Бірде, жазушы һәм ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Жазмыш» кітабының соңғы жағында «Біле жүргеніңіз жөн» деген айдардан мынандай бір дерек оқыған едік. Еуропа елінің бірінде әскери комиссариатқа келген жастардың 70 пайызы әскерге жарамай қалыпты. Жарамағандардың ішкі ағзадан кінәраті жоқ, тек көру, есту қабілетінің төмендігі таңғалдырады. Құлақтың нашар естуі – құлаққаптың әсерінен, көздің көрмеуін компьютер мен ұялы телефонның кесірінен деп тауыпты дәрігерлер. Дегенмен Еуропа халқы игіліктерді бізден бұрын бастап кетті де сондай жағдайға бізден әлденеше уақыт бұрын тап келді. Ол жақта қазіргі жағдайдың қандай екенін Құдай білсін?! «Қар жауса таудың басына, сайға да түсер ызғары» дегендей, ол мәселе бізді де айналып өтпеді.
Бір ғана мысал келтіре кетейік, биыл облыстық «Jambyl» телеарнасына тележүргізушілікке келген жастардың дені көру қабілетінің нашарлығынан кастингтен өте алмаған. Телеарна режиссері Дана Смаилованың айтуынша, мұндай жағдай бұған дейін болмаған екен. – Осы телеарнада 20 жылдан аса бейнеқұрастырушы, режиссер қызметтерін атқарып келемін. Жыл сайын жаңа маусымның алдында тележүргізушілікке жастарды кастинг арқылы қабылдаймыз. Сайдың тасындай сымбатты жігіттер мен сұлу бойжеткендер бақтарын сынауға келеді. Олардың эфирден қалай көрінетінін, суфлерді оқып, меңгеруіне дейін сынақтан өткіземіз. Өкінішке қарай соңғы өткен іріктеуге келген жастардың жартысынан көбінің көру қабілеті төмен. Мәселен 120 жас келді десек, соның 80-інің көзі суфлерді көрмейді. Бұған дейін мұндайды байқамаған екенбіз, – дейді телеарна режиссері. Мамандардың айтуынша, қазір мектепке баратын балалардың 10 пайызы алыстағыны көрмейді. Көз ауруының бұл түрі неғұрлым ерте басталса, балаға соғұрлым оны қалпына келтіру қиынға соғады. Облыстық офтальмологиялық орталықтың кеңестік-диагностикалық бөлімшесінің бөлім меңгерушісі Жанар Қасымбаева бұл әсіресе оқушылардың онлайн оқуына байланысты көбейгенін айтады. – Жастардың нашар көруіндегі бірінші мәселе ол ғаламтордағы ақпараттың көптігі. Сонымен бірге экологияның әсері де көздің нашарлауына әкеліп соғады. Дұрыс тамақтанбау да көрудің әлсіреуінің бір себебіне жатады. Офтальмология саласында еңбек еткеніме 10 жылдан асты. Сол он жыл бұрынғы статистикамен салыстырғанда қазіргі таңда көз аурулары, әсіресе жастар арасында көздің көру қабілетінің төмендеуі көп байқалады. Мұны сол түрлі гаджет, смартфондардың пайда болуымен де байланыстыруға әбден болады. Шынын айту керек, қашықтан оқуға байланысты бізге келушілердің саны едәуір өскенін айтқым келеді. Смартфон арқылы берілген тапсырма майда әріптермен жазылады, оны орындап қайта көшіргенде көз бұлшық еттеріне кесірін тигізбей қоймайды. Сондықтан айтарым, мектеп жасына толмаған балаларға телефонды тек 30 минутқа ғана беруге болады, егер мүмкіндік болса мүлде бермеген абзал. Кішкентай кезінде көзі дұрыс көрмеген бала үлкейген соң жақсарады деу бос әңгіме. Сондықтан балалардың жейтін тағамын, гигиенасын бақылау керек. Әсіресе ата-ана баланың таза ауада белсенді демалысына көп көңіл бөлуі қажет. Көз бұлшық еттері де адамның басқа да дене бұлшық еті сияқты қозғалысты қажет етіп тұрады. Көзге арналған жаттығуларды жасап тұрудың да маңызы зор, – дейді Жанар Мұхаметалықызы. Сөз соңында дәрігер қазіргі таңда лазерлік коррекциялау арқылы адамдардың көру қабілетін 100 пайыз қалпына келтіруге болатынын, алайда мұндай операцияның ағзаға кері әсерінің де бар екенін атап өтті. Тараз қаласының тұрғыны Айнұр Сейсеналиева да соңғы екі жылда көзілдірік таға бастапты. Алғашында көзінің нашарлағанын байқамаған бойжеткен емдеу уақытын өткізіп алғанын айтады. – Көзілдірік тағам деп ешқашан ойламағанмын. Бірақ, оқу орнында оқып жүріп сабаққа дайындалып, кітапқа қараймыз, одан таппаған материалымызды ғаламтордан іздейміз. Ғаламтор әрине телефонда. Әлеуметтік желілерге үңілеміз деп жүріп, көзімнің нашарлай бастағанын білмей қалыппын. Кітапты оқып отырып, әріптері қозғалып, басым айналатынды шығарды. Жай көзім шаршаған шығар деп ойлағанмын, кейін есік алдында қозғалыссыз тұрған көліктердің нөміріне көзім жетпейтінін байқадым. Таныстарымды жақыннан бұлыңғыр көріп, тұлғасына қарап шырамытатынды шығардым. Ақыры дәрігерге барып көрінуіме тура келді. Бір қызығы, менің мектепте оқитын ініме де дәл менікіндей диагноз қойылып, екеуміз де көзілдірік киетін болдық. Дәрігер көзілдірікті тастамауды және тақпасам көзімнің көруі нашарлай беретінін ескертті, – дейді Айнұр.
Айжан Өзбековаjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз