бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 13:51

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Соны стиль, оқшау ой

Соны стиль, оқшау ой
ашық дереккөзі
Соны стиль, оқшау ой
Несіпбек Дәутайұлы шығармашылығы хақында бірер сөз Әдебиет – адамзат баласының жаны болса, әңгіме – өмір айнасы. Ал жазушы өмір құбылыстары мен көңіл көріністерін көпке мәлім ету арқылы жаратылыс сырына үңіліп өзінше жауап іздейді. Тіршіліктің толғауы қиын түйінін шешіп, шыңдалған шеберлігін алдаспандай жарқылдатып жүрегіңді бірде мұздатып, бірде ысытып үстемдік құрады. Аз сөзіміздің ақиқатын айтар болсақ мұндай жазушы көп емес. Қадау-қадау ой өрнектегенімен қалам тербейтіні сирек. Сондай қасиеті бөлек қаламгер, жаратылысы басқа жазушының есім-сойы – Несіпбек Дәутайұлы. Н.Дәутайұлының есімі жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдардың басында қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық болып келді. Жазғандары арқылы аты таныларын ескерсек есімі деген сөзді артық айтпағанымызды ұғарсыз. Оның қазақтың қазыналы әдебиетінің қамбасына қосылған «Құдірет пен қасірет» романы, «Ақкүшік», «Жол», «Ақ көгершін», «Алтын балық» повестері мен «Мінез», «Шал», «Бейғам дүние», «Айғыркісі», «Дударай», «Көгілдір көйлекті келіншек», «Қанқызыл жалқын», «Құмға қашқан құйын», «Архитектор» сынды бірқатар әңгімелерінің арқалаған ауыр жүгі мен тарқатқан түйіні түйенің тірсегі тұрмақ атанның арқасына ауыр салмақ салары сөзсіз. Бұл тұла бойы ерек тұлғаланған туындыларда жазушының қолтаңбасы, стилі, оқшау ойлары кім-кімді де тұңғиық тереңіне батырып, жүрек қылын шертіп, мынау қоғам мен заманға басқаша көзбен қарауға, сен де жазушы кейпіне еніп өзінше ойлы түйінді тарқатуға жол ашады. Бұл жазушы шеберлігі ме? Шеберлігі! Боямасыз тіршілік заңдылықтары мен қағидаттарын алдыңа жайып салып, ал, ендеше деп қарап қалмай сенімен бірге жұмбағына үңіліп отыратыны баурай түседі. Бұл қаламгердің артықшылығы ма? Артықшылығы! Біз жазушы Несіпбекті мақтап отырған жоқпыз, алайда Дәутайұлын даттағымыз да келмейді. Бұл оқырман ойындағы, көңіл дәптерінде сақталған пайым деп ұққаныңыз ләзім. Жоғарыда біз атап өткен жазушының «Ақкүшік» хикаяты жалпы мазмұны жағынан алғанда ерлі-зайыптылар трагедиясы. Бүгінгі біздің қоғамның, біз бастан кешіріп жатқан заманның, бізбен қатар жүріп ауа жұтып жүрген адамның қасіреті. Туындыдағы басты кейіпкерлер Қалдыбай мен Бекзаттың арасындағы оқиға әңгіме барысында екі адамның арасында үздіксіз сабылған ақкүшіктің суға батуы мен көпірдің қирауымен аяқталады. Екеуінің қосылған, қосылмағанын оқырманның еншісіне қалдырып автор осындай шешім тапқан. Ақкүшік – деталь. Әңгіменің басынан соңына дейін суреттелетін ақкүшік ерлі-зайыптылардың арасын жалғап тұрған кішкентай ғана үлбіреген үміт деп те қарауға болады. Әңгіменің соңында сол ақкүшіктің тасыған өзенге батып кетуі, бақытсыз отбасының басынан кешірген тәлкекті тағдырынан хабар береді. Біз бастан кешіріп жатқан бұл өмір үміт жетегінде ғұмыр емес пе? Ал сол үмітпен өрілген өмір қаламгер шығармасында сәтті шыққан, көңіл тербейтін, жаныңды суырып алатындай етіліп баяндалған. Несіпбек Дәутайұлының жария көрген кітаптарының ішінде бір бәс жоғары тұратын «Кісі иесі» кітабын оқырман көкжиегін байытатын, рухани азығын молайтатын тамаша дүние есебінде қабылдадық. Олай болатыны кітапқа енген әңгімелер мен хикаяттардағы баяндау тәсілі, оқиғаны беру әдісі, сөз қолданысы, жазушыға тән стиль ә дегенде айтар ойын ақтарып салмай оқырманды әлде бір көрінбейтін желі арқылы соңына ертіп отырады. Кітапқа атауы берілген «Кісі иесі» әңгімесі несімен құнды, енді соны аз-маз қаузап көрсек. Әңгіме қазақ елі тарихында қара таңба болып қалған ашаршылық пен нәубет жылдарын бейнелейді. Шығармадағы еркектің образы ұрпағы үшін шейіт болған, басын бәйгеге тіккен әкелер бейнесі, әйел келешек үшін шыбын жанын шүберекке түйген аналар образы, еш қамсыз анасына күлімдейтін бала күліп атқан болашақ таңы, бірде бар болып шығатын, бірде жоқ болып кететін Көк бөрі рухы, «Кісі иесі – бұл қазақтың киесі секілді. Туындыдағы Көк бөрі рухы кейіпкерлердің ғана жебеушісі емес, сондай бір зұлмат жылдарды басынан кешіріп бүгінге жеткен қазақ ұлтының қолдаушысы һәм қорғаушы дер едік. Адам неге адам етін жеді? Неге қазақ қазаққа қас болып шықты? Автор бұл сұрақтың жауабын шығармада өзі береді: «Араны ашылып кеткен қу құлқын құдайдан да құдіретті екен. Құдайдың да өзі тоқтата алмасын білмепті» - дейді. Қасіретті ел, қайран ер, зарлаған ана, шырылдаған бала – шығарма шешімінде мұның көркем шығарма емес тұтас бір ұлттың қағазға түскен жанды тарихын парақтап шыққаныңды пайымдайсың... Автордың тұғыры биік тағы бір әңгімесі «Тілалшақ» деп аталады. Осы кейіпкерді сен күнде көріп, жақын танитындай күй кешесің? Себебі, қазір өз үні мен ойы жоқ топастар толып жүр. Бақа есеппен бақастық жасап обал-сауапты білмей жалғанды жалпағынан басып жүр. Әмір берушіге құлдық ұрып, барып кел, шауып келдің кебін киіп шаңдатып жүргені рас қой. Рас! Міне, Несіпбек Дәутайұлының қай шығармасын алсаңыз да ойға шомып, тұңғиыққа батып шындық іздегің келеді. Біз азына ғана тоқталдық. Көбін айтар болсақ көсілеріміз анық еді. Алайда қай шығармасын қолыңызға алсаңыз да жазушының ешкімге ұқсамайтын стилі мен сөз саптауы жетелей жөнеледі. Қаламгер таланты мен артықшылығы осында. Қуат ҚИЫҚБАЙ, жазушы, Семей қаласы turkystan.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар