Таразда жас балуандар арасындағы ел чемпионаты өз мәресіне жетті
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 17:08
- 52
Тараз қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U15 және U23 арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аталған дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, болашақ ұлттық құрама сапына үміткер балуандарды анықтауда маңызды жарыстардың бірі саналады. Әр салмақ дәрежесінде үздік шыққан спортшылар Қазақстан құрамасының қатарына қосылып, ресми чемпионаттарда ел намысын қорғайды.
Жарыс аясында грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша жалпыкомандалық есеп қорытындылары шығарылды. Жүлделі орындарға іліккен өңірлердің медаль көрсеткіші олардың дайындық деңгейін айқын аңғартады. Мәселен, Түркістан облысының құрамасы 19 алтын, 16 күміс және 19 қола медаль еншілеп, бірнеше бағытта көшбасшылықты бекемдеді. Алматы облысы 10 алтын, 6 күміс, 10 қола медальмен тұрақты нәтижесін көрсетті. Атырау облысының қоржынында 6 алтын, 5 күміс, 6 қола жүлде болса, Жамбыл облысы 7 алтын, 4 күміс, 7 қола медальға қол жеткізді. Алматы қаласының балуандары 7 алтын, 4 күміс, 6 қола медаль иеленіп, жоғары деңгейін дәлелдеді. Ал Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстары тиісінше 2 алтын, 3 күміс, 3 қола медальдан еншіледі.
Атап айтқанда, Қазақстан күрес федерациясының спорт директоры Жандос Сайханов турнирдің жалпы деңгейіне тоқталып, өңірлік дайындық жүйесіне қатысты пікір білдірді.
– Тараз төрінде өткен чемпионатымыз біз үшін нақты талдау алаңы болды. Қай өңірде жүйе бар, қай бағытта жұмыс әлсіз – бәрі көрінді. Түркістан облысының нәтижесі олардың бірізді дайындық жүйесін көрсетсе, басқа өңірлерден өз бағыттары бойынша алға жылжи бастағаны байқалады. Ең бастысы бәсеке бар. Қазір бізге дәл осы ішкі бәсекені жоғалтпай, оны сапаға айналдыру маңызды. Осы чемпионатта көзге түскен балуандар алдағы уақытта ұлттық құрама сапына тартылып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауға өз мүмкіндіктерін алады, – деді чемпионатқа жоғары бағасын берген Жандос Түсіпханұлы.
Жалпы алғанда, биылғы чемпионат бір ғана өңірдің айқын үстемдігімен емес, керісінше бірнеше аймақтың өз бағыттары бойынша алға шыққанын көрсетті. Дегенмен, Түркістан облысының кешенді нәтижесі оны көшбасшы өңір ретінде даралап тұр. Ал өзге өңірлердің бәсекеге қабілеттілігі ел ішіндегі күрестің деңгейі өсіп келе жатқанын аңғартты.
Биылғы чемпионаттың басты жаңалықтарының бірі – еркін күрестен Әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның 125 келі салмақта күресуі болды. Астаналық балуан өзіне тың салмақта белдескеніне қарамастан, финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде ақтөбелік спортшы Әлімжан Сәлімжанды айқын басымдықпен жеңді.
– Менің жеңіске жетудегі басты тактикам – арсеналымдағы барлық әдіс-тәсілді тиімді қолданып, 6 минут бойы аянбай күресу, қарсыласымды толық бақылауда ұстау. Бұл жолы да сол жоспарым жүзеге асты. Ал жаңа салмаққа келер болсақ, бапкерлеріммен ақылдасып, ішкі жарыстарда 125 келіде, ал халықаралық додаларда 97 келіде күресетін болып шештік. Бұған дейін Нұркен Әбдіровті еске алуға арналған турнирде ауыр салмақта өзімді сынап көрген едім. Алдағы уақытта Азия ойындары, Әлем және Азия чемпионаттарына қатысуды жоспарлап отырмын, – деді Ризабек Айтмұхан.
Жарыс барысында жекелеген спортшылардың өнері де ерекше бағаланды. Биылғы чемпионатта үш күрес түрі бойынша U15 және U23 жас санаттарында жалпы алты үздік балуан анықталып, оларға «Дара тәсіл» және «Қайсар рух» аталымдары табысталған болатын. Алдымен U15 жас санатында грек-рим күресінен 38 келіде күміс жүлдегер атанған маңғыстаулық Ералы Жандос «Қайсар рух» номинациясына ие болды. Әйелдер күресінде 50 келіде белдескен түркістандық Кәусәр Ілияс табандылығымен көзге түсіп, осы аталыммен марапатталды. Еркін күресте 62 келіде сынға түскен шымкенттік Көбей Торғауыт та «Қайсар рух» иегерлерінің қатарынан көрінді.
Ал U23 жас санатында грек-рим күресінен 77 келіде жүлдегер атанған шығысқазақстандық Елдос Камелов «Дара тәсіл» аталымына ие болды. Әйелдер күресінде 72 келіде топ жарған қызылордалық Жібекжан Сабыржанова да осы номинацияны жеңіп алды. Еркін күресте 74 келіде күрескен абайлық Алмас Сабыр «Дара тәсіл» иегері атанды.
Номинация иегерлеріне Қазақстан күрес федерациясы 150 мың теңгенің сертификаттарын табыстады.
Сонымен қатар, 41 келі салмақ дәрежесінің финалында белдескен балғын балуандар көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Райымбек Жақсылық пен ақтөбелік Байсалбек Ахметжан арасындағы белдесу соңғы секундқа дейін тартысты өтті. Жоғары деңгейдегі күресті бағалаған федерацияның президенті Еркін Оқсав қос балуанның әрқайсысына 300 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Айта кетсек, грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U15 және U23 арасындағы Қазақстан чемпионатының жалпы жүлде қоры 45 миллион теңгені құрады. Атап айтқанда, U15 санатының чемпиондарына 200 мың теңге көлемінде сыйақы бекітілсе, екінші және үшінші орын иелеріне сәйкесінше 100 мың және 50 мың теңге табысталды. Ал U23 санатының үздіктері 500 мың теңге, күміс жүлдегерлер 300 мың теңге, ал қола медаль иегерлері 150 мың теңге көлеміндегі қаржылай марапатқа ие болды.





