жұма, 26 сәуір, 2024 11:28

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

Чемпиондар мекені

Чемпиондар мекені
ашық дереккөзі
Чемпиондар мекені
Өңірімізде жас та болса байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап, бапкерлерінің мақтанышына айналған былғары қолғап шеберлері өсіп келе жатқандығы қуантады. Әлбетте, сергектікті серігім деп қана қарамай, аудан намысы сынға түскен шақта жеңісті қолдан бермеуге тырысып бағуда. Осы орайда, №31 Бокс және спорт ойын түрлері спорт мектебінен қаншама жұлдыз жарқырап шықты десек, артық айтқандық емес. Талай саңлағымыз жеңістің төрінен табылып, көк туымызды желбіретіп жүр. Спортшылар күні қарсаңында жазылған мақаламызда саланың тыныс-тіршілігі мен жетістіктері туралы айтуды жөн көрдік. Мәселен, жастардың тынбай еңбектенуі мен бапкердің дұрыс бағыт-бағдар беруі нәтижесінде жетістіктер қатары көбеюде. Атаулы спорт мектепте 15 жаттықтырушы жұмыс істесе, 500-ге жуық шәкірт тәрбиеленуде. 2019-2020 жылдар аралығында шәкірттер облыс чемпионатынан 3 алтын, 2 қола, 1 күміс медальды иеленсе, ал ҚР Чемпионатында көгалдағы хоккейден 4 спортшы Қазақстан чемпионы, бокстан 4 алтын, 2-уі ҚР чемпионы болды. Атап айтар болсақ, 2019 жылы кіші жасөспірімдер арасында Квитте өткен Азия чемпионатында Сұлтан Молдаш 3 орынды алса, Бексұлтан Мадияр Қаратау қаласында өткен облыс чемпионатында чемпион болды. Осы тұста, бапкер Бағдат Толыбаевтың ерен еңбегін ерекше атап өтуге болады. Яғни, жас спортшылардың жаттығуы үшін бар мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, 2019 жылы 4 бірдей ҚР чемпионы берілсе, 16 спортшы «Спорт шеберіне үміткер», 1 спортшы «Спорт шебері» атағын алды. Міне, жоғарыда атап өткен спортшыларымыз спортпен қоса білім алуда. Олардан бөлек, жарыста атойлап жүрген жас балуандар да аз емес. -Аталмыш мекемеде бокс, футбол және көгалдағы хоккей осы үш спорт түрінен жұмыс істеудеміз. 2007 жылдан бері облыстық, республикалық, әлемдік, Азия деңгейінде медальдар алып келе жатырмыз. Атап айтатын болсақ, 2015 жылы Тайпиде өткен әлем чемпионатында Ләйлә Хусайнова деген қызымыз жасөспірім қыздар арасында екінші орынды иеленіп, күміс медалін алды. Футбол үйірмесінің ашылғанына бір жылдай уақыт өтті. Ал, көгалдағы хоккей спорт түрін Тараз қаласынан арнайы маман шақыртып, 2 жылдан бері осы спорт түрін дамытып келеміз. Жаттықтырушылар Қуаныш Төлегенов пен Смаилов Жеңіс жаттықтырады. - дейді, атаулы спорт мектебінің директоры Ғабит Жүнісұлы Райсов. Саламатты өмір салтын ұстану - әр адамға пайдалы екені сөзсіз. Өз өмірінің жолын осындай саламен байланыстырған жандардың қажырлы еңбегі ақталып, жеңістің төрінен табылып жүргені қуантады. Алдағы уақытта да талай шыңдарды бағындырып, әлем деңгейінде өз шеберлігін дәлелдейтіндеріне сенім мол. Алтынай Тұрсын. Суретте: болашақ чемпиондар.
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар