«Сіздердің арқаларыңыз»: министр Бекзат Саттарханов пен Денис Теннің анасымен кездесті
- авторСадуақас Айсұлу
- 14 қазан, 2024
- 378
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов даңқты боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың аяулы анасы Сырлыкүл Саттарханованы және әлемге мәшһүр мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің ардақты анасы Оксана Тенді қабылдады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Министр халықаралық аренада еліміздің көк Туын көкте желбіретіп, Әнұранымызды байрақты бәсекелерде шырқатқан саңлақтар бүгінде арамыздан алыстап кетсе де, олардың рухын ұлықтау және есімін ел жадында мәңгі сақтау жолында қос ананың аянбай еңбек етіп жүргенін атап өтті.
«Халқымыз «Алып анадан туады» деп бекер айтпаған. Шынында да, адам бойындағы асыл қасиет пен таудай талап ананың ақ сүтімен дариды. Ана баласына берген тәрбиесі мен шексіз махаббаты оның болашағына жарқын жол ашады. Сіздер ұлдарыңызды спорт үйірмесіне қаршадайынан жетелеп апарып, чемпион атануы үшін барлық жағдайды жасадыңыздар. Саңлақтарымыз арамыздан алыстап кетсе де, олардың рухын ұлықтау, есімін ел жадында мәңгі сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүргендеріңізге куәміз. Батырларымыздың аты өшпей, әлі күнге дейін жас жеткіншектердің кумирі болып келе жатқаны ең алдымен, сіздердің арқаларыңыз», – деді Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ Министр кездесу барысында Бекзат пен Денистің ел спортына сіңірген еңбегі мен жанкүйер жүрегінде сақталған жарқын бейнесін жаңғырту баршамызға ортақ міндет екенін айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта қос саңлақты жастар арасында насихаттау мақсатында бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Бекзат Саттарханов – 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Сондай-ақ жастар арасында әлем және Азия біріншілігінің күміс жүлдегері атанған.
Денис Тен – 2014 жылғы Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем біріншілігінің күміс және қола медаль иегері. Сонымен қатар төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы, Азия ойындары мен Универсиада чемпионы.
Ұқсас жаңалықтар
«Алтын жауған күн». Бұрымды боксшылар Азия чемпионатында 5 алтын алды
- авторМағжан Орынбасар
- 11 желтоқсан, 2024