Қаржы министрлігі орнықты дамудың халықаралық стандарттарын енгізуді қолға алды
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 17:42
- 47
Ведомствоаралық жұмыс тобының видеоконференция форматында өткен отырысында осы бағыттағы өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
S1 және S2 стандарттары – халықаралық есеп берудің жаңа талаптары. Оларға сәйкес компаниялар өз қызметінің экология мен қоғамға әсері, сондай-ақ климаттық тәуекелдер туралы ақпаратты ашуға міндетті болады.
Кеңес барысында Қазақстанда 2027–2028 жылдары аталған стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі Жол картасын іске асыру мәселелері қаралды. БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп әзірленген құжат 37 іс-шараны қамтиды және нормативтік, институционалдық әрі әдіснамалық негізді қалыптастыруға бағытталған.
Жұмыс тобы стандарттарды міндетті енгізу мерзімдерін, оларды қолданатын ұйымдарды іріктеу өлшемшарттарын, есептілік аудитінің тәсілдерін және талаптардың орындалуын қамтамасыз ету тетіктерін пысықтады.
«S1 және S2 ҚЕХС енгізу – корпоративті есептілікті дамытудың маңызды кезеңі. Бұл ашықтықты арттырып, орнықты даму мәселелеріне назарды күшейтіп, инвестициялық тартымдылықты жақсартады. Біз бизнеспен ведомствоаралық тығыз жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл.




