Америкада өткен халықаралық жарыста Әділет Базарбаев алтын жүлде алды
- авторМағжан Орынбасар
- 20 мамыр, 2025
- 257

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен халықаралық таэквондо жарысында Әділет Базарбаев алтын медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2025 жылдың 17 мамырында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында орналасқан Industry Hills Expo Center-де ауқымды халықаралық жарыс — “International Taekwondo Fest 2025” өтті.
Бұл жарысқа әлемнің әр түкпірінен келген 300-ден аса спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Аталған додаға Қазақстан атынан қатысқан Әділет Базарбаев ерекше көзге түсіп, 63 кг салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Ол үш бірдей қарсыласын жеңіп, шеберлігі мен мықты дайындықтың нақты үлгісін көрсетті.
• Алғашқы жекпе-жекте Taha Khozema KHAMBATI-мен кездесіп, сенімді түрде жеңіске жетті.
• Екінші айналымда Stanley LOPEZ-пен тартысты кездесуде басымдық танытты.
• Финалда Alden RYU-мен болған шешуші жекпе-жекте жеңісті жұлып алып, 1-орынды қанжығасына байлады.
Әділеттің бұл жеңісі — тек оның жеке жетістігі ғана емес, сонымен қатар қазақ таэквондосының халықаралық аренадағы беделін арттыратын маңызды қадам. Оның табандылығы мен спортқа деген жауапкершілігі жас буынға үлгі болары сөзсіз.