сәрсенбі, 1 сәуір, 2026 14:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Еліміздің ұлттық құрамалары алғаш рет толық спорттық киім жиынтығымен қамтылып жатыр

Еліміздің ұлттық құрамалары алғаш рет толық спорттық киім жиынтығымен қамтылып жатыр
Туризм және спорт министрлігі
Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Биыл спортшыларды киіммен қамтамасыз ету спорт маусымы бойындағы барлық қажеттіліктерді толық қамтитын жаңартылған тәсілдер негізінде жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Атап айтқанда, жарысқа арналған формамен қатар, спортшыларға жаттығу үдерісі мен жарысқа дайындыққа қажетті киімдер де беріледі.

Бұған дейін қамтамасыз ету ішінара сипатта болған. Мысалы, жазғы спорт түрлері тек жазғы киіммен ғана қамтылатын. Ал биыл әрбір спортшыға қысқы және жазғы жиынтықты қамтитын толық киім кешені ұсынылды.

Экипировка халықаралық Under Armour брендімен жасалған келісім аясында жеткізіледі. Жиынтық құрамына спорттық киімнің негізгі элементтерін қамтитын 18 түрлі атау кіреді. Атап айтқанда, үш аяқ киім, төрт спорттық костюм, үш жейде, қыстық сыртқы киім, кеудеше және тағы басқа спортшыға ең қажетті киімдер бар.

«Мемлекетіміздің үлкен қолдауының арқасында спортшыларға әлемдік брендтің сапалы спорт киімдері беріліп жатыр. Бұл біз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Бұрын жазғы спорт түрлеріне тек жаздық, ал қысқы спорт түрлеріне тек қыстық киім ғана берілетін. Қазіргі таңда спорт түрлеріне бөлмей, барлығымызға бірдей жаздық та, қыстық та киімдер ұсынылуда. Бұл бастама, бір жағынан, бізді біріктіріп, ортақ рух қалыптастыруға ықпал етеді. Енді Қазақстанның барлық спортшылары бірыңғай формада өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғауға тырысады», – дейді дзюдодан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев.

Қазіргі таңда форма жеңіл атлетика, бокс, дзюдо, семсерлесу, шорт-трек және өзге де спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың бірқатарына табысталды. Экипировка бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынды.

Аталған тәсілді енгізу ұлттық құрамалар спортшыларына дайындық үшін тең әрі сапалы жағдай жасауға және олардың халықаралық аренадағы нәтижелілігін арттыруға бағытталған.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар