дүйсенбі, 30 желтоқсан, 2024 1:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ер Баукеңді ел қалай таниды?

Ер Баукеңді ел қалай таниды?
ашық дереккөзі
Ер Баукеңді ел қалай таниды?

«Қазақта батыр көп. Әйтсе де олардың біразын ары кетсе, бұрынғы одақ көлемінде біледі. Ал Бауыржан Момышұлы әлемге танымал тұлға» дейді белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы. Рас батыр туралы осыған дейін аз айтылып, аз жазылған жоқ. Батыр Бауыржан әлі де беттері парақталып, ашылып жатқан кітап секілді. Бауыржан Момышұлының батырлық деңгейден де анағұрлым биікте тұрғанын жазушылар мен зерттеушілер осы күнге дейін жиі сөз етеді. Ал жалпы батыр Бауыржанның қазақ қоғамындағы алатын орны қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.

Аты аңызға айналған батыр өткен ғасырдың ең жойқын, қиян-кескі ұрысында таңғажайып ерліктің үлгісін көрсетті. Оның батырлығы, соғыс жүргізу тәсілі туралы ең алғаш орыс тілшілері мен жазушылары майдан даласына іздеп барып, қалам тартты. Александр Кривицкий «Ақ теңіз бен Қара теңіз аралығындағы мыңдаған шақырымға созылған майдан шебінде Бауыржан Момышұлынан даңқы асқан батальон командирі болған жоқ» деп жазды. Ал соғыс аяқталмай жатып алғашқы хикаяттары «Знамя» журналында жарық көрген Александр Бектің «Арпалыс» және 60-жылдардың басында «Москва үшін шайқас» романы шет тілдеріне аударылғаннан кейін қазақтың Бауыржаны шын мәнінде әлемдік тұлғаға айналды. Біз Бауыржан Момышұлын тек әскери қайраткер, Кеңес одағының батыры және жазушы ретінде бір қырынан ғана танып келген сияқтымыз. Өйткені қазақ оқулықтары мен ғылыми айналымдағы еңбектерде әлемдік тұлғаны тек осы кейіпте ғана сипаттаған. Шын мәнінде батырдың өмір жолына үңіліп, зер сала қарасақ, біз білмейтін жаңа қырларына анағұрлым бір табан жақындай түсеміз. Жалпы, Бауыржанның жастық шағы қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Еңбек жолын 1926 жылдың соңғы айларында, яғни 16-17 жасында қазіргі Сарысу ауданының милиция бастығы болып бастайды. Ал оның Әулиеата өңірінен шыққан алғашқы ұстаздың бірі болғанын жұртшылық біле бермейді. 1928 жылы Сарысу ауданының сол кездегі орталығы Кентаралдағы кәмпескеленген Өксікбай байдың ағаш үйінде 50 орындық мектеп-интернат ашып, сонда балаларды жинап, оқыту ісін қолға алған. Кейін сол Бауыржан Момышұлы оқытқан шәкірттер Әулиеатадағы екі жылдық педагогикалық курсқа оқуға жіберілген. Олар сол оқу орнын тәмамдап, Сарысу өңірінің алғашқы ұстаздарының бірі болып, көптеген саналы шәкірттерді тәрбиелеп шығарған. Бірақ, Б.Момышұлы сол кездегі жағдайға байланысты ұстаздық қызметінде де көп тұрақтамайды. Одан кейін Жуалы аудандық атқару комитетінің жауапты хатшылығына тағайындалады. Ал бес-алты айдан кейін Түлкібас, Сайрам, Жуалы бір аудан болып қосылған соң ол кісіні қайта жауапты хатшы етіп бекітеді. Бұл туралы Бауыржан әкесі Момыштың айтқан ақылын былай еске алады: «Әй, орынға тұрыпсың, байқап, абайлап істе. Ешкімнің сөзіне ерме. Бәрінен бұрын рушылдықтан аулақ, әділ бол, – деп өсиет айтты әкем. – Рушылдық әділетсіздік батпағына батырады. Әкемнің тәрбиесінің әсерінен бе, әділ, адал болуға тырыстым. Қызмет бабын пайдаланған емеспін. Әйтпесе бір мөр бассаң, бір қой беретін кез еді ол. Мен соған барған жоқпын», дейді атамыз Бауыржан. Одан кейін аудандық сот және мемлекеттік банк істерінде де жауапты қызметтер атқарады. Бұл жөнінде де Баукең: «Керімшеев деген кісі облыстық сотқа жоғарылап, орнына мен сот болдым. Әкем жарықтық тағы келді. Жексенбі еді. – Жүр, ауылға. – Неге? Ертең жұмысым бар. – Тілімді алып, жүр. Қонасың да қайтасың. «Ойбай, молда Момыштың баласы сот болыпты», деп ауыл шулап жатыр. Амал жоқ, тор дөненіме мініп, қасына ердім. Үйіміз екі бөлме болатын. – Әй, Айқан, анда барып жат, – деді әкем үйге келген соң, – Бауыржан екеуміздің әңгімеміз бар. Төсек жерге салынған. – Жатқын, – деді. Жаттым. Өзі қасымда отыр. – Қарағым, қазақтар арызқой келеді. Біреуінің үстінен біреуі құртамын деп күйініп арыз бергіш. Әділетсіз тергеушілер біреудің тілін, парасын алып өтірік ақпар жазады. «Тура биде туған жоқ» деген қарағым. Бұл бекер айтылған емес. Бүгін сені сот сайлапты. Бес-алты айдан кейін орныңнан алады. Қазір ешкім жоқтықтан қойып отыр. Сол себепті абайлап істе, әділ болғын. Әділ болмасаң, өз басыңа іс түсіп қалады. Абайла дегенім сол. Кім болса соған сене берме. Пара-мара дегеннен аулақ бол. Менің айтайын дегенім осы, қарағым. Тілімді алсаң ал, алмасаң өз обалың өзіңе. Сот болғанда әкемнен осындай нұсқау алдым» деп еске алады. Жалпы, Бауыржан әскери қызметке түбегейлі кіріскенге дейін жоғарыда аталған қызметтерді абыроймен атқара білді. Батырдың бұдан кейінгі әскери өмірі бізге мәлім. Баукеңнің әскери ерлігі мен қайраткерлігінен бөлек тағы бір халық алдындағы үлкен азаматтығы бар. Бірақ, оның бұл қырын өкінішке қарай кешегі отарлық замандағы, яғни, кеңестік тарихшылар мен әдебиетшілер кесіп-пішіп кеткен «идеологиялық шапанды» тастамай бүгінгілердің қайта-қайта иығына жамыла беруінің әсерінен танымай келеміз. Бауыржан атамыздың үлкен азаматтығы кешегі кер қоғамдағы жүйеден сескенбей, жасқанбай туған халқының болашағына алаңдап, сол уақыттағы қазақ қоғамындағы ұлттық мүдденің тұманды тұстарына сәуле түсіру үшін талпынған әрекеті еді. Қаһарман қолбасшы сонау майдан даласында 1942-1943 жылдары қан кешіп жүріп ата-бабасының шығу тегін, ерлік салтын, ұрпақ тәрбиесін, ұлттық мінез-құлқын, сол кездегі қоғамдық ортаны, әлеуметтік жағдайымен қатар, ізгі дәстүріміздің ертеңіне алаңдап мемлекет басшылары мен зиялы қауымға қайта-қайта хат жазуы Б.