Жастардың жағымсыз әрекеттер мен жаман әдеттен аулақ болуы, бала болашағына дұрыс бағыт, дұрыс тәлім-тәрбие беру үшін ұлттық тәрбиенің берері мол. Бірақ, ол үшін біз құрып отырған қоғам жастардың қызығушылығын тудыра алатындай шынайы орта қалыптастыра алуы қажет.
Бұл мәселеге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында баса тоқталған еді. Мемлекет басшысы аталған Жолдауында «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Әкімдіктердің жұмысы осы өлшем бойынша да бағаланады», деп нақты атап көрсетті. Жалпы мұндай ортаға, мұндай тәрбиеге өңіріміздегі жастар білім, мәдениет, спорт секілді басқа да салалардағы түрлі бағытта жұмыс істейтін балалар үйірмесі мен клубтар арқылы да қол жеткізе алатынына сеніміміз мол. Мәселен өңір мектептерінде қосымша сабақ ретінде жүргізілетін «Бейнелеу өнері», «Жас ғалым», «Жас техник», «Көркемсөз шебері» секілді сан түрлі үйірмелерді айтпағанның өзінде облыста балалардың шығармашылығын шыңдаумен айналысатын 13 өнер мектебі бар. Ондағы 14 мыңнан астам бала түрлі үйірмелермен қамтылған. Осының барлығы да жеткіншектердің бойындағы туа бітті қабілетін аша отырып, дұрыс тәлім-тәрбие берумен, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасаумен айналысып келеді. Бірақ, облыстағы 894 үкіметтік емес ұйымның ішінде бағытын бала болашағымен байланыстырған қоғамдық ұйымдар нендей тірлік тындыруда? Оларға мемлекет тарапынан қандай қолдаулар көрсетілуде? Осы сауалды біз облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мақпал Досымбековаға қойдық. Өйткені бұл басқарманың бір міндеті – үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестіру.
– Негізінен біздің басқарма болсын немесе өзге де мемлекеттік органдар тарапынан болсын үкіметтік емес ұйымдарға қаржылай қолдау тек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде ғана жүзеге асырылады. Яғни, облыстық ішкі саясат басқармасы да өзге мемлекеттік органдар сияқты қолдауды мемлекеттік тапсырыс негізінде көрсетеді. Біздің бір артықшылығымыз – өзге мемлекеттік органдардың азаматтық қоғамдық институттармен арада болатын қарым-қатынасын, жұмысын үйлестіріп отыру. Биыл облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс үшін жоспарланған қаржы сомасы 1 миллиард 32 миллион 600 мың теңгені құрап отыр. Ал әлеуметтік жобалар саны 133. Соның ішінде балаларға қатысты 13 миллион 600 мың теңгенің 5 әлеуметтік жобасы жүзеге асуда. Бұдан бөлек үш жылдан бері азаматтық қоғамдық институттарға мемлекеттік гранттар ұтып алу мүмкіндігі де жасалған. Ол ҚР Ақпарат және даму министрлігі арқылы жүзеге асады. Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қаржылық қолдау түрі осы, – деді М.Досымбекова.
Өңірімізде жұмысын облыстық деңгейде жүргізіп отырған он шақты қоғамдық бірлестік қана бар екен. Оның ішінде 4-5-еуі ғана белсенді. Олар кейбір үкіметтік емес ұйымдар секілді мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға қол жеткізуді ғана мақсат тұтып, орайы келгенде ғана конкурсқа қатысу арқылы белгілі бір кезеңде жұмыс атқарып, қалған уақытта да қарап отырмайды. Нақты айтқанда жастар тәрбиесіне жылдар бойы үздіксіз үлес қосып келеді. Солардың бірі – осыдан 9 жыл бұрын ашылған «Асыл-Арман» ұлттық салт-дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігі. Біз осы бірлестіктің нақты қандай бағытта жұмыс істеп жатқанын, қоғамға тигізіп отырған пайдасын айқындауға тырысып көрдік. Аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Ринат Нұрақбаевтың айтуынша, ұйым ашылған сәтте өз жұмысын Тараз қаласындағы өнерпаз жастарды жинап, оларды шығармашылық тұрғыда дайындап, балалар, қарттар үйі секілді әлеуметтік мекемелерде қайырымдылық концерттер өткізуден бастаған. Әйтсе де сол жылдары-ақ, шешендік өнер, бейнелеу өнері секілді басқа да шығармашылыққа бейім жастардың қарым-қабілетін ашу, талантын шыңдау қолға алыныпты. Бұның барлығы да осы қоғамдық бірлестіктің қазақ халқының ұлттық құндылықтарына негізделген «Қазақ өнер академиясы» бөлімі арқылы қамтылған. Сол жылы «Болашақ жастар бірлестігі» аталымымен тағы бір бағыт ашылған. Оның ішінде «Шығармашыл жастар» клубы жас ақындардың поэзиялық кешін өткізуге, олардың зиялы қауым өкілдерімен кездесуіне, тырнақалды туындыларының БАҚ бетінде жариялануына, өлеңдерінің аудио нұсқасын таспаға түсіруге мұрындық болған. Кезінде облыстық, республикалық додаларда топ жарған әнші, ақын іспетті шығармашыл жастардың алды бүгінде елге танылып үлгерсе керек. Бұдан бөлек, қоғамдық ұйымда ұлттық тәрбиеге арналған «Инабатты қыздар» клубы да жұмыс істеп келеді. Бұл клубтың алғашқы шарасы – «Тәуелсіздігіміздің жемісті 20 жылы» Тараздың инабатты 20 қызы» деген тақырыппен ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Тараз қаласында өткен қалалық «Инабатты қыздар» байқауы. Оған облыс әкімдігінің білім басқармасы қолдау білдіріп, ол 5 жылдан бері тек Тараз қаласында ғана емес, аудандарды да қамту арқылы облыстық деңгейде ұйымдастырыла бастаған. Осы тектес игі бастамалардың ішінде жамбылдықтарға кеңінен танылған шара – мектеп бітіруші түлектер арасындағы «Жас талап» интеллектуалдық телеойыны. Оның облыстық «JAMBYL» телеарнасында көрсетіліп келе жатқанына 6 жылдай уақыт болыпты. Бұл жобаның артықшылығы – ойын жеңімпаздарының М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне қалаған мамандығы бойынша тегін оқуға түсе алуында жатыр. Аталмыш оқу орны ректорының қолдауымен оза шапқаны университетте тегін білім алу үшін 100 пайыз грантқа ие болуда. Ал ІІ орын иегері 75, ІІІ орын алған түлек 50 пайыз грантпен білім алып жатыр.
Әкелер мектебі ашылса...
Бір айта кетерлігі, бұл ұйымның ұлт ұрпағының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде және ұлылар жолына жетелеуде қосқан үлесі елеусіз емес. Біз бірлестік төрағасынан алдағы жоспары жайлы сұрағанымызда, қазіргі таңда «Әкелер мектебін» ашуға талпынып жатқанын тілге тиек етті.
– Бүгінде балаға беріліп жатқан тәрбиенің ертеңгі күні қоғам тарапынан сұрауы болмай қоймайды. Өйткені, жастарға берілетін тәлім-тәрбиенің болашақта жақсы болса да, жаман болса да жемісін көретін өзіміз. Соның ішінде қазіргі уақыт ер балаларға баса көңіл бөлуді қажет етіп отыр. Себебі бүгінде ауылдық жердің өзінде әлжуаз балалар жетерлік. Қолының қары, білегінің күші бар деген жастардың өзі күнделікті тұрмыста кездесетін шаруаларға икемсіз болып өсіп келеді. Қонақ келсе қой соймақ тұрмақ, қолға су құюды білмейтіндер де бар. Менің мақсатым – «Әкелер мектебі» арқылы жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру, еңбекке баулу. Жеткіншектердің кез келген мамандықты қадір тұтуын, бақыт басқа тынымсыз еңбекпен, адалдықпен, ақыл-парасатпен келетінін ұқтыру – дейді ол.
Бұл Ринат Нұрақбаевтың облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы ретінде жүзеге асырсам деген идеясы екен. Ол «Әкелер мектебінің» әрбір орта білім беретін мекемелердің жанынан ашылғанын қалайды.
– Ондағы алқа тобының құрамына ұстаз да, ауылдың аузы дуалы ақсақалы да, фермер, механизатор, шопан, кәсіпкер секілді әр түрлі маман иесі де енсе деген ниеттемін. Алқа мүшелері бала мұрты тебіндеп келе жатқан жастарға тұрақты түрде белгілі бір уақытын бөліп, ұлттық тәлім-тәрбиемен қатар, ауыл шаруашылығы техникасының қалай жүргізілетінін, жердің қалай өңделетінін, егістікті игерудің, мал шаруашылығымен айналысудың қыр-сырына қанықтырып, ат жаратып аңға шығу, балық аулау секілді толып жатқан тірліктермен қатар, үлкенді құрметтеу, салт-дәстүрді білу, ата-ана, қыз баланы сыйлау, қонаққа табақ тарту, дастарқан мәдениетін меңгеру іспетті шаруаларды да үйретеді. Осы бағытта алқа мүшелері тарапынан арнайы дәрістер оқылады. Жылына екі-үш мәрте оның нәтижесі екшеледі. Бұған ауылдағы әкесі бары да, әкесіз өсіп келе жатқан жасы да түгел тартылуы тиіс. Ер балалардың тәрбиесімен айналысатын аудандық, облыстық, алқа тобы да құрылады. Себебі әр ауылдағы осындай тәлім алған жастар кезі келгенде белгілі бір критерийлер бойынша келесі бір ауыл жастарымен ойын түрінде сынға түседі. Олардың ішіндегі үздік ауыл жастары келесі бір аудандағы үздіктермен жарысады. Нәтижесінде ер жетіп келе жатқан өскіндер бос жүрмейді, өмірге бейімделіп, ұлттық тәрбиеге жетік болып өседі. Ұлттық тәрбиемен сусындаған балалар әдепсіздіктен, оғаш қылықтан, қылмыс жасаудан аулақ болады, – дейді Р.Нұрақбаев.
Бұл шынында да елге қажет дүние екен. Бұл ретте облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің өңірде ұлттық құндылықтарды жаңғырту, дәріптеу ісімен жүйелі айналысып, бірқатар жарқын жобаларды жүзеге асырып отырғаны белгілі. Осы орайда біз аталған мекеменің жетекшісі Зарина Қуатоваға хабарласып, пікірін тыңдап көрдік.
– Мұндай «Әкелер мектебі», Түркістан, Қостанай секілді бірқатар облыстардың тәжірибесінде бар. Ол өңірдегі «Әкелер мектебі» барлық аудан, қалалардағы орта мектептер жанынан ашылған. Ол сол аймақтағы облыс әкімдігінің тікелей тапсырмасы арқылы құрылып отыр. Оның құрамына енген азаматтар да бала тәрбиесін, салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасылық тәрбиені, құндылықты жастар бойына сіңірумен айналысады. Ал, өз өңіріміздегі «Әкелер мектебін» ашуға ниеттенген азаматтың, оның ойға алған ісінен жалпы хабардармын. Егер бұл бастаманы облыс әкімдігінің аппараты қолдаса, оны өңірде жүзеге асыруға біз дайынбыз, – деді Зарина Пердыбекқызы.
Өз ой-пікірі, әр нәрсені пайымдау қасиеті әлі қалыптасып үлгермеген жастарға сыртқы орта әсер етпей қоймайды. Өйткені сана-сезімі жетілгенімен, ақыл тоқтатып үлгермеген бала еліктегіш келеді. Сондықтан ел ертеңі жастардың дұрыс жолды таңдауы – ұлт мұраты. Бұл тұрғыда өңірдегі «Балалар үйірмесінің» жұмысы жанданып, «Әкелер мектебі» ашылып жатса, қоғам үшін пайдалы болары анық.
Нұрым Сырғабаевjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Мәдениет министрі Аида Балаева халыққа үндеу жасады
- авторМағжан Орынбасар
- 17 желтоқсан, 2024
Бүгін қазақтың аңыз әншісі Бибігүл Төлегенованың туған күні
- авторjambylinfo.kz
- 16 желтоқсан, 2024