«Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасынан қандай нәтиже күтеміз?
- авторjambylinfo.kz
- 29 қазан, 2020
- 382
Күллі әлемдегі тіршілік атаулыға жаңаша сипат, өзгеше мазмұн берген пандемияның салдары өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда да өз ізін қалдырды. Жамбылдық жастардың жасампаз жобаларына тұсау салынып, біразы онлайн режимде өтті. Десе де көзіміз жеткен бір нәрсе – карантиндік шектеу шаралары жастардың жігерін жасытып, қайратын мұқалта алмады. Осы ретте облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожамен сұхбат құрып, жастармен жүйелі жұмысты жолға қойған мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі, болашақ жоспарлары төңірегінде әңгіме өрбіттік.
– Серікбол Қайратұлы, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы болып тағайындалғаныңызға 1 жыл болыпты. Жамбыл жастарын бір мақсат, бір мүддеге топтастыра білген басқарманың басшысы ретінде алғашқы жылды қалай қорытындыладыңыз? – Өздеріңізге мәлім, басқарманың тізгінін Жастар жылының соңғы айларында ғана алдым. Соның өзінде жанам деген жүрекке от берген жылды нәтижелі қорытындылай алдық. Бұл орайда облыс әкімінің жастарға арналған «Әулиеата үміті» сыйлығын тағайындауын жетістіктеріміздің ең бастысы деп айта аламын. Бұл сыйлық өткен жылы өз саласында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 15 жасқа табысталды. Шынын айтқанда, мемлекеттік қызметтегі алғашқы тәжірибем болғанымен жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы болу қиындық туғыза қойған жоқ. Сыртта жүріп, саланың аяқ алысы мен кем-кетігіне назар аудардық. Бұл қызметтегі алғашқы күннен осы кем-кетікті түзеуге тырысып, қоғам өмірінің түрлі саласындағы жастардың үніне құлақ түрдік. Соның нәтижесінде алдағы уақытта атқарылуы керек жоспарымыз түзілді. Онда кездесулерде айтылған ұтымды ұсыныстар мен өзекті мәселелер қамтылды. Мәселен биыл жас журналистердің слеті, жас ақындардың республикалық мүшәйрасы мен айтысы, көңілді тапқырлар клубының сайыстарын өткізу жоспарланған. Жастар тарапынан үлкен сұранысқа ие бола тұра жергілікті жерде анау айтарлықтай мән берілмеген «Жайдарман» ойындарының орталық лигасын Әулиеата өңірінде өткізуге республикалық ұйымнан келісім де алып қойғанбыз. Алайда наурыз айынан басталған карантиндік шектеу шаралары жоспарларымызға тұсау салды. Сондай-ақ өңірдегі жастар саясатының кенжелеп қалған салаларына баса назар аудардым. Қазір байқасаңыздар жастардың көбінің аңсары көше билері, ролик, скейт тебу сынды дәстүрлі емес бағыттарға ауады. Оларға ән салғызып, би билетудің немесе ғылымға баулудың қажеті жоқ. Керісінше өздерінің жаны сүйетін ісімен айналысуға мүмкіндік берген жөн. Сол секілді киберспортқа да мән беріп, дәл осы спорт түріне бейім өрендердің арасында облыстық чемпионат өткіздік. Бұл сайысқа облыстың әр қиырынан 32 жас келіп қатысты. Дәл осы шараны тоқсанына бір рет өткізу жоспарда бар. NEET санатындағы жастарды көпшілік іс-шараларға тарту мақсатында олардың арасында футбол біріншілігін ұйымдастырдық. Біріншілікке қатысуға 50-ге жуық команда ниет білдірді. Әуел баста бұл сайысты жылдың басында басталып, жылдың соңына дейін жалғасатын Чемпиондар лигасы сипатында өткізу ойда болған. Алайда тағы сол карантиндік шектеу шараларына байланысты матчтар тез арада өткізілді. Дәл осындай біріншілік базарда еңбек етіп, табыс тауып жүрген жастар арасында да