Момышұлының бүгінгі ұрпақ алдындағы ұмытылмас ерлігі емес пе? Тіпті ол 1956 жылы әскери қызметтен мүлдем босап келген соң да қаруын қаламмен ауыстырып, кейінгі ұрпаққа отансүйгіштікке, әділдікке баулитын керемет шығармалар қалдырды. Момышұлымен мақтанбайтын қазақ кемде-кем. Бірақ сөйте тұра дарабоз тұлғаны тек бір қырынан ғана танитынымыз өкінішті. Әсілі жаһан таныған тұлғаны бүгінде біз тарихи тұрғыдан лайықты бағасын бере алдық па? Тірісінде лайықты бағасын алмағанына өкініп, «Жағдай ол кезде басқаша болды» деп өз-өзімізді алдаусыраттық. Ал қазір ше? Қазіргі таңда кешегі құбылмалы қиын заман артта қалды. Бүгінде өз тізгінін өз қолына алған егеменді елміз. Енді осынау Ұлы дала төсінде аспан түстес байрағы көкте желбіреген егеменді елдің ұланы Бауыржан Момышұлын жұртшылыққа жіті танытпасақ, бұл бабабалар алдындағы парызымыздың өтелмегені. Расында да Б.Момышұлы тек батыр, әскери қайраткер, жазушы ма? Әлде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ме? Жоғарыдағы ең алғашқы қызметтерінен бастап өмірінің соңғы жылдарын індете зерттеп, үңіле қарасақ батыр, жазушы деген атақтар Бауыржан атамыз үшін өте тар ұғым болып шығады. Белгілі жазушы, драматург Елен Әлімжанның «Бауыржан Момышұлы кім?» деген (Egemen Qazaqstan)(2014 жыл, 9 қаңтар) мақаласында: «Интернет-энциклопедияда партияның, қозғалыстың белсенділерінен бөлек, қоғамда беделі бар жазушылардың, журналистердің, жеке тұлғалардың да қоғам қайраткері деп танылатыны атап көрсетіліпті. Ал Баукең болса, қоғамда беделді ғана емес, халық санасына оңынан әсер еткен зор тұлға. Өкінішке қарай «Қазақстан» энциклопедиясында ол кісіні әскери қайраткер деп атаған. «Жіңішкертіп» болса да қайраткер деген атақты беру ниетімен солай жазған болу керек» дейді. Сонымен қатар автор осы мақаласында Б.Момышұлын батыр, жазушы ғана емес, қоғам және мемлекет қайраткері екенін алға тартады. Тіпті бірнеше нақты тарихи дәлелдермен сонау Алаш арыстарының идеясын жалғастырушы ретінде Б.Момышұлының қайраткерлігін кең сипаттап, ауқымды түрде зерделеп, тұлғалық болмысын ашып береді. Алайда, автор әлі күнге дейін ресми түрде Бауыржан Момышұлына бұл атау берілмегенін, бұған ғалымдар мен жазушылардың кемшілігі деп ашық жазады. Драматург Е.Әлімжан аталған мақаласында өте орынды әрі өзекті мәселені көтерген. Ендеше Бауыржанды Алаш арыстарымен бірге ардақтап ресми түрде «көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері», «Халық қаһарманы» деп тануға, ол туралы мектеп оқулықтарына енгізіп, жас ұрпақтың санасына сіңіруге неге әрекеттенбейміз? Неге қазіргі зиялы аға буынмен ақылдаса отырып осы мәселені қолға алмаймыз? Не кедергі? Әлде отарлық замандағы аяр жүйенің санамызға сіресіп қалған уытының әсері әлі бар ма? Меніңше, ел болып Бауыржандай ұлы тұлғаны ұлықтайтын күн туды. Оның үстіне биыл алаштың айбарлы арысының туғанына 110 жыл толып отыр. Сондықтан өткен уақыттың «әттегенайына» қарамастан батырдың мерейтойы қарсаңында осы мәселені ескеріп қолға алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Мадияр ЕРАЛЫҰЛЫ, облыстық тарихи-өлкетану музейі «Бауыржантану» орталығының ғылыми қызметкері

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар