Тарих-таным
Майя өркениеті күнтізбелер жүйесі мен сәуегейліктің ғылыми негіздері
- авторjambylinfo.kz
- 10 қыркүйек, 2020
- 207
Майя өркениеті күнтізбелер жүйесі мен сәуегейліктің ғылыми негіздері
Бүгінгі Мексика жерін біздің заманымыздың V-X ғ.ғ. аралығында мекен еткен майялардың биік өркениеті, әсіресе олардың математикасы мен күнтізбелер жүйесі әлемді әлі күнге дейін таңғалдырып келеді. Оларды 40 жыл бойы зерттеп-зерделеген көрнекті америкалық ғалым, математик, тарихшы, өнертанушы әрі суретші Хосе Аргуэлльес майя ғылымы мен білімінің негізінде жазған өзінің «Майя факторы» атты құнды монографиясымен қатар басқа да елеулі ғылыми еңбектерін жариялап, жиырмасыншы ғасырдың соңына таман Уақыт заңын ашты және оны бүкіл әлемге паш етті.
Ғалымның пікірінше, майялар уақыт заңдылығы мен оның қыр-сырын шегіне жеткізе меңгерген аса білгір халық болған. Олар уақыт заңын өте шебер қолдана білудің арқасында Жердің галактика кеңістігіндегі орны мен орбитасын дәл анықтаған. Ол – ол ма? Майялар уақыт пен математикаға байланысты қазір қолданыста жүрген үштік өлшемнен адамзаттың төрттік өлшемге қай заманда ауысатынын да алдын-ала болжап қойған сыңайлы.
Археологтардың зерттеулері дәлелдеп отырғандай, майялар жоғарыда аталған замандарда өздері мекендеген үлкен аймақта бір-бірінен алшақ орналасқан ондаған ірі қалалар салғаны белгілі болып отыр. Әлгі қалалардың басты нысандарын пирамидалар жүйесі мен тасқа ойылып жазылған иероглифтерге толы стеллалар мен тастан тұрғызылған өте сәнді ғимараттар құраған. Алайда майя өркениетіне тән, бірақ бүгінгі ғалымдарға түсініксіз әрі осы уақытқа дейін нақты шешімі табылмай келе жатқан «майялар неліктен өздері салған сәулетті қалалары мен әлі салынып бітпеген ірі құрылыс нысандарын күрт тоқтатып, із-түзсіз кеткен?» деген жұмбақ сыр бар. Мұның себептері мен салдарын әлем ғалымдары әлі күнге дейін іздеумен келеді. Солайы солай болғанмен, біздің заманымыздың 830-жылдары іздерін күрт суытқан байырғы майялардың аман қалған мәдени мұраларын жан-жақты зерттей келе, ғалымдар олардың математика ғылымына өте жүйрік болғанын бір ауыздан мойындайды. Оның үстіне майялар қазіргі заманда біз қолданып жүрген ондық жүйеге негізделген математиканы емес, жиырмаға негізделген математика жүйесін шебер меңгерген. Бұл озық жүйені майялар өздері тұрғызған зәулім пирамидалар мен сәулетті қалалар салу үшін ғана емес, сонымен қатар күні бүгінге дейін бүкіл әлемнің таңдайын қаққызып отырған күнтізбелер жүйесін құрастыруға да кеңінен пайдаланған.
Біздің заманымызға дейін тек үзік-үзігі ғана жеткен майялар қалыптастырған ұлы өркениет құндылықтары толығымен сақталып қалуы да әбден мүмкін еді. Бірақ, өкінішке қарай, испандық конкистодорлар оларды қолдарынан келгенінше жойып жіберуге тырысқан. Мына бір мысал – әлгі сорақылықтың айқын дәлелі: 1562-жылы түн мезгілінде майялардың Мани дейтін қаласында Диего де Ланда есімді испандық епископ өз жарлығымен байырғы майялардың баға жетпес өнер туындыларын, кітаптары мен қолжазбаларын түгел жиғызып алып, түгін қалдырмай өртетіп жіберген. Бұл шектен шыққан айуандық әрекет Мысырдың Александрия қаласының Үлкен кітапханасына жасалған вандализммен пара-пар-тын. Өзінің жымысқы мақсатпен әдейі жасаған қылмысын бүркемелеу үшін, әлгі епископ: «Біз өте көп кітап тауып алдық, бірақ олардың ішінде соқыр сенім мен адамды еліктіріп, шайтан жолына азғыратын дүниелерден басқа ешнәрсе болмағандықтан, оларды түгелдей өртеп жібердік. Ал үндістер бұған қатты өкінді», – деп жалған мәлімет таратқан.
Кейін анықталып отырғандай, конкистодорлар қанша тырысқанымен, майялардың қалаларын түгелдей жойып жібере алмаған. Себебі бітік өскен тропикалық ормандар майялардың кейбір өркениет ошақтарын конкистадорлардың көзінен тасалап, аман сақтап қалған. Жоғарыда суреттелген айуандықтан соң 250 жыл өткен кезде, лорд Кингсборо және Джон Ллойд Стефенс секілді әйгілі саяхатшылардың жазбалары жарық көре бастады. Осының арқасында майялардың өркениетіне деген қызығушылық қайта жанданып, тек содан кейін ғана майялардың өнер мен ғылымға иек артқан ұлы өркениетін бүкіл әлем мойындай бастады.
Стефенс ит тұмсығы өтпейтін орман-тоғайларды кезіп, олардың шырмауында қалған майя қалаларының қалың мүк басқан сілемдерін іздеп тауып, байырғы майя өркениетінің қаншалықты биік деңгейде болғанын, тіпті кезінде әлгі өркениеттің шарықтау шегіне жетіп, алтын ғасырды да басынан өткізгенін, бірақ сөйте тұра, жасампаз майялардың тарих сахнасынан түсініксіз жағдайда ғайып болып кеткенінің куәсі болады. Стефенс жазбаларын оқыған археологтар енді тропикалық ормандардың қалың құрсауында қалған адам таңғаларлық сәнді де сәулетті сарайларға, пирамидалар мен ғибадатханаларға толы байырғы майя қалаларын біртіндеп арши бастайды. Олар майялардың жазу жүйесінің негізін құрайтын иероглифтерге де жете мән беріп, зерттеу жұмыстарын қолға алады. Бірақ, өкінішке қарай, олардың сыры әлі күнге дейін толық ашылған жоқ.
Майя өркениетіне байланысты өз жазбаларында Джордж Стюарт мынадай бір өте құнды пікір келтіреді: «Еуропа орта ғасырда қаратүнек замандарды бастан кешіріп жатқанда, майялар адамзат өркениетінің керемет үлгісін жасап үлгеріпті».
Бүгінгі заманда белгілі болып отырғандай, майя халқы, негізінен, Гондурастағы Копан секілді қала-мемлекеттер мен Гватемаладағы Тикаль және Мексикадағы Паленке, Чиапас секілді ірі-ірі діни орталықтардың төңірегіне топтасып өмір сүрген.
Археолог Thomas D.H есімді ғалымның ізденістері де нәтижелі болды. Мысалы, ол ғалым майялардың жазу мәдениетіне қатысты түрлі-түсті бояулармен көмкерілген иероглифтермен қатар, нефриттен жасалған моншақтар мен алқаларды, скульптура үлгілері мен қыштан жасалған бұйымдарды, мыс пен алтыннан жасалған өте бағалы бұйымдар мен керемет өнер туындыларын да қазып алады. Бірақ олардың барлығын былай қойғанда, ғалымдарды ерекше таңдандырған ғажап дүние майялардың астрономиялық және математикалық білімдерінің соншалықты тереңдігі болатын. Мұның бұлтартпас дәлелдері майя халқының жоғарыда аталған испандық епископ әдейі ұйымдастырған өртте мүлде жанып кетпей, жұлық-жұлықтары ғана аман қалған үш кітап-кодекстен анық байқалады. Ол кітаптардың күйік шалған қалдықтары бұл күнде Мадрид, Дрезден және Париж қалаларының музейлерінде сақтаулы тұрғандықтан, олар соңыра әлгі қалалардың атауларымен байланысты Мадрид, Дрезден және Париж кодексі болып аталып кеткен.