түндігін түрді. Әуесқой жас балықшылар арасында балық аулаудан сайыс ұйымдастырылды. Оған 7-8 жас балықшы қатысты. Мұнда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да баса назар аударылды. Жыл соңына дейін жастар арасында бильярдтан турнир өткіземіз. Идеологиялық шаралардан бөлек жастарды әлеуметтендіру мәселесіне де көңіл бөлдік. Атап айтқанда NEET санатындағы жастардың электрондық базасын жасап шықтық. Бұл базаға 2000-ға жуық жасқа қатысты толық мәлімет жинақталды. Ендігі кезекте олардың жұмыс істегісі келетіндеріне жұмыс тауып беру, оқуға түсуге ниеттілерге ақпараттық сүйемелдеу бағыттарында жұмыс жүргіземіз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сай «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының жұмысын жыл бойы жалғастырып, жұмыссыз жастарды уақытша жұмыс орнымен қамтымақпыз. Жыл басында саладағы 11 бағыт бойынша 4074 іс-шара өткізілді. Жамбылдағы жастар саясатындағы ең басты жаңалық ретінде 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың өңірлік бағдарламасының қабылдануын айтуға болады. Жақында ғана облыстық мәслихаттың шешімімен қабылданған бұл бағдарламада 9 индикатор қарастырылған. «Әулиеата жастары» деген атауға ие болған бағдарламаны келер жылдың басынан іске асырамыз. Сондай-ақ нәтижелі жұмыстың бірі ретінде «Jastar» қабілет орталығының жанынан жастарға қызмет көрсету бөлімін ашқанымызды айтуға болады. Бөлімде заңгер, психолог, теолог, бизнес-жаттықтырушы және бекітілген кестеге сай 22 мемлекеттік мекеме өкілі кеңес береді. Қазірдің өзінде 1000-ға жуық көшпелі кеңес өткіздік. Айына бір рет «Түнгі қабылдау» жобасын жүргіземіз. Ірі сауда орталықтарында көшпелі кеңестер өткізіледі. Жыл басынан бері 44 мыңға жуық жас азамат онлайн кеңес алды. – Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған Волонтер жылының да аяқталуына екі айдай уақыт қалды. Әлемдік пандемиямен тұспа-тұс келген атаулы жылда еріктілердің қоғамдағы рөлі уақыт сынымен дәлелденді. Ал жамбылдық еріктілер Волонтер жылының шарапатын қаншалықты сезіне алды? – Жыл басынан бері облыста жалпы саны 1001 шара өткізіліп, оған 42 мыңнан астам жас тартылды. Жамбылдағы Волонтер жылының жоспары 21 жобадан тұрады. Мұнда да саны көп, сапасы жоқ бірреттік іс-шаралардан гөрі арнаулы жобаларға мән берілді. Қазіргі таңда толықтай биылғы жоспарымыздың үдесінен шыға білдік. Бүгінде облыста 6 мыңнан астам волонтер бар. Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында жарияланған төтенше жағдай кезінде «Әулиеата жастары» деп аталатын волонтерлердің штабы құрылды. Штабта 717 волонтер жұмыс істеп, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға азық-түлік себеттері мен дәрі-дәрмек жеткізуге атсалысты. Төтенше жағдайға қарамастан әлеуметтік жауапкершілік танытқан 30 волонтер «Халық алғысы» медаліне ие болды. Тағы 42 еріктіге облыс әкімінің құрмет грамотасы, алғыс хаты табысталды. Тараз қаласы мен аудандардағы қайырымды іске үлесін қосқан азаматтарға аймақ әкімдерінің құрмет грамотасы мен алғыс хатын беру туралы ұсыныс бердік. Волонтерлердің жұмысы арнайы бағыттарға бөлінгені белгілі. Мұнда жамбылдық еріктілер «Birgemiz: Saulyq» бағытына айрықша басымдық бергенін айта кеткен жөн. Сейітхан Жошыбаевтың ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығымен бірлесіп, «Волонтер дәрігерлер» қозғалысы құрылды. Аталған орталықта медициналық білімі бар 100 ерікті арнайы оқытудан өтті. Өткен аптада аудандарға «Денсаулық керуені» аттанды. Осы керуендегі білікті дәрігерлермен бірге медициналық жоғары оқу орындарының 4-5-курсында оқитын студенттер ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын тексеріп, оларға қажетті көмек түрлерін ұсыну үшін жолға шықты. «Өмір сыйла» деп аталатын бағыт аясында тоқсанында бір рет арнайы акция ұйымдастырылады. Өздеріңізге мәлім, қазір облыста қан тапшылығы сезілуде. Осы тапшылықты жойып, облыстық қан орталығының қорын толықтыру үшін 2000-ға жуық жас ерікті түрде донорлыққа тартылды. «Birgemiz: Bilim» бағыты бойынша «Еркін Пікір» пікірсайысшылар одағы» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, 7 пән бойынша онлайн курстар жүргізілді. Сондай-ақ «Зейін» жобасы қолға алынып, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 1000-ға жуық оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық курстарымен тегін қамтылды. Былтырғы жылдан бастап «Өркен-ниет» қоғамдық қорымен тығыз байланыс орнатып, «Өркениет» деп аталатын жобаны жүзеге асыра бастағанбыз. Жоба облыстағы аз қамтылған отбасылардың балаларын «Достық», «125» сияқты қосымша білім беру орталықтарында оқыту мақсатын көздейді. Былтыр жоба аясында 40 оқушы аталған орталықтарда Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалды. Биылда 40 оқушы арнайы квотаға ие болып, тегін оқып шықты. Тараз қаласындағы былтыр пайдалануға берілген «Jastar» қабілет орталығында «Asyl mura» деп аталатын фронт-офис ашылды. Мұндай офис Түркістан, Қарағанды және біздің облыста ғана ашылған. Дәл осы фронт-офистер арқылы жастарды тарихи-мәдени нысандарды қайта қалпына келтіруге, археологиялық және экспедициялық жұмыстарға тартуды көздейді. Тарихи жәдігерлерге қызығушылығы бар 36 волонтер Жуалы ауданындағы Бақалы елді мекенінің маңындағы «Жылқышытөбеге» археологиялық қазба жұмыстарына қатысты. Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздеу, олардың туған-туыстарына толыққан мәліметтер беру мақсатын көздейтін «Birgemiz: Umit» жобасы аясында 40-қа жуық жерлесіміздің дерегінің табылуына мұрындық болдық. Волонтерлікті цифрландыру мақсатында «SMART Volonter» жобасы қолға алынбақ. Жылдың соңына қарай бұл жобаның таныстырылымын өткіземіз. Өңірдегі барлық волонтерлік қозғалыс пен волонтер жайындағы мәліметтер арнайы платформаға біріктіріледі. Тіпті волонтерлік ұйымдар өздеріне қажетті жұмыс орындары жайында осында хабарландыру да бере алады. Волонтерлердің көмегіне зәру азаматтардың да осы платформада өтінім беру мүмкіндігі қарастырылған. Алдағы уақытта бұл платформаны арнайы мобильдік қосымша ретінде іске қосу жоспарда бар. – Жастарға арналған шаралардың көбі облыс орталығында қала жастарының немесе студенттердің қатысуымен өткізіледі деген сын жиі айтылады. Қазір бұл мәселеге қаншалықты мән берілді? Расында сіздер ұйымдастыратын шаралардан шалғайда жатқан елді мекен жастары шет қалып қойып жатқан жоқ па? – Жылдың басында облыста жастар ресурстық орталықтары директорларының кеңесі құрылды. Осы кеңестің шешіміне сай жастарға арналған облыстық іс-шараларды аудан орталықтарында өткізу бойынша ортақ келісімге келдік. Әрі аудан жастарының әлеуетіне баға беру де мақсатымызда болған. Аталған жоспар негізінде әр ауданға респубикалық немесе облыстық деңгейдегі үлкен шара өткізу туралы ұсыныс берілді. Нәтижесі жаман емес сияқты. Мәселен маусым айында Мойынқұм ауданында ұлттық спорт түрлерінен спартакиада ұйымдастырылды. Облыстың барлық ауданы мен Тараз қаласынан 11 команда қатысқан сайыс жоғары деңгейде өтті. Жастарымыз теңге ілу, асық ату, ләңгі тебу сынды ұлттық спорт түрлерінен күш сынасып қана қоймай, Мойынқұм ауданымен де танысты. Мұнан соң Меркі ауданында «Меркі 2020» кіші марафоны қолға алынып, оған қатысушы 70 жас 175 шақырымды жаяу жүріп өтті әрі Меркі ауданының 10 ауылының маңынан өтіп, табиғатымен танысты. Алғашында марафонды республикалық деңгейде өткіземіз деп ойлағанбыз. Алайда карантиндік шектеу шараларына байланысты еліміздің басқа өңірлерінен командалар қатыса алмады. Сайыстан соң марафоншылар Меркінің көрікті жерлерін аралап, ондағы тарихи нысандарда болды. Сарысу ауданында жас отбасылар байқауы ұйымдастырылып, оған 8 отбасы қатысты. Сол секілді Байзақ ауданында жас ақындар мүшәйрасын, Жуалы ауданында республикалық көңілді тапқырлар сайысын, Жамбыл ауданда жас ақындар айтысы мен жартасқа өрмелеу сайысын, Талас ауданында республикалық жұмысшы жастар форумын, Т.Рысқұлов агроөнеркәсіп саласында еңбек ететін жастар слетін, Шу ауданында «Наурыз» мейрамын тойлауды жоспарлағанбыз. Қордай ауданында Қырғыз Республикасының жастарын қонақ етіп, халықаралық сипатқа ие волонтерлер форумын өткізу де ойымызда болған. Алайда тағы сол карантиндік шектеу шаралары бөгет болды. – Жастар үшін ең өзекті мәселенің бірі – баспанамен қамту екені даусыз. Былтырдан бері Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасының пәрменімен мегаполистерде жұмысшы жастарға арнап жалдамалы пәтерлер беріле бастады. Облыста осы бағдарламаның баламалы нұсқасын іске қосу жоспарда жоқ па? – Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен жастарды баспанамен қамтудың тетігі қарастырылып жатыр. «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасында жастарды баспанамен қамту арнайы бір бөлімде қаралады. Соған сай жас отбасыларға 2022-2023 жылдары тұрғын үйдің қаңқасы ғана тұрғызылып беріледі. Бұл арқылы пәтердің өзіндік құны арзандайды. Осындай пәтерлерге ипотека арқылы қол жеткізген жас отбасылар оның ішкі әрлеу жұмыстарын өз мүмкіндігіне қарай жүргізе береді. Тиісті мекемелерге осы жобаны іске асыру бойынша ұсыныс берілді. Мұндай тәжірибе Кеңес Одағы тұсында болған екен. Сондай-ақ «5-10-20» бағдарламасында жастар арасында кең насихаттауға мән беріп отырмыз. Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалымен меморандумға қол қойдық. – Сөз соңында Жамбыл жастарының көшбасшысы ретінде оларға айтар ақыл-кеңесіңіз болса... – Жалпы, жастармен жұмыс істеу мейлінше еркіндікті талап етеді. Маған үнемі жастардың арасында болған ұнайды. Сол арқылы мен олардың мәселелерін түсіне аламын. Кабинетімнің де есігі кез келген жасқа ашық. Олар осында емін-еркін келіп, ұсыныс-пікірлерін айтып жатады. Осы ұсыныс-пікірлердің ұтымдысын жұмыс барысында басшылыққа алуға тырысамын. Жалпы, жастарға кітапты көп оқуға кеңес беремін. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға да көбірек атсалысу қажет. Тек бүгінмен қалып қоймай ертеңді көбірек ойлау да артық болмайды. Ең бастысы әлемдік пандемия денсаулықтың бәрінен маңызды екенін көрсетіп берді. Сондықтан жастар салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға көңіл бөлуі керек. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Шынболат КҮЗЕКБАЕВ
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз