Меркілік кәсіпкерлер мемлекеттен қолдау күтеді
- авторjambylinfo.kz
- 29 қаңтар, 2021
- 484
Қазіргі кезде Меркі ауданы сүт өнімдерін өңдеумен және өндірумен елімізге белгілі ауданның бірі. Мұнда өндірілетін ірімшік, айран, қаймақ сияқты өнімдерді еліміздің көптеген қалаларынан кездестіруге болады.
Ойтал ауылындағы бір ғана «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-нің өзінде жылына мыңдаған тонна сүт өңделіп, түрлі өнім шығарылады. Бұл өнімдер тек Жамбыл облысын ғана емес, сонымен қатар Алматы, Қарағанды, Шымкент өңірлерін де қамтып отыр. Аталған зауыттың өндіріс қуаты 40 тоннаға дейін жетеді. Дегенмен бүгінде кәсіпорынның 60-65 пайызы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, мұнда 127 адам жұмыс істейді. Серіктестік президенті Дастан Айтөленовтің айтуынша, кәсіпорын қыс мезгілінде күніне 7-9 тонна, ал жаз айларында 25-35 тоннаға дейін сүт қабылдайды екен. Сонымен қатар ол сексен жылдан астам тарихы бар өндіріс ошағында биыл жылына 7500 тоннаға дейін сүт өнімдерін қабылдау жоспарланғанын жеткізді.
Көненің көзі іспетті бұл зауытта 100 пайыз таза табиғи өнім өндіріледі. Талай уақыттан бері талмай жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын мүмкіндігін одан әрі арттыру үшін тиісті шаралар қабылдауда. Мәселен, мұнда өндіріс орнының өз есебінен өткен жылы 66 млн теңгеге заманауи қондырғылар сатып алыныпты. Италия, Германия сияқты мемлекеттерден келген құрал-жабдықтар бүгінде өз қуаттылығында жұмыс істеп тұр. Алайда мұндағы ең басты мәселе – шикізат тапшылығы екен. Яғни ауданда сүт өткізетін адам аз. Ал аталған зауыт басшылығы сүт өнімдерінің аздығын аудандағы жайылым жерлерінің жетіспеушілігімен байланыстырады. «Дұрыс жайылмаған сиыр қайдан сүт береді. Бізге ең әуелі сүттің сапасы керек. Өндірген өніміміз сапалы болмаса, біз нарық алаңынан шығып қаламыз. Бірінші кезекте осыны ескеру керек. Біз өнім өндіру үшін құрғақ табиғи ашытқы түрлерін аламыз. Егер, шикізаттың құрамы таза болмаса, ашытқының күші жетпей қалады. Одан кейін өнімнің сапасы төмендейді. Бүгінде кәсіпорын сүттің литрін майлылығы 3,6 пайызбен 120 теңгеден қабылдайды. Бірақ көбі жеке цехтарға апарып өткізеді. Олар литрін 150 теңгеден алады. Мен осы кәсіпорында жиырма жылдан бері жұмыс істеп келемін. Содан бері шикізат мәселесі шешілген жоқ. Дегенмен біз шикізат тапшылығын жаңа өнім түрлерімен толықтыруды ойлап отырмыз. Бұл ретте балмұздақ шығару жоспарда бар. Бұл үшін өткен жылы 21 млн теңгеге балмұздақ желісін сатып алдық», дейді Д.Айтөленов. Мәселен, әр тоқсан сайын Ресей «Меркі ірімшік зауытынан» 100 тонна қатты ірімшік сұрайды екен. Бірақ бұл сұранысты қанағаттандыру үшін зауыт күніне 40-50 тонна сүт қабылдау керек болады. Ал қазір шикізаттың тапшылығынан бұл мүмкін болмай отыр.
Бұл күнде «Меркі ірімшік зауыты» кәсіпорны жоғары деңгейде жұмыс істеп келеді деуге болады. Бірақ бүгінгі нарық талабына сай зауыт ретінде мүмкіндікті одан әрі арттыру үшін мәселе қаржыға келіп тіреледі екен. Кәсіпорында шикізат тапшылығынан бөлек, тағы бір мәселе бар. Серіктестік президенті ол үшін 300-400 млн теңге көлемінде қаражат керек екенін, бірақ оны мемлекеттен көмек ретінде ала алмай отырғанын айтты. «Оның негізгі себебі – банк зауыттың нарықтық бағасын 100 млн теңгеге бағалауда. Сондықтан біз көп мәселені шеше алмай келеміз. Мемлекеттен қомақты қаржы алуға мүмкіндік болмай отыр. Осы мәселеге көмек болса. Әйтпесе, зауыттың өз бағасы бұдан әлдеқайда жоғары ғой. Бірақ басқа жағынан қолдау бар. Егер, мемлекеттен көмек болмаса, біз қатты ірімшік пен сары май түрлерін шығара алмайтын едік. Бұл мақсатта біз былтыр 165 млн теңге субсидия алдық», дейді Д.Айтөленов.
Дегенмен бүгінде кәсіпорын жұмысшыларының әлеуметтік жағдайына да қарайласып келеді екен. Мәселен, түскі астың 70-75 пайызын зауыт төлейді. Сонда әрбір жұмысшының қалтасынан түскі ас ішу үшін небәрі 100-110 теңге ғана шығады. Сондай-ақ карантин кезінде де қысқарту болмапты. Әрбір маман бүгінде өзінің орнында жұмыс атқаруда.
Жалпы, Меркі ауданында сүт өнімдерін өңдеу жақсы жолға қойылған. «Меркі ірімшік зауыты» серіктестігінен бөлек, мұнда бірқатар шағын цехтар бар. Сондай-ақ үйінен ірімшік, құрт қайнатып, оны саудаға шығарып отырған кәсіп иелері де жетерлік. Мұндағы біраз халық осылай күн көріп келеді деуге болады. Бір ғана Ойтал ауылында осындай кәсіппен айналысып отырған 8 отбасы бар екен. Бұл ретте аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков үйінен болса да сүт өңдеп, өнім шығарып отырған азаматтарды барынша қолдайтынын жеткізді. Дегенмен оларға бүгінде мемлекет тарапынан көмек қажет екен.
Мәселен, Аян Орманова сүт өнімдерін өңдеу шаруашылығымен 4 жыл бойы айналысып келеді. Көп балалы ана «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында оқып, 505 мың теңге несиеге қол жеткізген. Бұл қаражатқа құрт қайнататын станок сатып алған. «Станок сағатына 20 килоға дейін құрт шығарады. Сондай-ақ үйден ірімшік қайнатып, оны Тараз қаласынан өзге Алматы, Шымкент, Ақтау қалаларына жіберіп отырамыз. Күн сайын 500-700 литр шамасында сүт алып, оны ұқсатуға шамамыз жетеді. Егер, сүт болып жатса бір күнде 100-120 кило ірімшікке дейін шығарамыз. Енді бұл кәсіпті әрі қарай жетілдіру үшін бізге мемлекет тарапынан көмек болса, нақты айтсам, аз пайызбен несие берілсе деген тілегіміз бар», дейді А.Орманова.
Шынында да, Меркі ауданында сүт өңдеу шаруашылығымен айналысып отырған жеке кәсіпкерлер көп. Бірақ оның бәрінің шамасы бірдей цех ашуға, зауыт салуға жете бермейді. Әрі ірімшік жасайтын арнайы құрал-жабдықтар да қымбат. Сондықтан да меркілік кәсіпкерлер кәсібін көркейту үшін мемлекеттен көмек сұрауда.
Ал ірімшік цехын үй жағдайында ашу үшін қандай талаптарды сақтау керек? Біздің бұл сауалымызға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Дильдаш Кударова жауап берді. «Сүт өнімдерін өндіру үшін қажетті аумағы бар үй-жайлар жиынтығы болуы қажет. Тамақ өндірісімен айналысатын нысандар санитарлық талапқа сай немесе сай еместігі туралы санитарлық-эпидемиялық қорытынды және есептік нөмір алуы керек. Тамақ өндірісімен айналысатын тұлға өнім технологиясының өндіру процесі, оны сақтау, тасымалдау және өткізу кезіндегі талаптар техникалық регламентке сай болуын қадағалауға міндетті. Тамақ өндірісінде шығарылатын өнімнің қауіпсіздігі үшін өндірістік бақылау болуы керек. Қуаттылығы аз цехтардың сүт өңдеу қауқары тәулігіне 3 тоннаға дейін, санитарлық қорғаныш аймағы кемінде 50 метр болуы керек», дейді басқарма басшысы.
Яғни мұның да өзіндік шарттары мен талаптары бар болып отыр. Бірақ қазір көптеген кәсіпкер талаптарды тиісінше сақтап, үйлерінен ғана ірімшік жасап сатуға мәжбүр. Ал кәсібін одан әрі жандандырайын десе, қаражат жағы қолбайлау болуда. Кезінде ірімшік шығарумен танылған Меркі ауданында бұл үрдісті қайта жандандыруға әр тұрғын өзінше үлес қосуда. Тек бәріне бірдей қолдау жетпей тұр...
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз