жұма, 22 қараша, 2024 17:26

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Түркістан легионы

Түркістан легионы
ашық дереккөзі
Түркістан легионы

1984 жыл. Алматы ауылшаруа­шылық институтының жеміс-жи­дек факультетін бітіріп, Алма­ты облысы Еңбекшіқазақ ауданын­дағы Кеңес Одағының қос батыры Қашаған Жаманқараев, Рахымжан Тоқатаевтай ағаларымыздың кін­дік қаны тамған Қаракемер совхозына қызметке барған кезім. Бір күні жұмыс орныма есекке мінген, артына қоңыр қодығы ілескен жасы алпыстан асып қалған бір ақсақал іздеп келді.

Шығып амандастым. «Жаңадан келген жас бригадир жігіт сен бе?» деді. «Иә, менмін» деп жөн сұрасып, біраз отырдық. Бір кезде ақсақал: «Айналайын қара­ғым, бала-шаға бар дегендей сенен жұмыс сұрап келдім» десін. Дала қосымыздың қарауылдары дұрыс қарамай, әндетіп кетіп, оны-мұны қолды боп жүрген еді. Жарайды ақсақал келген екен­сіз бүгіннен бастап, станға қарауыл боласыз, серігіңізбен бір сөткеден кезектесіп тұрасыздар деп, жұмысқа қабылдадым да жібердім. Өзі өте ұқыпты, жұ­мы­сына мұқият кісі болып шық­ты. Ісін тыңғылықты атқарып жүр­ді. Алайда жоғарғы жақтағы бас­шылардың кейбірі біртүрлі көз­қараста болғандай болды. Ол уақытта 9 май жеңіс күні ре­­тінде тойланатын да, соғыс ардагерлеріне сый-сыяпаттар, ор­ден, медаль, түрлі грамоталар берілетін. Ақсақалды сол ті­зім­ге де қосып жібердім. Мереке кү­ні алаңда үлкен жиналыс өтіп, ар­дагер­лерге сыйлық берілді де, бұл кісінің аты аталмады. Сызып тастапты. Мен одан хабарсызбын. Мерекеге шақырып қойған өзім болған соң ұялғанымнан кон­верт­ке жиырма сом ақша салып, апарып бердім. Мұның себебін кейін білдім. Бұл кісі отан соғысы кезінде немістерге тұтқынға түсіп, «сатқын» деген күдікпен он жылдай итжеккенге айдалып келген екен.  Естуін естіп, бірақ ештеңе дей алмай жүрдім. Бір күні үйде көрші тұратын инженер досым Дәулет Әбішовтің  бөлмесінде «Подение большого Туркестана» деген кітапты оқып жатыр едім, Салықжан ақсақал қарауылдыққа келген екен маған қарап қойды да, шай демдей бастады. Екеуміз асықпай шай ішіп алдық. Аз-маз үнсіздіктен соң «Мына кітапты толық оқып шықтың ба?» десін. «Иә» дедім. Қария біраз ойланып отырып: «Сувалка деген жерлер бар ма ішінде?» деп тағы сұрады. Кітапты бұл кісі де оқыған екен ғой деп ойладым да қойдым. Ақсақал кітапқа ұзақ қарап отырып: «Осы кітапта жазылған жерлерде немістердің қолында  мен тұтқында болғанмын, қарағым», деді. Мен таңдана отырып, жай-жапсарын сұрадым.

Азапты жылдар

«Шырағым, біздің балалық шағымыз ауыр жағдайда өтті. Бесіктен беліміз шықпай жатып көрмегеніміз қалмады. Кеңес өкіметінің солақай саясатының кесірінен 1931-1933 жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашар­шылықтан қазақ халқының жартысына жақыны қынадай қырылып кетті. 1937 жылы қазақтың оқыған бас көтерер арда ұлдарының на­қақтан-нақақ  атылғандары жа­ныңды жегідей жейді. Осының бәрін көрдік» деп ауыр да азапты күн­дерді тізбектеп айта бастады. «Ертеде Қаракемер ауылы Еңбекшіқазақ ауданының орта­лығы болатын. Осында жұмысшы-шаруа (РАБФАК) мектебі болды. Ол кезде облыстағы үлкен әрі алғашқы білім ұясы еді.   1939 жылы осы оқу орнын бітірдім. Одан  мұғалімдер дайындайтын екі айлық курсты тәмамдап, Ста­лин атындағы колхозда  сауат­сыздықты жою мектебінде басшы болдым. Нарынқол ауданына жаңадан ашылған үлкен мектепке директор қызметіне жіберуге бұйрық шығып, елге ас-ауқатын беріп, кеткелі жат­қанымда әскерге шақыру келіп, 1940 жылы 22 жасымда әскерге алындым. Белоруссияның Ше­петова стансасында шекара қыз­метіне лайықты әскери дайын­дықтан өттік. Литваның Лод­зиесь қаласында Балтық әскери ок­ругінің №107 атқыштар шекара отря­ды топтасқан еді. Мені сонда байланыс отрядына қалдырды. Әскери тәртіп, қызығы мен қиын­шылығы қатар күндер өтіп жатты. 1941 жылдың 22 маусымында соғыс басталды деген суық ха­бар радиодан саңқ ете қалды. Сол күні ерекше округке қарасты 3-комендатура орналасқан заставада күзетте тұрған едім. Таң алакеуімде түсі суық сұр истреби­тельдер аспанға қаптап шыға кел­ді. Бомбалау басталысымен зас­тава бастығы Юршенкомен рация арқылы байланысқа шықтым. «Бұл неміс истребительдері. Әуе шекарасы бұзылды. Мен орта­лықпен байланысқанша сабыр сақ­таңдар» деген бұйрық алдық. Кеңес Одағының кеңістігіне еніп кеткен неміс фашистерінің истребительдері шағын заставаның үстінен бомбаларын қарша жаудырып өте шықты. Штаб бастығы капитан Тизянков әрбір постты атпен аралап, «комендатураға жиналыңдар» деген асығыс бұй­рық берді. «Сондағы бар қару жа­рақты бөліп алып, шекараны соңғы оқ қалғанша қорғаймыз» деп ауыз жиғанша, тас жол бойынан неміс-фашистерінің мұздай қаруланған мотоциклистері мен танктері де келіп жетті. Біздің атқан оқта­ры­мыз бен жарған гранаталары­мыз немістің қалың әскеріне әсер ете алмады. Алдарынан оқ ат­қан шекарашыларға қарсы оқ жау­­дырып, біздерді көздеріне іл­меген күйлері сансыз техникалар өтіп жатты. «Бұл Гитлердің әскері. Брест бітімі жасалғанына қарамай соғысты бастаған сияқты. Біз қоршауда қалдық. Мен комендатурада боламын. Сендер орманға жетіп бекініңдер!» деген командиріміз Юршенко комен­датураға қарай тартты. Онда жетіп үлгермей-ақ алдынан жаудың қа­лың әскері қоршауға алды. Ол жауға тірі берілгісі келмеген күйі өзін-өзі атып өлтірді. Сол сол-ақ екен, біздерге оқ қарша борады. Атыса шегініп, орманға кіріп үл­гердік. Екі күн бойы атыс, бізге арт­­тан көмек келмеді. Жаудың қа­­­лың әскері қоршауға алып, қы­­­ратындарды қырып, тірімізді ұс­тап, машинаға тиеп, Литва мен Польшаның шекарасындағы тас қамалға әкеп қамады. «Кейін біл­дік  бұл  «Сувалка» деп аталатын тұтқындар лагері екен», деп ақсақал ауыр күрсінді. Менің көз алдыма лагерьге қамалып жатқан тұтқындар елес­теді. Ол лагерьде қанша тұтқын болды екен деген көкейімде сұрақ тұрды, бірақ сұрамадым. Осы аралықта мен көтеріп отырған мәселе жөнінде  әріптесім Мең­дібай Сүменовтің  Атырау газетіне жазған мәліметтеріне таңғалмасқа шараңыз жоқ. «КСРО Қорғаныс министрлігінің 1990 жылы жаң­ғыртқан дерегі бойынша, осы ша­­мада олардың саны 3млн 900 мың адамға жетіпті. Ал француз тарихшысы Н.Верн соғыстың барлық кезеңінде  алты миллионға жуық кеңес жауынгері тұтқынға түскенін айтады. Солардың жартысынан астамы концлагерьлерде қаза тапқан. Түркістан легионында барлығы 100 мың шамалы жауынгер болған». Жалпы, соғыс басталарда Қазақстанда 6,2 млн халық болса, соның 1,2 миллионы майданға аттанады. Содан 350 мың адам хабарсыз кеткен. Ал енді майдангер қарт тұт­қындағы әңгімесін айтқанда ұс­там­дылық танытып,  жігерленіп, босаң­сығысы келмегенімен көкі­регі өксікке, көзі жасқа толып отыр­­ғаны байқалып-ақ тұрды.  «Темір тордың ар жағында өрім­дей жас сарбаздар  тұтқында жатырмыз. Қатыгездікті сол жерде көр­дік. Сәл қарсылық көрсетсең немістер ойланбастан атып тастайды. Бір жаның үшін бәріне үнсіз көнесің. Арып-ашып, жұмысқа же­гіліп, азапты күндер сырғи бер­ді.  Бір күні қора тазалауға шы­ғатын болып, Ахмет деген досым екеуміз қашуға уағдаластық. Командирдің мінетін аты керемет ақылды, жа­нына жақындата қоймайды. Құлағын жымырып, тебуге ың­ғайланып, оқыранып тұрады. Ат­­тың оқыранғанынан немістер күдіктенуі мүмкін. Амалымыз тау­сылып, атты ала алмай, екеуміз еппен қорадан шығып, немістердің көзінен тасалана, қашып шықтық та, орманға қарай бет түзедік. Біз­дің бағымызға қарай сол күні қар жауып, боран көтеріліп тұрған еді. Кешкі қараңғылықпен екеуміз зымырап келеміз. Кеткенімізді біліп, әп-сәтте дабыл қағылып, немістер бізді іздей бастасын. Артымыздан қуғын түскенін сезіп келеміз, ит­тердің даусы жақындай бастады. Енді не істеу керек. Біз тұтқында тұрған хутордың шетінен ұзап та қалғанбыз. Орманға жақын ауыл­дың сыртында өзіміз малдың қиын  шығаратын үлкен төбе болатын. Соған қарай тарттық. Жан деген не деген тәтті десеңізші, не­містер жақындаған соң барар жер ба­сар тау жоқ, сол биік қи төбеге  келіп тірелдік те жанталасып ас­тын үңгіп қазып, екеуміз де кіріп үлгердік. Немістердің жетегіндегі иттері арсылдап келіп, олар да біз жатқан жерге тірелді. Қар жауып, боран болғанның пайдасы ізіміз жабылған болу керек. Біздің осында жатқанымызды иттер біліп тұр. Арсылдап болар емес, жүре­гіміз аузымызға тығылып біз жатырмыз. Неміс солдаттары еш­теңе көрмеген соң, иттерін тартып алып, әрі қарай  кете барды. Қан­ша жат­қанымыз белгісіз қидың ас­ты жылы болған соң буынымыз босап, ұйықтап кетіппіз. Ең бастысы тұтқында емеспіз. Кейін аздаған партизандар тобына қосылдық. Немістерге қарсы әрекет жасап жүріп, қайта қолға түстік. Азаптау қайта басталды», деп ақсақал қатты күрсініп алды. «Қолға түскен соң бізді Поль­шаның Грозный қаласындағы үл­кен тұтқындар тобына қосты. Біраз уақыттан кейін атақты Түркістан легионына әкелді. Негізі бұл жерде көпшілігі ортаазиялықтар екен десе болады. Аш, жалаңаш, айлап жылдап жуынбаған, үсті басы толған бит, азып-тозған тұтқындар. Неміс лагерьлері талайды жалмады. Бірде бәрімізді қатар-қатар сапқа тұрғызды. Алыста  төрт адамның қарасы көрінеді. Байқасам екеуі автомат ұстаған неміс солдаттары да, бірі ұзын бойлы офицер, ал біреуі жай киініп алған орта бойлы азиат екен. Әр жерге тоқтап бірдеңелер айтып келеді. Біздің қатарымызға да келіп тоқтады. Ба­сында қара фетр шляпа, үстінде қара былғары плащ. Орта бойлы азиат бізге қарап: «Ағайындар, туыстар, мен бүгін сіздердің жағ­дайларыңызды көруге әдейі аралап келемін. Жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Бұл соғыс. Соғыс болған соң мұндай жағдайдың болуы заңдылық. Қиыншылыққа мойымай, сіздер шыдаңыздар, әр нәрсеге шыдам керек. Құдай қа­ласа бұл да бітеді. Сіздерді бәрінен азат етеміз. Алла жар бол­сын!» деп осы сөзді  тағы да орысша, өзбекше, татарша, бір­неше тілде қайталап әрі кете бар­ды. Орта бойлы, толықтау, маң­дайы кең әрі тақыр басты кісі екен. Сөйлегенде қалың қасы, қияқ мұрты қоса қозғалып, іштей те­біреніп, өзегін өкініш өртеп тұр­ғаны да аңғарылады». Мен шыдамсызданып, «Жаңа­ғы кісі кім болды сонда?» дедім. «Оны кейін білдік, ол – Мұс­тафа Шоқай деген азамат екен», деп ақсақал орнынан жеңіл қозғалып, жан-жағынан қарағыштап қойды. Ақсақалдың айтуынша, негі­зі немістер алғашында тұтқын­дар­ға қару беріп, кеңес әске­рі­не қар­сы соғысуға айдайды. Бірақ олар қарсы оқ атпай, бі­ра­зы кеңес әскерлері жағына қа­шып өтеді. Содан немістер жағы конц­ла­герь­дегі тұтқындарды ұрып-соғу, ату деген жазаларды күшейтеді. 1943 жылдың қоңыр күзінің соңғы айы. Днепрдің ар жағында немістер, бер жағында кеңес әскері. Бір күні есебін тауып, жанында үш тұтқын бар Са­лықжан ағалар лагерьден қашып шығады. Бірақ кеңес әскерлеріне қосыла алмай орманда бас паналап, партизандық әрекеттермен айналысады. 1944 жылдың көк­темінде кеңес жауынгерлері Днепр­ден өткен кезде бұлар орман­нан шығып, дала штабына өз еркімен келеді. Бар жағдайды толығымен баяндайды. Бұларды қарсы алмақ түгілі сол жерде тұт­қындап, Херсон қаласындағы түрмеге жабады. «Немістерге өз еркіңмен берілгеніңді мойында» деп қорлық пен азаптың соры қайта басталады. Күндіз-түні тергеу, қорлап, өлімші күйге жеткізіп, ұрып-соғу, естен тандыру. Бұл қорлыққа шыдамай өліп кеткендер де болады. Неше жерден шындарын айтса да бітпейтін сенімсіздік. Болмаған соң «бүйткенше өлейін» деп Салықжан аға да  қалтасындағы кішкентай кездікпен тамағын орып жібереді. Кезекші келіп үлгеріп, кездік өңешті жартылай кесіп, бір ай госпитальда жатып емделіп шығады. Немістің тұтқынында болып, бар қиындыққа шыдаған Салықжан қарияның Кеңес өкі­метінің қорлығына шыдамай,  өзі­не-өзі қол салуы мені терең ойға қалдырды. Имандай сеніп жүрген өкі­метке бірінші рет күдіктендім. Сенбейін десем, қария ағынан жарылып, ақтарылып отыр. Осыдан кейін кеңес азаматтарының әрбір әрекетіне ойлана, сынай қарайтын болдым, бірақ ашық айтуға болмайды. Ажалы жоқ Салықжан аға аман қалады. Тергеу қайта басталып, ұру, қорқыту, еріксіз мойындату жалғасады. Мұндай қорлыққа шы­дай алмаған Салықжан аға,  тергеушінің айтқанын орындап, бер­ген қағаздарына қол қоя беруден басқа амалы қалмайды. Ақы­ры әскери трибунал 1944 жыл­дың маусымында «сатқын» деген жазамен 10 жылға соттайды. Коми АССР-ның Пегер лагеріне апа­рады. Ең сорақысы, бұл жерде көрген қорлықтары неміс лаге­рінен де асып кетеді. Ол жерден 1951 жылдың 25 қарашасында бос­тандыққа шығады. Еңбекші қазақ ауданы, Қаракемердің тумасы әскери қызметте болған Ах­мет­керей Ағыбаев деген аға­мыз сол жылдары аталған лагер басшыларының бірі болып, Салықжан ағаны танып, бостандыққа шы­ғуы­на ол кісі де көп көмек көр­се­теді. Кейіннен түрмедегі еңбек ақы­сын компенсациялап артынан жі­бертеді. Салықжан аға «Өмірім­де бір кісіге борышкер болсам, ол осы Ахметкерей ағам еді» деп отыр­ды. Салықжанның әкесі Қасен ол уақытта  алпыстан асқан еді. Бір күні түс көреді де, бәйбішесі Мәрия­ға: «Мен бүгін түс көрдім. Бір дорба талқанды тастың ас­ты­нан алып жатыр екенмін.Ұлым Салықжаным тірі екен. Ол қалай да елге аман  келеді. Ұрпақ өрбітеді. Оны сен көресің, мен көре алмай­мын» деген екен. «Жазым болса, быламыққа тіс сынады, қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі, ажалсыз қалады» деп бабаларымыз айтқандай, сол сәуегейлігі дәл келіп, 1940 жыл­дың қаңтарында 22 жасында әс­керге алынған жас сарбаз 1951 жылдың 25 қарашасында 34-ке қараған жасында тозақы күндерді басынан өткеріп еліне қайтады.  

Туған елдей ел болмас

Салықжан ақсақалдың өмір жолдары жөнінде үлкен мақа­ла «Жетісу» газетіне шық­қанын ес­тіп, 2006 жылы Қазыбек інім  екеу­міз ­ақсақалға аманда­са бардық. Тоқ­саннан асқан қария үйін­де демалып жатыр екен. Кү­липа апамыз, «Әй, Са­лықжан тұр-тұр, Қошан балаң келді» деп оятты. Жасы келсе де, бар жағ­дайда сергек ақсақал орны­нан тұрып, қарсы алып, «отыр» деп жанын нұсқады. «Үлкен жаңа­лық естіп, өзіңізді құттықтап келіп отыр­­мыз, ақсақал», дедім мен. Ала­­таудың ұшар басында отырған қарт қырандай бір қозғалып, қы­зыл­жиектеніп сығырайған көзін жартылай аша маған қарап, біле­гімнен ұстап біраз отырды да: «Қошан қарағым, баяғыда саған айт­­қ­ан әңгімелерім есіңде болар?». Әрине, есімде деп қолдап қойдым. «Есіңде болса, саған біраз әңгіме айт­қанмын», деді. Азапты жылдарын ақтарған ақса­қалдың әңгімесі менің әрі қарай ізде­нуіме түрткі болды. Со­ғыс кезінде  тұтқынға түскен сарбаз­дар, лагерь, Түркістан легионы, Мұстафа Шоқай туралы жазылған  материалдарды қалт жібермеуге тырыстым. Бұл ізденіс, біріншіден  естіген әңгіменің ақиқатына көз­ жет­кізу болса, ең бастысы, жа­зық­сыз жапа шеккендер тура­лы кейінгі ұрпақтың біле жү­руі­не титтей де болса үлес қос­сам деген азаматтық парыздан ту­­ған ұстаным еді. Ақсақалдың айт­­қандары, еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде жа­рия­лаған журналист Дархан Өмірбектің дәлел-дәйектерімен ас­тасып жатқандай көрінді. «Тарихшы Богуславскийдің айтуынша,1941 жылғы желтоқсанда Германия, Венгрия, Румыния, Италия және Словакия елдері КСРО-ға хабарлама жіберіп, тұт­қындармен алмасуды ұсынған. Кремль бас тартқан. Тарихшы сон­дай-ақ  Халықаралық Қызыл крест комитетінің КСРО Сыртқы істер халық комиссары Вячеслав Молотовқа жіберген екі телеграммасын тауып алған. Бірінде швейцариялық банк есебінен неміс тұтқынындағы Кеңес солдаттары үшін Африкадан азық-тү­лік алдыруға мүмкіндік бар екені айтылса, екіншісінде сол тұт­қын­дарға қант таратуға болаты­ны жа­зылған. Бірақ ол үшін КСРО тарапы да өздеріндегі неміс солдаттарына сол шамадағы азық-түліктің берілуіне рұқсат етуі керек болады. Кеңес билігі сірә бұған да ке­лісім бермейді. Келіссе, Қызыл Крест өкілдерінің елге кіруіне рұқсат беріліп, неміс солдаттары ұсталған лагерьлердің жайын көрсетуге мәжбүр болар еді. Оның үстіне Сталин жауға берілмеуді, берілген адамның көзін жоюды талап еткен. 1941 жылғы 16 тамыздағы №270 бұйрығы бар. «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» дейтін ұстаным осыдан кейін пайда болса керек. Демек, миллиондаған Кеңес сол­датының неміс лагерінде қаза болуына белгілі бір деңгейде Кремль де жауапты болды. Көріп отырғанымыздай, бір ғана қарияның әңгімесі Кеңес өкі­ме­тінің жасырған қаншама құй­тырқыларын әшкереледі. Салық­жан ағаға жолықпағанымда талай шындықты білмей, Кеңес өкіметі керемет еді деп мен де  жүре берер ме едім, кім білсін... Әр адамның өмір жолы, оның басынан өткен дүниелері өзінше бір тарих екеніне көзім жетіп, көңіліме түйіп отырдым. «Көрдің бе, қарағым, адам ит жан­ды болады деген рас екен. Міне, көр­мегені жоқ менің өзім Алланың бергенін жасап, тоқсаннан асып отыр­мын. Мен қиналып жүргенде сен мені түсіндің, саған рахмет!» деп Салықжан ағам басын изе­ді. Баяғыдағы өзіне таққан айып­тың  өтеуін жазамен өтесе де,  әңгіме айтып отырғандағы көкі­регіне тығылған өксігінің, бітеу жарадай болып сыздап, жарылмай кетіп бара жатқанын ишарамен түсіндіргендей  болды. Апа­­мыз шай қойып,  ақсақалмен біраз әңгімелесіп, қоштасып жү­­ріп кеттік. Бір-екі жыл өт­кен соң Еңбекшіқазақ ауданы Қа­ра­­кемер ауылына 9 май мере­кесі қарсаңында бір шаруамен ба­рып, бас инженер Дәулет Құ­на­пиұлы досымды жаныма ертіп, ақсақалмен амандасып шықпаққа Талдыбұлаққа соқ­тым. Өкінішке қарай, Ораз Жан­досов, Мұстафа Шоқайдай  қайраткерлердің көзін көрген, талай сырды көкірек күмбезіне бүккен көнекөз Салықжан ағамыз тоқсан үшке қараған жасында, өзін жатырқаған жеңіс мейрамына жете алмай  7 май күні дү­ние салыпты. Артынша алты күн­нен кейін Ыбырайымқызы Күли­па апамыз да дәруіл дүниемен қош­тасыпты. Дәулет екеуміз отырып, ата-апамыздың рухтарына арнайы құран бағыштадық. Осы әңгіме  жанымда сақтал­ға­лы да біраз уақыт өтті. Ақсақалдың отбасын құрғаны­ның өзі бір тарих. Өз аузынан ес­ті­ген бұл әңгімені де айта кетпесек болмас. Ауылдарындағы Ыбырайым деген кісінің Нүрипа деген қызымен  кө­ңіл қосып жүргенде әскерге алы­нып, хабарсыз кетеді. Бұл кісі елге оралғанда ғашығы тұрмыс құр­ған, отбасылы, балалы-шағалы болып кеткен. Ақсақалдың айтуы­на қарағанда, Нүрипаның сіңі­лісі Күлипа ол кезде екі-үш жас­­та ғана екен. Салықжан ағамен Нүрипа кезектесіп көтеріп жүрген кішкентай сәби. Сынаптай сыр­ғыған уақыт біраз өтіп, сол кіш­кентай Күлипа да толықсып бой- жетіпті.  Елге келіп, ес жиған соң Са­лықжан ағаның ағайындары Күлипаға құда түсіп, он алты жастағы Күлипаны 35 жастағы Салықжанға қосады. Құдайға шүкір апамыздың аяғы құтты болып, ағамыз  ол кісіден он екі перзент сүйеді. Төртеуі шетінеп кетеді. Бүгінде Айымкүл, Бақыт, Гүлнар, Бақыткүл, Бағдәулет, Гүлмира, Бақытжан, Мейрамкүлдерден ұрпақтар тарап, отбасылы, балалы-шағалы болып, немерелер сүйіп отыр. Үлкен ұлы Бақыт көп жылдар осы Қаракемер совхозында бас гидротехник қызметін атқарып, ел алғысына бөленген, мемлекет басшыларынан марапаттар алған азамат. Мақала жазу барысында інім  Қазыбек Тілешұлы екеуміз Салықжан ағаның ұлдары Бақыт, Бағдәулеттерге барып, со­ны­мен қатар сол уақыттың ті­рі куәгері тоқсан жеті жасар Ті­леш Жылқыбеков деген ақса­қал­дан біраз мәліметтерді алдық. Бақыттың айтуынша, егемендік алған жылдары Мүсінші Дәр­кембай Шоқпарұлына Мұстафа Шоқай­дың мүсінін жасау табысталады. Ол кісі оны көзімен көрген Са­­лықжан ағаға арнайы барып, Мұстафаның бар болмысын жазып алып кетеді. Кейін Қызылордада ескерткіштің ашылуы болғанда Дәркембай Шоқпарұлы Салықжан ағаны алып кетуге келеді. Бірақ денсаулығына байланысты қария бара алмапты. Кезінде ақсақалдың аманаттап айтқан әңгімелерін жазуды парыз санап, бүгін мен де жеңілдегендей болып отырмын.   Қойшығұл (Қошан) МҰСТАФАҰЛЫ, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

egemen.kz

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар