сенбі, 28 желтоқсан, 2024 7:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Алаштың арда ұлы

Алаштың арда ұлы
ашық дереккөзі
Алаштың арда ұлы
Тағдырдың жазуына амал бар ма? Сұм ажал тамыздың екінші жұлдызы күні Алаштың арда ұлы, ел мақтанышы Жақсылық Үшкемпіровті арамыздан алып кетті. Төбемізден жай түскендей болды. Жақсылықпен таныс болған қырық жылға таяу уақытта төрт Олимпиада ойындарында, Алматы мен Астанада өткен қысқы Азия ойындарында, бірнеше халықаралық жарыстарда, Өскемен мен Семейде, Шығыстың аудандары Көкпекті, Жармада бірге болған едік. Сонда байқағаным, Жәкең нағыз халықтың сүйікті ұлы болды.
Жақсылықтың мектебі ...1984 жыл. Алматы Жо­ғары партия мектебінің тыңдау­шысымын. Бізбен қатар оқитын Торғайдың Амангелді деген жігіті бірде мені Жақсылықпен та­ныс­тырды. Екеуі Семейдің мал дә­рігерлік институтында бірге оқыпты. Кез келген адаммен тіл табысып, шүйіркелесе ке­тетін Жақсылықпен тіл табысып, араласа бастадық. Екеуімізді спорт жақындастырды десек те болады. Күрес түрінен қазақ жастары арасында Олимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы жайлы облыстық газетке ма­қала жазғаным есте қалыпты. Оқу бітіріп елге оралған соң оқта-текте болса да хабарласып тұрдық. Кездесе қалғанда әңгімелесіп, спорт тақырыбын қаузайтынбыз. Бір бай­қағаным, Жақсылық өте қарапайым, үлкенмен де, кішімен бірден тіл табысып, емен-жарқын әңгімелесетін. Семейдегі мал дәрігерлік институтына оқуға түсерде Жәкеңнің тиыны таусылып қалып не істе­рін білмей дал болады. Бірде қаланы қақ жарып ағып жатқан еліміздің бас өзені Ертістің жағасына келеді. Міне, қызық! Өзеннің жағасында малдасын құрып алып балаларды Ертіс өзенінің ар жағына малтып шыққандарға бес сом ақша беремін деп отырған егде жастағы адамды көреді. Бес сом қыруар қаржы. Салып ұрып жанына келеді. – Аға мен дайынмын. Көзін сығырайта қараған ел ағасы кенеттен: – Қай жақтың баласысың? Ертіс ағын­ды, асау өзен. Бұл өмі­ріңе қауіпті ғой, – деді байыппен. – Талас өзені де асау. Оның арғы-бергі жағына күніне бірнеше рет, тіпті кейде он рет жүзіп өте­тінбіз. Хош, сонымен Таласты бағын­дырған жүректі балаң жігітке сол күні Ертістің арғы, бергі жағына екі рет жүзіп өтуге тура келді. Он сом­дықты ұсынып жатып, жарыс­ты ұйымдастырған қария «балам алған бетіңнен қайтпайтын өжет екенсің, осы бетіңнен тайма», деді ризашылықпен. Сол жолы сабақты іс сәтімен дегендей Жақсылық Семейдің мал дәрігерлік институтына оқуға түсті. Бес жылда еркін күреспен, соңынан грек-рим күресімен мық­тап шұғылданды. Олимп шы­ңын бағындыру қасиетті де киелі Семей елінен басталды десе болғандай. Семейге келген сайын ол қаланы аралайтын, ерке Ертістің жағасына барып, жастық шағын еске алатын. Семейге деген Жәкеңнің ыстық ықыласы ерекше еді. Тек Семейде емес, шырайлы Шығыста Жақсылықтың достары, спортты серік еткен інілері аз емес, Олимпиада чемпионы келе қалса балалармен кездесулер өткізетін. Семейліктер де Жақсылықты ерекше құрметтейтін, өз балаларындай бауырына тартатын. Соның нақты дәлелі емес пе, өткен жылы Семейдегі дарынды балаларға арналған спорт академиясына Жақ­сылық Үшкемпіровтің есімі берілді. Бұл шараға біз де қатысқан едік.   Сиднейдегі сағым жылдар ...Сиднейге 2000 жылдың 23 қыр­күйегінде аттандық. Бізбен бірге бір топта Жақсылық, Шымкенттегі балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебінің же­текшілері Шертай Әмірбеков, еркін күрестен еліміздің үш дүркін чемпионы, жоғары дәрежелі төреші Түсіпхан Сайханов, тіс дәрігері, спорттың нағыз жанашыры Мүсілім Дайырбеков, бес-алты журналист, Қазақстанның әр өңірінен жиналған азаматтар бар. Бірде тобымызбен грек-рим күресі шеберлерінің белдесуін тама­шаладық. Себебі сол күні Ат­ланта Олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко күресетін еді. Оның қарсыласы оңтүстікко­реялық Әлемнің екі дүркін чем­пионы Ким Ин Суб. Амал бар ма, қанша тырысқанмен Юра оң­бай ұтылды. Белдесуде дөрекі қимыл танытты деп Дәулет протест беріп еді, ол қабылданды. Юра тағы да ұтылды. Қасымда отыр­ған Жақсылыққа қарап едім, өңі түтігіп кетіпті. – Юраға не болған? Киммен бұрын белдескенде оны жеңген. Нағыз сын сәтте намысты жанып, жеңу керек еді. Екі рет­те де қарсыласы талассыз ұтты. Медаль­­дың ауылы алыстап кетті-ау. Тым болма­са Мат­виенко қарсыласынан басым түссе екен. Сол күні жерлестеріміздің жолы болмады. Матвиенко да жанкүйерлерін жерге қаратты. – Мақсатымыз – Қазақ елі саң­лақтарын сын сәтте қолдау, жанкүйер болу. Сол үшін сонау Қазақстаннан 54 турист, журналис­тер келді. Грек-рим күресі ше­берлері бүгін ұтылғанымен, ертең жеңуге күш салатыны сөзсіз. Еркін күрес шеберлерімен ертең жо­лығамын, тәжірибемді ортаға саламын, – деп ағынан жарылды Олимпиада чемпио­ны Жақсылық Үшкемпіров. Жақсылықпен бірге екі апта Сид­нейдегі жарыстарды тама­шаладық. Қа­зақ­станнан келген жанкүйерлер бокс сайысынан қалмады десек те болады. Бекзат пен Ермахан алтыннан алқа тақ­қанда, Мұхтархан мен Болат күміспен күптелгенде Жақсылық балаша қуанды. Жиырма жыл зарықтырған алтын алқаны алып жатқан кезде Бекзатты құшақтап, батасын берді. Еркін күрестен қа­рашайдың қайсар ұлы Ислам Байрамуков күміс алқаны иеленген кезде бауырынша ерке­летті. Сиднейдегі сағым жылдар есте ұзақ сақталмақ. Жақсылық аңқау, кейде қалжыңдап айта салған әзілге де балаша сеніп қалатын. Олимпиада ойындары аяқталған соң бізді Саламандра деген аралға апарып, екі-үш күн демалдырды. Себебі 120 мемлекеттен келген туристерді елдеріне қайтару оңай шаруа емес. Күтуге тура келді. Қайтарда әуежайда Жақсылықты жоғалтып алдық. Жақсылықтың қасынан бір елі қалмайтын Тү­сіпхан Сайханов ұшаққа билет­терді тіркету басталған кезде алақ-жұлақ етіп қасымызға жүгіріп келді. – Жақсылықты көрдіңдер ме, мана әуежайға бірге кірген. Таба алмай қалдым, – деді сасқалақтап. Бәріміз Жақсылықты іздей бас­тадық. Ақыры оны Түсіпхан тауып әкелді. Сөйтсе, Жәкең Мәскеу Олимпиадасында күрескен Ресей­дің бірнеше балуанымен кафеде жолығып, әңгімеге алаңсыз кіріскен ғой. Абырой болғанда чем­пионымыз табылып, елге аман есен оралдық. Қазақстан қор­жыны қомақты. Үш алтын, төрт күміс­пен, жалпы командалық есепте 22-ші орынға табан тіреген, елге оралған саңлақтарды нағыз батырларша қарсы алды...   Жақсылықтың «құлағы» Спортты бала кезден ұнатқан­дықтан болар Олимпиада ойындарына жанкүйер ретінде қатыспасақ ішкен асымыз бойға қонбайтын «дертке» шалдықтық. Дүбірлі жарыстар өтеді-ау дегенде мазаланып, қалайда барудың қамын жасай бастаймыз. 2004 жылғы Афина Олимпиадасына көлігімді сатып, ақыры барудың амалын таптым-ау. Жәкеңнің Афинаға да, 2006 жылы Туриндегі Ақ Олимпиадаға да жолы түспеді. Есесіне, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына барды. ...Алматы әуежайы. Үстеріне спорт киімдерін киіп алған туристер, елге есімі белгілі спорт саң­лақтары жинала қалыпты. Таудай болып Әбілсейіт аға жүр. Қасында жұбайы Кәмеш апай. – Ағаларыңның тұңғыш Олим­пиадасы. Өзі кеше ғана екін­ші мәрте инсульттен сауығып шық­ты. Спорт министрі Те­мір­хан Дос­мұханбетовке мың алғыс, Қазақ елінің бес бірдей спорт жұлдызын Олим­пиадаға тегін жіберіп отыр. Жақсылық, Ермахан, Ольга Шишигина, Анатолий Храпатый бар деген, өздері көрінбейді ғой. Ағаңа көз қырыңды сала жүр, – деп Кәмеш апай шегелеп тапсырды. Сәлден кейін Жақсылық, Ерма­хан, еркін күрестен Қазақстанның үш дүр­кін чемпионы Асқарбек Иманқұлов қа­­та­­рымызға қосылды. Сол әуежайда оты­­рып атақты ауыр атлет, Олимпиада ойын­­­дарының чемпионы Анатолий Хра­патыйдың оқыста қайтыс болғанын есті­генде барлығымыз мұңайып қалдық. Ұшақ салонында Әбілсейіт аға екі күннен кейін белдесуге шығатын Асхат Жіткеевке батасын берді. Бейжіңде мен Әбілсейіт аға­мен, ал Жақсылық пен Асқар­бек көрші бөлмеде жатты. Сей­дахмет Бердіқұлдың шәкірті, қазақ спортының өркендеуіне ерекше үлес қосқан жазушы, спорт журналисі Несіп Жүнісбай, елден барған бір топ журналистер Олимпиада қазанында бірге қай­надық, елге жедел хабар-ошар жібере бастадық. Жақсылық, Ас­қантай, Несіп күн сайын дерлік таңертең келіп Әбілсейіт ағасына сәлемдесіп шығады, кешегі жарыстар туралы ойын ортаға салады. Қазақ елі балуандарының Олимп шыңына көтерілетін уақыты жеткенін әңгіме етеді. Біз Жақсылық, Ольга Шиши­гина, Несіп, Әбілсейіт аға, Асқан­тай бесеуіміз күн сайын балуандар сайысын тамашалаймыз. Бір күні Таймураз Тигиевтің фи­налдық айқасын көруге келдік. «Егер дұрыс әдіс қолданып, батыл қимылдаса Тигиевтің алтын алуы мүмкін», деді Әбіл­­сейіт аға. «Әй білмеймін, жартылай финалда грузин Г.Гогчелидзені әрең жеңді, оның үстіне мойнынан жарақат алып қалды», деп алаңдаушылық білдірді Жақ­сылық. Жақсылықтың айтқаны келді. Тигиев ақтық сында жігерсіз күрес­ті, қарсыласы ресейлік 20 жасар Шервани Муратовқа есе жіберді. Сол күні ауыр салмақтағы тағы бір жерлесіміз Марид Муталимов қола медальды қоржынға салды. Қалай дегенде де, балуандар Бейжіңде тәуір күресті. Грек-рим күресінен Әсет Мәмбетов пен Нұрбақыт Те­ңізбаев қола, әйелдер күре­сінен Елена Шалыгина қола, ал ұшақта балуан ағасының батасын алған Асхат Жіткеев күміс алқаны қанжығасына байлады. Бір күні Жақсылық, Несіп, алма­тылық кәсіпкер Әсет Дәуле­тов бар төртеуіміз біз жатқан бес жұлдызды «Ю-ианг» қонақ үйі жанындағы мейрамханаға келдік. Қытайдың удай ащы тағамы жа­лықтыра бастаған кез. Тұшпара же­гіміз келіп тапсырыс берейік десек бізді түсінбейді. Ақыры ме­нің көзіме Жақсылықтың мыж-мыж тұшпараға ұқсайтын құлағы түсе қалды. Қуанып кеттім де до­сымның құ­лағын ұстап көрсет­кенім сол еді даяш­ы қыздар күліп жіберді. Бұдан кейін тұшпара жеу қиынға соқпады. Тұманды Альбион елінде ...Тұманды Альбион түнеріп қарсы алды. Лондонда жаңбыр жиі жауады, тіпті толас таппайды деуге келеді. Жақсылықпен бірге көне қаланың тарихи жерлерін аралауға уақыт таптық. Ауыр атлеттеріміз ерледі. Төрт алтынды алған кездегі елден барған жанкүйерлердің қуанышы есте қалады. Илья Ильин алтын алған күні кеш­кілік «Қазақ үйінде» бас қостық. Спорт басшылары мен журналистер де осында. Несіп екеуіміз сыртылдатып фо­тоға тү­сіре бастадық. Илья кіріп кел­генде жи­налғандар тұрып қарсы алды. Ақжарма тілектер айтылып жатыр. Жақ­сылық сөз алып, «сіп-свежий» чемпионды құшағына алып, құттықтады. Амал бар ма, Лондонда ауыр атлеттер қоржынға салған төрт алтыннан арада бірнеше жылдан кейін айырылып қалдық. Алайда, Чиншанло, Манеза, Подебедова және Ильиннің әлем чемпионаттарында иеленген жүлделері Қазақ елінің спорт тарихында алтын әріптермен жазылып қалатыны сөзсіз. – Мен бір нәрсені түсінбеймін. Бей­жіңде де, Лондонда да Ильин­нен Олим­пиада басталмас бұрын, сосын да сан рет сынама алынды. Арада бірнеше жылдан кейін теріс нәтиже шыққаны қалай? Сірә, Олимпиадаға да саясат араласып кеткен сияқты, – деген еді Жақсылықпен әңгімелескенде. ...Бұдан кейін Қазақ елі мақтан тұтып, басқаларға үлгі ететін Жақ­сылық Әмір­әліұлымен бірге Сочи Олимпиадасында екі апта бірге болып, қызығы көп қысқы спорт ойындарын бірге тамашаладық. ...Қайран, Жақсылық! Келер жылы алтыншы мамырда 70 жыл­дық мерейтойын атап өтуші еді Қазақ елі. Халқымыз Жақсылығын алақанына салып еркелетті, көзі тірісінде Семейдегі спорт академия­сына есімін берді. Кіндік қаны тамған қасиетті Тараздағы спорт кешеніне де Жақсылықтың есімін береді деген хабарды естідік. Жыл сайын еліміздің бір­неше қала­ларында Жақсылықты еске алуға арналған халықаралық тур­нир өткізіп, талантты балаларды ол жарысқа қатыстырып, тома­ғасын сыпырса, күні ертең талай Жақсылықтың абыройды асқақ­­татары сөзсіз! «Жаның жәннатта болып, пейіштің төрінен орын алсын», дегім келеді бұл жалған дүниеден қош айтыс­қанына 40 күн толған досыма.   Оңдасын ЕЛУБАЙ, «Қазақстанның құрметті спорт қызметкері», «Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері
egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар