жұма, 22 қараша, 2024 17:14

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Адель синдромы немесе Виктор Гюгоның қасіреті

Адель синдромы немесе Виктор Гюгоның қасіреті
ашық дереккөзі
Адель синдромы немесе Виктор Гюгоның қасіреті
Махаббаттың да өз емле-ережесі мен стихиясы бар. Оны қиратуға сіз бен біздің қауқарымыз жетпейді. Тіршіліктің даму заңы үнемі адамдардың пайдасына шешілетін болса, Құдайдан бірнәрсе тілеудің өзі жалған аңқаулық емес пе?! Олай болса, бір адамды шексіз сүю арқылы бір дәуірдің азабын арқалаған арудың есінен адасқанын аңызға балап, ақталып көріңізші? Бір адам қателеспегенде тұтас тарих басқаша сөйлейтін еді деудің өзі де ағаттық. Біз жауапсыздық жайлы айтқымыз келеді, бірақ ол сізге ұнамауы мүмкін... Мүмкін, ұнап та қалар... Мәжнүндік мифке тіл бітірген Адель синдромы.
Гете ақсақал: «орындалған ұсақ мақсат­тан орындалмаса да биік мақсат артық» деп, неге айтты екен, ә... Даңқты жазушы Виктор Гюгоның кіші қызының қасіретіне қартаң тарих «Адель синдромы» деген диагноз қойды. Форте­пианода шебер ойнайтын биязы бойжеткен махаббат үшін бәрін мансұқ етті. Бұл әнтек әрекет ақыры ақылды қыздың аяғына тұсау салды. Бір адамға риясыз құмарлық жанын қасіретке байлады. Шынайы сүйген адамы қолжетпесіне айналған сәтте алдағы өмірі бірсыдырғы көрінді. Махаббат магияға ұласты. Еңсесін езген торығу, назалану сезімі көңіліне үйірсек болғаны сонша, бір сәтке болса да осынау өзіндей адамға таршылық еткен дүниеден аулақ кеткісі кел­ді. Оның сартап сағынышы қызбалық­қа жетеледі. Жазылмас дерттің жалына жа­бысқан аянышты тағдыры, адамзатты осылай ойлауға мәжбүрледі. Кербездік, музыкалық талант, ақша мен атақ, бақытты өмір сүру үшін қажет дүниенің барлығы Адель Гюгоның қолында тұрған. Бірақ оның ертегі өмірі ағылшын офицері Альберт Пинсон келген мезетте күл-талқаны шықты. Әке-шешенің аялы алақанын сезініп өскен сұлу қыздың маң­дайына жазылған махаббат азабы айды аспанға шығарды. Алайда Адельдің өміріндегі алаңсыз күндер он үш жасында аяқталып қойған еді. 1843 жылы туған әпкесі Леополдина күйеуімен бірге круизбен саяхатқа шығып, алып дауылға тап болады. Ажалдың қарма­ғына іліккен әпкесі теңізге батып өледі. Әйе­лін құтқара алмаған күйеуі Чарльз да сүйік­тісінің соңынан бақиға аттаныпты. Бұл қай­ғылы оқиға бүкіл Гюго әулетінің тыныш­тығын бұзады. Әкесі Виктор ұзаққа созылған депрессияға түсіп, жеті жылда бірде-бір жол жазбайды. Ал анасы үлкен қызының рухымен сөйлесуді әдетке айнал­дырған. Әпкесіне өте жақын болған Адель де бұл қайғыдан арыла алмайды. Жиі түс көріп, өзін қылқындыруға оқталған елес­тер­дің шырмауында қалып қойғандай болады. Бәлкім, адамның алып-ұшпа көңілі ілу­де бір жабығып алғаны жақсы да шығар. Тәңір жаратқан әрбір құбылыс адамзаттың жүрегінен өтуі тиіс. Жақсы мен жаманның аражігін айыру үшін де, әмбе өзіңнің өмірде бар екеніңді сезіну үшін де. Мейлі ол орасан қуаныш болсын, мейлі ол алапат қайғы болсын. Өйткені пәруайлы пенде үшін ең ауыр қасірет – зерігу. Өмірден зерігу. Тұмшалы ой мен тынымсыз жалығу адамға удай зиян нәрсе. Дүдәмал үмітпен демін ішіне тартып өз қайғысына қамалған Адельдің тағдырының тұспалдамасы. 1851 жылы өжет жазушы Виктор Гюго III Наполеонды сынағаны үшін Франциядан қуылады. Ол алдымен Брюссельге қоныс аударды, кейінірек Ла-Манштағы Гернси аралына қоныстанды. Қайда барса да атақты қаламгер отбасын өзімен бірге ертіп жүрді. Ал туған топырағы Парижден алыстаған кішкентай Адель өзін нашар сезіне бастады. Жалғыздықтың түбіне түсті. Сондай аласапыран күндердің бірінде батыл әрі сымбатты ағылшын офицері Альберт Пинсонмен кездеседі. Алғашында сері сарбаз француз жазушысының қызына қызығушылық танытып, кездесуге шақырғанымен сылқым Адель ұсынысынан бас тартады. Сол тұста тәкаппар бойжеткен бұл әрекеті өміріндегі ең ұлы өкінішке айналатынын сезбесе керек. Сәнқұмар бикеш көрсеқызар офицерге ғашық екенін кейін байқайды. Альберт Канадаға қызметпен ауысқанда, ата-анасына ештеңе айтпастан соңынан ілесе барады. Құмар ойынға әуес жігіттің қарызын өтеп бермек ниетте әкесіне алдап хат жазып, ақша алады. Өзінің атақты жазушының баласы екенін барынша жасыруға тырысады. Жаңа ортада Альберт екеуі бір-біріне өлердей ғашық екенін айтып қауесет те таратады. Сөйтіп аты-жөнін Адель Пин­сон­ға ауыстырады. Алайда жалынды да жі­герлі офицер француз қызының қисынсыз қа­рекетін көзге ілген де жоқ. Оған әкесінің абы­ройы мен байлығы да әсер етпеді. Галифакс қаласының тұрғындары бақыт­сыз Адельге жаны ашыды. Бұл оның иллюзияларын одан әрі күшейтуге көмектесті. Ағасы Франсуа-Викторға ақыры офицер Пин­сонның әйелі болғанын сендіріп жазды. Виктор Гюго баспасөз беттеріне қызы­ның көп ұзамай «Пинсон ханым» болады деп жариялады. Жалған ақпарат жар бер­меді. Шарасыз Адель Альбертті өзіне ұсы­ныс жасауға мәжбүр ету үшін гипнозға жү­гінді. Бірақ бұл қадамы да нәтижесіз аяқ­талды. Жас офицер жергілікті судьяның қызына үйленуге оқталғанда, өзінің екіқабат екенін айтып, қорғаушы арқылы олардың келісімдерін бұзды. Үй-ішінің елге қайт деген өтінішін ғашық бойжеткен құлағына қыстырған жоқ. Өзін адал әйел ретінде елестетіп, Англия, Канада, Мальта, Америка, тіпті Барбадос аралына дейін ізінен еріп жүре берді. Альберт үйіне қайтып келе жатқанда алдынан тосып тұрған жүдеу тартқан әйелді көретін. Өмірі қорқынышты түске айналған Адельдің психикалық жағдайы асқынып кетті. Өзіне қараудан қалған қыз ғашығына үнемі хат жазып, одан хабарлама күтумен ғұмыр кешті. Батыс Үндістанның батпағына шыланып жүріп, он жылдан кейін отанына оралды. Бірақ бәрі де кеш еді... Өкініштісі сол, Францияда Адельді әкесі ғана қарсы алды. Анасы дүниеден озып қара жамылған отбасына қарасар ағайын-туыс та жоқ еді. Жазушы көңіл күйінің бұ­рауын бұзса да жалғыз перзентін елдегі пси­хиатриялық клиникалардың біріне өткізді. Өмірінің соңғы күніне дейін көз алдында баяғы ерке де сылқым қалпында сақталған баласының хал-жағдайын біліп тұрды. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, науқас әйел әрқашан да сүйіктісін аузынан тастамай, оған қайтып ораларына сенген. Өзінің жанында өмір сүрген ауыр да тәтті жылдар туралы есте­ліктерін сақтаған күнделігін қолынан тас­тамаған. Оны үнемі оқып, жаны ләззат табатын. 1915 жылы 84 жасында Адель Гюго көз жұмды. Оның соңынан ілескен дақпырт күллі әлемнің көкейінде маздады. Жауапсыз махаббат дәуірінің портретіне айналған қайғылы оқиға француз режиссері Франсуа Трюфоны сезім азабын шеккен бойжеткен туралы фильм түсіруге шабыттандырды. 1975 жылы «История Адель Г.» атты кинокартина әлемді шарлап кетті. Адель рөлін әйгілі француз актрисасы Изабель Аджани ойнады. Кейін Изабель де Адельдің азабын арқалады. Адель ғашық болған күні өлді. Оның жаны сүйгеніне көшті. Жауапсыз махаббат жолында өзін құрбандыққа шалды. Құр тәнін сүйреткен көлеңкесіз сұлу дене көшелерді кезіп жүретін болды. Ессіз құштарлықпен егіле сүйді. Оның күнәсі де сол еді. Бейкүнә күнә. Осынау оңаша, мағынасыз ғұмыры кейде әлдебір сырқаты меңдеген науқастың дәрігер меңзеген межелі күні келгенде өмір сүруге өршеленген өлермендігін не болмаса біреуге тиесілі затты тартып алуға тырысқан балабақшадағы сәбидің жұмсақ базынасын еске түсіреді. Жұмақ іздеген жолаушының шөл далада адасып, бір тамшы суға зар болып Құдайды қарғағаны секілді ессіз, ергежейлі қарекеті санаңды қарып өтеді. Осы бір қарекеттің сыртында тыныш­тық пен ләззат сыйлар өмір бары есіне қо­нып көрген емес. Көз жанары байлаулы, қарашығы өртке оранған соқырдың бағ­даршамның жасыл түсі жанғанда тас жолды кесіп өтуге оқ­талғанындай. Қайта мұның бәрінен көңі­лінде ауық-ауық бүр жаратын, сәби кү­нін­де көзімен айқын көрген әпкесінің суға батып бара жатқандағы ажал суреті, үрей қой­нын­дағы азабымен са­лыстырғанда әлдеқайда жеңіл, арзан кө­рінген шығар. Сол үрей оны өмір бойы өкшелеп қуып келе жатқанын сезсейші... Ұлы жазушының ұрпағы дәуір таспасына мүсәпір күйінде енді. Жүрегінде бақи­лыққа ұйып қалған сүйіспеншілік ауыш атан­дырды. Сезімге мас күйі ұзақ сапарға ат­танды. Сол сапар келместің сапары еке­нін аңдаған да жоқ. Өз сандырағына өзі алдан­ды. Бар айыбы – шексіз сүйгендігі. Сүю­ден қатыгездікке дейінгі қалың құсалық. Іңкәр­ліктің теңізіне батты. Жауапсыз махаббаты үшін жанпидалыққа барды. Бірақ оны ешкім түсінген жоқ. Ашығын айтсақ, түсінгісі келмеді. Қиялына қанат бітірген құсни хаттар ақылынан алжастырды. Махаббат алжасты. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де мөлдір ма­­хаб­бат – екеудің әңгімесі. Оны бір адам тү­сін­діре алмайды. Біздіңше, бұл – Адельдің емес, француз әде­биетінің биік шыңы Виктор Гюгоның қасіреті. Тағы ойланып көріңізші... Гете ақса­­қал: «орындалған ұсақ мақсаттан орындал­маса да биік мақсат артық» деп неге айтты екен, ә?..
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар