спорттық карьерасында тұңғыш рет «Үлкен дулыға» додасының жеңімпазы атанды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Тіршіліктің тұтқасы интернетке тіреліп тұр
Ұқсас жаңалықтар
Спорт
Футбол федерациясының жаңа президенті болып Марат Омаров сайланды
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024
Спорт
Президент гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупованы қабылдады
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024