Олардың алдыңғы екеуі астрономия мен болашақты болжайтын сәуегейлікке бағышталса, соңғысы – салт-дәстүрлер мен жосын-жоралғыларға және майя құдайлары мен астрологияға бағышталған жазба туынды. Осы айтылғандармен қатар майялардың ғарыш әлеміндегі планеталар мен жұлдыздар жүйесін бақылайтын обсерваторияларының да болғандығы белгілі болып отыр. Мысалы, Чичен-Ице қаласында орналасқан обсерватория күмбезіндегі терезе тәріздес ойықтан майялар күн мен түннің теңелетін кезіндегі Күнді бақылай алатын болған. Астрономиялық есептерінің дәлдігі мен мінсіздігі жағынан майялар алдына жан салмағаны байқалады. Тіпті бүгінгі заманның ең озық астрономиялық технологияларымен қатар, ең ұшқыр телескоптарымен қаруланған астрономдар да майялардың төрттік өлшемдегі математика мен астрономия ғылымдарын соншалықты терең меңгергендеріне еріксіз таңдай қағады. Өйткені майялардың Ай, Күн, Жер, сондай-ақ Күн жүйесіне кіретін өзге планеталармен қатар Шолпан және Үркер топ жұлдыздарының циклдарына қатысты есептерінің бүгінгі астрономдардың қол жеткізген нәтижелерінен асып түспесе, ешбір кем түспейді. Демек, майялар сомдаған өркениетке тән ғылым мен білімнің аса жоғары деңгейде болғаны күмән туғызбайды.
Бұл күнде майялардың әр қилы мақсаттар үшін пайдаланған 17 түрлі күнтізбе жүйесі болғаны белгілі болып отыр. Алайда солардың ішіндегі ең жиі қолданылатын үш әмбебап күнтізбесі ерекше назар аударады. Олардың біріншісі – қазіргі заманда адамзаттың басым көпшілігі қолданып жүрген 365 күндік Григорий күнтізбесіне ұқсастау келетін Хааб деп аталатын азаматтық күнтізбе. Бұл күнтізбе бойынша бір жыл әр қайсысы 20 күндік 18 аймен (18х20=360) қоса, атауы жоқ 5 күннен, яғни бас-аяғы 365 күннен тұрады. Алайда соңғы бес күнді халық жаманшылыққа ұшырататын қатерлі мезгілге жорыған. Сосын Күн циклымен сәйкестендіріп жасақталғандықтан бұл күнтізбе, негізінен, күнделікті өмірге қажетті шаруашылық жүргізу үшін қолданылған.
Майялардың екінші күнтізбесі – Цолкин деп аталатын 260 күндік Ай күнтізбесі. Бұл жүйенің қыр-сыры да, жұмбағы да өте мол. Біріншіден, осы күнтізбе арқылы майя абыздары діни салт-дәстүрлерді өткізетін мезгілдерді белгілеп, оларды киелі саналатын осы күнтізбеге сәйкес атқарып отырған.
Майялардың 260 күндік Цолкин күнтізбесі Хааб күнтізбесінен әлдеқайда қысқа екендігіне қарамастан, мұндағы 13 ай да 20 күннен тұрады (20х13=260). Алайда бұл екі күнтізбенің бір-бірімен үндестік табатын, яғни қабысатын тұсы да жоқ емес. Мәселен, Хааб күнтізбесінің 52 циклы (52х365) мен Цолкин (Ай) күнтізбесінің 73 циклы (73х260) 18980 күнге теңеседі. Демек, соңғы сан (18980) майялар ойлап тапқан Күн күнтізбесінің 52 жылдық 365 ғасыры мен Ай (Цолкин) күнтізбесінің 260 ғасырына теңеседі. Шындығында да, майялардың бір ғасыры 52 жылмен ғана шектелген.
Үшінші күнтізбе – майялардың «Ұзын есеп» деп аталатын миллиондаған жылдарды қамтитын күнтізбесі. Бұл күнтізбе бойынша «Ұзын есеп» біздің заманымыздан 3113 жыл бұрын басталып, 2012-жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл жүйенің сөздігінде: kin (бір күн), uinal (20 күндік бір ай), tun (360 күндік бір жыл немесе 18 uinal/ай), katun (20 tun/жыл), baktun (20 katun немесе 400 жыл) сияқты сан атауларымен қатар, олардан да үлкен ұғымдарды білдіретін: pictun, calabtun, kinchiltun және analtun сияқты терминдер де кездеседі. Мәселен, бір analtun 64 миллион жыл деген ұғымды білдіреді. Сол сияқты, айтулы бір уақиғаның орын алған мезгілін белгілеу үшін майялар сан есімдердің мына реттегі бес жүйесін пайдаланған: baktun, katun, tun, uinal, kin. Мысалы, белгілі бір стеллаға бәдізделген 9.10.19.5.11 секілді майя цифрларының мәнін былайша ашуға болады: 9 baktun (1296000 күн), 10 katun (72000 күн), 19 tun (6840 күн), 5 uinal (100 күн), 11 kin (11 күн). Бұлардың жалпы қосындысы 1374951 күнге немесе шамамен, 3767 жылға тең. Ал майялардың тастан тұрғызған бір стелла-ескерткішіндегі «Ұзын есеп» жүйесімен қашалып таңбаланған жазулар 90 миллион жыл бұрын орын алған уақиғадан хабар берсе, енді біріндегі таңбалар керісінше, 3000 жылдан кейін, яғни келешекте болатын уақиғаға жөн сілтейді.
Бұл орайда 1952-жылы археолог Альберто Рус ашқан Мексиканың Паленке қаласындағы «Таңбалы ғибадатхана» деп аталатын пирамиданың табанынан 30 метр тереңдікте жерленген майялардың атақты патшаларының бірі, сұңғыла көсем Пакаль Вотанның 20 тонна тартатын тастан сомдалған саркофагының 8 шаршы метрлік, төрт бұрышты, тас қақпағының бетіне бәдізделген 13 жұмбақ ақпаратқа соқпай өту мүмкін емес. Өйткені Пакаль Вотан біздің заманымыздың 631-683-жылдары аралығында 52 жыл бойы ел басқарып, майя өркениетіне айтарлықтай үлес қосқан мәртебелі тұлға-тын. Ол әсіресе, пирамида құрылыстарына зор мән берген және күнтізбелер мен жазу жүйелерін қалыптастыруда үлкен рөл атқарған. Сонымен қатар пайғамбарлығы мен сәуегейлік қасиеті мол абыз адам болған. Дүниеден өтер алдында Пакаль Вотан халқына: «Ғарыштан хабар алып, қайта ораламын» деген өсиет қалдырған деседі.
Археолог Альберто Рус тапқан саркофаг қақпағының сыртқы бетіне бәдізделген ақпаратты 40 жыл бойы сараптай келе, ерлі-зайыпты Хосе және Ллойдин Аргуэлльестер көптеген жұмбақ сырдың астарын ашты. Мәселен, Пакаль Вотанның саркофагы абыз тұлғаның жерленген мезгілінен 1260 жылдан кейін ғана ашылған [1952 – 692 = 1260] болатын. Міне, дәл осы соңғы санды (1260-ты) Хосе Аргуэлльес бүгінгі адамзат қолданысында жүрген жасанды уақыт жиілігінің кодына, яғни 12:60-қа сілтеме деп қабылдаған. Ал жоғарыда аталған «Ұзын есеп» циклының аяқталған мезгілін, яғни 2012 жыл мен Пакаль Вотан жерленген 692 жыл аралығындағы 1320 жылды (2012 – 692 = 1320) сұңғыла ғалым табиғи уақыт жиілігінің кодына, яғни 13:20-ға балаған. Сөйтіп, саркофаг бетіндегі жазуларды Пакаль Вотанның өз халқына арнап қалдырған өсиеті деп тұспалдаған. Өйткені ғалымның бұлайша топшылауына да толық негіз бар. Себебі төрт бұрышты тас қақпақтың оңтүстік қырындағы 8 Күн, 6 Айна деген белгілер Пакаль Вотанның туған күні мен дүниеден қайтқан күндерінен хабар береді. Сосын бұл екі санның қосындысы – 14 немесе 28 күндік айдың тең жартысы. Қақпақтың шығыс жақ қырындағы екі топ таңбалардың бірінші тобы – 5 Жер, 7 Сарбаз, 9 Қол, 7 Күн. Мұндағы сандардың қосындысы – 28. Екінші топты 11 Жылан, 2 Адам деген белгілер құрайды және ондағы сандардың қосындысы – 13. Демек, әлгі сандар – әр айы 28 күннен, әр жылы 13 айдан тұратын галактикалық табиғи ритмге (ырғаққа) негізделген майя күнтізбесін меңзеп тұр. Қақпақтың солтүстік қырында 2 Екі дүниені жалғастырушы деген мәлімет бәдізделген. Майялардың ұғымында бұл – ажалдың белгісі. Сонымен қатар жұмбаққа толы бұл символ – Марс планетасының да белгісі. Қақпақтың батыс жақ қырында тағы да екі топ белгілер бәдізделген. Олардың бірінші тобы – 3 Маймыл, 4 Ит. Ондағы сандардың қосындысы – 7. Бұл белгілер қақпақтың шығыс жақ қырындағы 13-ті бейнелейтін екі белгіге қарама-қарсы орналасқан. 7 мен 13 – Цолкин күнтізбесінің негізгі сандары және бұлардың қосындысы – 20. Екінші топқа кіретін 1 Күн және 13 Екі дүниені жалғастырушы деген ақпараттағы сандардың қосындысы тағы да 14-ті құрайды. Сонымен Пакаль Вотанның саркофагындағы 13 ақпаратқа қатысты сандардың жалпы қосындысы 78 болып шығады. Бұл санды Аруэлльестер – Космос Айнасының жасырын белгісіне балайды. Бұл құпия сырды шешуге Хосе Аргуэлльес пен оның жұбайы Ллойдин Аргуэлльес 40 жыл өмірлерін арнаған-ды. Майя өркениетін зерттеушілердің қай-қайсысы болмасын майя абыздарының болашақты болжай алатын сәуегейлік қасиеті болғанын мойындайды. Бұл тұжырымның негізсіз емес екеніне жоғарыда суреттелген құпиялы мәліметтер нақты дәлел. Сосын байырғы майялар галактиканың ішкі сыры мен заңдылықтарын өте жетік білген сыңайлы. Сол білімнің арқасында олар сол замандарда-ақ, 2012 жылғы желтоқсан айының 21 жұлдызын бастап біз тіршілік етіп отырған ғаламшарда тарихи бетбұрыстар мен ұлы өзгерістер болатынын алдын ала болжап қойған. Алайда әлгі құбылыстардың бүге-шігесі бізге толық жетпей қалған. Бірақ олар біртіндеп ашылатын болар...
Ғалымдардың кейбірі әлгі бетбұрыстарды «ақырзаман» болар деп топшыласа, енді біреулері майялардың сәуегейлігін жер шарына енетін жаңа заман немесе адамзаттың рухани жаңғыру эрасының басы немесе галактикалық биік сананың басталатын мезгілі болуы да мүмкін деп болжамдайды. Ал астрономдардың пікіріне келетін болсақ, біріншіден, 2012 жылғы желтоқсан айының жиырма бірі қысқы маусымдағы күн мен түннің теңелетін мезгіліне дөп келеді екен. Бұл, әрине, аса таңданатындай құбылыс емес. Алайда дәл cол күні Күн, Жер және Күн жүйесіне кіретін өзге планеталар өзіміз өмір сүріп отырған Галактиканың дәл ортасынан өтетін Құс жолының ішіндегі бір сызықтың бойына тізіле орналасқан-ды. Бұл – әрине, кімді болса да қатты ойландырған ғажап құбылыс еді.
Дәл осы арада: «Бұдан мың жылдан астам бұрын қазіргі адамзат тіршілік етіп отырған ғаламшарда орын алатын әлгіндей құбылыстарды майялар алдын ала қалай болжаған?» деген сұрақ туатыны заңды нәрсе. Өйткені майя сәуегейлері өмір сүрген замандарда не линза, не телескоп, не осы заманның космосқа байланысты қол жеткізген технологиялық жетістіктері атымен болған жоқ қой. Жоқ әлде болды ма?
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала