Теннисшілердің әлемдік рейтингі алғаш рет 1973 жылы жарияланды. Сол кезден бері жанкүйерлер АТР мен WTA тізіміне үнемі кз жүгіртуді әдетке айналдырды. Себебі осы жерде жарияланған мағлұмат арқылы әр жылдары кімнің қалай өнер крсеткенін аңғаруға болады. Үздіктер рейтингі әр апта сайын жаңарып тұрғанымен, көш басындағы ойыншылар сирек өзгереді. Осы сөзіміз дәлелді болу үшін төмендегі мәліметтерге жүгінейік.
Ең алғашқы болып әлемнің бірінші ракеткасы атану құрметіне бөленген ойыншы Илие Настасе. Бұл атаққа ол 1973 жылы қол жеткізді. 27 жастағы Румынияның өкілі сол маусымда Ролан Гарроста бас жүлдені олжалаған еді. Оның алдында АҚШ-тың ашық біріншілігінде алдына жан салмай, Уимблдонның финалында ойнады. Барлығы 88 турнирде топ жарды. Настасенің жұлдызды сәті тура 40 аптаға созылды. Содан кейін румыниялық теннисші өз тұғырын Джон Ньюкомбке босатты. Алайда Аустралияның өрені мәртебелі атақты ұзақ сақтап тұра алмады. Сегіз аптадан кейін Ньюкомб тұғырынан тайды.
Жетпісінші жылдардың екінші жартысында америкалық Джимми Коннорс пен швециялық Бьорн Боргтің даңқы дүркіреді. АҚШ-тың Иллинойс штатының тумасы 268 апта бойы алдына жан салмады. Бір ғажабы, ширек ғасыр бойы түрлі турнирлерде күш сынасқан Коннорс 45 жасқа қараған шағында ғана үлкен спорттан қол үзді. Сол аралықта ол АҚШ-тың ашық біріншілігінде – бес, Ролан Гарроста – төрт және Уимблдонда екі рет теңдессіз деп танылды. Джимми барлығы 120 жарыста жеңімпаз атанды. Бұл рекордты әлі ешкім жаңарта алған жоқ. Скандинавиялық саңлақ 109 апта үздіктер көшін бастады. Борг АҚШ-тың ашық біріншілігі мен Ролан Гарросты төрт реттен ұтты. Екі мәрте Уимблдонда қарсылас шақ келтірмеді.
Сексенінші жылдары әлемнің бірінші ракеткасы атану бақыты үш теннисшіге ғана бұйырды. Олар – америкалық Джон Макинрой, чехословакиялық Иван Лендл және швециялық Матс Виландер. Макинрой – 170, Лендл 270 апта бойы өз тұғырларын босатқан жоқ. Көптеген дүбірлі додаларда дараланған айтулы ойыншылардың есімдері әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазулы. Ал Виландер 20 апта ғана мықтылар тізімінің алдыңғы легінде тұрақтай алды.
Тоқсаныншы жылдары тұрақтылық болмады. Көшбасшылар бірінен кейін бірі ауысты. Олар – швециялық Стефан Эдберг (72 апта), германиялық Борис Беккер (12 апта), америкалықтар Джим Курье (58 апта), Пит Сампрас (286 апта), Андре Агасси (101 апта), аустриялық Томас Мустер (6 апта), чилилік Марсело Риос (2 апта), испаниялық Карлос Мойя (2 апта), ресейлік Евгений Кафельников (6 апта) және аустралиялық Патрик Рафтер (1 апта).
Ғасырлар тоғысында Марат Сафиннің жұлдызы жарқырай жанды. 1980 жылы Мәскеуде туған татар жігіті 20 жастан асқан шағында АҚШ-тың ашық біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, әлемнің бірінші ракеткасы атанды. Бірақ бұл тұғырда ол ұзақ тұрақтаған жоқ. Небәрі тоғыз апта ғана алдыңғы лектен көрінді. Соған қарамастан, оның есімі осындай деңгейге көтерілген тұңғыш мұсылман ретінде тарихта қалды. 2009 жылы Мараттың туған қарындасы Динара Сафина да WTA рейтингінде көш бастады. 2000 жылдардың алғашқы жартысында бразилиялық Густаво Куэртен (43 апта), аустралиялық Ллейтон Хьюитт (80 апта), испаниялық Хуан Карлос Ферреро (8 апта) және америкалық Энди Роддик (13 апта) алма-кезек бірінші сатыға көтерілді.
Соңғы 17 жыл көлемінде дүниежүзілік рейтингте көш бастау бақыты төрт теннисшіге ғана бұйырды. Солардың арасында ең аз мерзім көш бастаған Энди Маррей. 2016 жылы әлемнің бірінші ракеткасы атанған ұлыбританиялық ойыншы 41 апта алдына жан салмады. Ал өзге теннисшілердің көрсеткіші тіптен керемет. Мәселен, Роджер Федерер 310 апта бойы теңдессіз деп танылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш! Швейцарияның мақтанышы «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда 20 мәрте топ жарды. Уимблдон додасында сегіз рет дара шықты. Бұл да рекордтық нәтижелер! Аса ірі халықаралық турнирлерде Федерер 103 рет бас жүлдені олжалады.
Испаниялық Рафаэль Надаль 209 апта шашасына шаң жұтырмады. Пиреней түбегінің түлегі Роллан Гарросты 13 мәрте ұтты. «Мастерс» турнирлерінде 35 рет жеңіске жетті. Осы көрсеткіштер жағынан жер бетіндегі ешбір теннисші Надальмен теңесе алмайды. Бүгінгі таңда АТР рейтингінде бірінші орынды иеленіп отырған Новак Джокович 306 апта бойы ешкімге есе жібермей келеді. Яғни ол рекордтық көрсеткішті жаңартуға шақ қалды. Егер 33 жастағы Сербияның саңлағы осы бағытынан жаңылмаса, жасы 40-қа таяп қалған Роджер Федерерді алдағы наурыз айында басып озуы әбден мүмкін. Тағы бір айта кетерлік жайт, Федерер, Надаль және Джокович – «Үлкен дулыға» турнирлерінің барлығында топ жарған жер-жаһандағы санаулы ғана теннисшілер.
Байыптап қарасаңыздар, жарты ғасырға жуық уақыт аралығында небәрі 25 теннисшіге ғана әлемнің бірінші ракеткасы атану бақыты бұйырған екен. Осы орайда, АҚШ-тың көші өзгелерден ілгері екенін айта кеткен абзал. Әр жылдары америкалық алты өрен АТР рейтингінде алдарына жан салмады. Соңғы рет олар осыдан 18 жыл бұрын сондай құрметке бөленді. Швеция, Аустралия және Испанияның сайыпқырандары үш реттен теңдессіз деп танылды.
Қазақстан құрама командасының мүшелері жайында айтар болсақ, ең үздік нәтиже Андрей Голубевке тиесілі. Ол 2010 жылдың қазан айында АТР тізімінде 33-сатыға дейін көтерілді. Бірақ жерлесіміз «Үлкен дулыға» додаларында екінші айналымнан әрі аса алған жоқ. Оған қарағанда Михаил Кукушкиннің аяқалысы тәуір болды. Ол 2012 жылы Аустралияның ашық біріншілігі мен 2019 жылы Уимблдонның төртінші кезеңінде өнер көрсетті. Десек те әлемдік рейтингте Кукушкин 39-орынды еншілеумен шектелді. Бұл нәтижеге отандасымыз 2019 жылдың ақпан айында қол жеткізген еді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Меркілік кәсіпкерлер мемлекеттен қолдау күтеді
Ұқсас жаңалықтар
Футбол федерациясының жаңа президенті болып Марат Омаров сайланды
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024
Президент гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупованы қабылдады
- авторМағжан Орынбасар
- 20 желтоқсан, 2024