жұма, 22 қараша, 2024 11:34

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Абай ақындығының алтын бастауы

Абай ақындығының алтын бастауы
ашық дереккөзі
Абай ақындығының алтын бастауы

Абай өмірбаянының Мұхтар Әуезов жазып қалдырған төрт нұсқасы бар. Ұлы ақын он жасқа келгенде әкесі Се­мей қаласына әкеліп, оқуға берген. Бұ­дан бұрын қырда да Абайдың біраз оқы­ғандығы айтылады. Ақынды ауылында оқытқан молда туралы С.Мұқанов былай деп жазады: «Құнанбай Абайды Ғабитхан дейтін татар молдаға сабаққа береді. Ға­битхан Қазан жақтан 1850 жылдары солдатқа алынудан қашып, қазақ даласына келеді де, Балқаш көлінің шығыс жақ жиегін мекендеп отыр­ған керей руында Шүршіт атты байға көп тоқырайды. Келесі жылы Көкшетау дей­тін жерде Құнанбай көршілес көп руларды шақырып, өлген әкесі Өскенбайға ас береді. Сол асқа Шүршіт Ғабитханды ала келіп: «Біздің ел дін жолына шорқақ, дінді жақсы ұстап тұрған Құнанбай, сен осының қолында қал», дейді. Ғабитхан бұл сөзге көнген соң, Шүршіт Құнанбайға Ғабитханды қалдырып кетеді. Құнанбай Ғабитханды аулына алып келіп, қазір Ескітам аталатын жерге медресе салады. Абайды және ауылдың басқа балаларын сол медресеге сабаққа береді. Бұл – Шыңғыс тауының өлкесіне бірінші орнаған медресе. Ғабитханның мұсылманша білімі қаншалық болғандығы туралы сақталған материал жоқ. Бірақ Құнанбай Абайды одан екі-үш жыл ғана оқытып, Семейдегі медресеге жіберуіне қарағанда, Ғабитхан оншалық мол білімді адам болмау керек».

Семейдегі алғашқы білім берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан да шығарып, Қазанның «Маржани» медресесін бітіріп келген Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Осы медреседе үш жыл оқиды. Бұл мешіт-медресе 19 ғасырдың 50-жылдары ашылған.

Әлі күнге дейін жас Абайдың үш жыл діни медреседе үш ай орысша оқуымен білім алуы аяқталып, елдің тірлігіне ерте араласқаны айтылып жүр. Осыған орай «болашағынан көп үміт күткен баласын Құнанбай неге осы оқуға берді, татар молдаларынан басқа білім орындары болмады ма?» деген сұрақтың жауабын іздеу қажеттігі бар.

Абай өмір сүрген кезеңді еске алсақ, бұл көшпенділер өркениетінің тынысы тарылып, қазақ жеріндегі хан билігі құлап, ақ патша отарының салтанат құрған шағы болатын. Болашақ ақын­ның әкесі Құнанбайдың атағы дәуір­леп тұрған шағында орта жүзге отаршыл елдің азуы батып, ел билеудің аға сұл­тандық жүйесі енген еді. Абай ержетіп әке­сінің қолқанатына айналғанда, 1868 жыл­ғы Сібір қазақтарын билеудің жаңа жүйесі «Жаңа низам» енгізіліп, бодандық ноқтасы тарыла түсті. Осылайша, ақын өмір сүрген орта «орыстанып», кейін қазақ даласының дәстүрлі рухани өмірі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Абайдың әкесі мен бірге туыс­тас ағайындары патша өкіметіне қызмет етіп, шен алған елге белгілі тұлғалар болды.

Егер Абайға дейінгі қазақтың сөз қуған ақын-жыраулары арабша сауаттанып, асып кетсе Түркістан, Бұхара, Самарқандта білім алса, ендігі ұрпақтың танымында орыс-татар оқуының ықпа­лы артты. Ол кезеңде қазақ даласы «1822 жылдағы сібір қазақтарына арна­лып шыққан жарғы» бойынша округке бөлініп, «округтық приказдар» билей­тін. Округтың бастығы – аға сұлтан, приказ­дың қалған екі мүшесінің бірі – өкімет чинов­нигі (елдің көбі мұны «майыр» дейтін). Үшінші мүшесі – сұлтан атанады. Осы кезде Құнанбай аға сұлтан болады. Баласына заманына сай лайықты білім беру әкесінің міндеті болса керек-ті. Басқа таңдау болған жоқ.

Абайдың медреседегі жылдары су­сын­­даған ортазиялық жадидизм­ мен оның идеялық негіздеріне тоқ­тал­­мас бұрын ақынның он жасына дейінгі білім алған қырдағы діни мектеп­теріне шолу жасалық. Сөзімізге дәлел ретінде К.Ысқақұлының «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі» деген естелігіндегі «Абай 10 жастан 12 жасқа шейін қырда мұсылманша оқыды» деген сөзі қырдағы оқудың не екендігін анықтауды талап етеді.

Абайтанушы ғалым Мекемтас Мыр­захметұлы Абай тұсында «мектеп-медреселерде, мешіттердегі уағыздарда Наху (араб тілі синтаксисі), Фихк (мұсылман правосы), қырық хадис, шарх Ғабдолла, ахлақ (этика) мантиқ (логика), ислам тарихы, суфизм ақындарының шығармалары негізгі оқулық ретінде қолданылатын еді» деп айтады.

Бұл негіз Ысқақов Әрхам Кәкі­тай­ұлының «Абайдың өмір жолы» деген ес­телігінде де кездеседі. «Дін оқуының қырдағы оқудан өзгешелігі аз. Қырдан құран, қырық хадис, бақырған оқыса, мұнда да сол құран оқытады. Оған қоса Тухфатулмүлк, Мұхтасар деген араб тіліндегі кітаптарды оқытады. Құран аят­тарын жаттатады, мешітке апарып бес уақыт намаз оқытады. Рамазан айларында тарауық айтқызады. Үш жылдай Ғабитхан молладан оқып, дін сабағын ұғынып қалған Абайға бұл онша қиынға түспейді. Тез арада алдыңғы шәкірттердің қатарына қосылып, мәжілістеріне қатыса бастайды».

Егер сол кезеңдегі діни мектептердің ортақ бағдарламасына көз жүгіртсек, он­да алты жастан оқуға беретін болған екен. Демек, Абай Семейге, діни медресеге бармас бұрын, бірнеше жыл елдегі мектептен өткен деуге болады. Ол қан­дай мектеп? Бұл жылдар Абайдың өмірбаян­дарында неге қарастырылмаған?

 Бұлай сұрауымыздың себебі, 1892 жылғы Санкт-Петербургтен шыққан Ха­лық ағарту журналының қазан айын­да жарияланған санында Түркістан өл­кесіндегі медреселер жайында мақала жариялаған. Онда «Түркістан өлкесінің империяға қосылғанына ширек ғасыр өткенін айтып, енді ондағы мектеп жайын­да біліп онымен айналысатын уақыт келді» деп жазады мақала авторы Керен­ский. Медреселердің құрылымын то­лықтай зерттеген автор, шәкірттердің алдымен араб тілін үйреніп, сосын әптиек (құран сөзі), оның соңында шаркітабын, (шариғаттар жинағы) оқығанын, бұл жаттап алынғаннан кейін, парсы тілінде жырларды оқу керек болған. Шәкірттерді жасына қарай үш топқа бөлетінін айтып, жоғары топтың оқушыларының зеректеріне арифметика үйреткенін жазады. Автор мұндай мектептер санының көптігіне қарамастан, мысалы Ташкентте 167, Сырдария облысында 1 402 деп келтірген, оқушылардың дені оқуын әрі жалғастырмай, медресеге санау­лы­­лар түседі дейді. Бұл мектептен өт­кен­дер, үлкен медреседе оқығандар ел ішінде болды, әрине. Абайдың үш жыл­дық Семейдегі оқуы, оның ерекше қабі­леттігін ескерсек, осы заңдылықтан туын­даған деуге болады.

Абайдың жасынан зерек, ұғымтал болып өскенінің бір дәлелін Әрхам Кәкі­тайұлы естелігінде былай өрбітеді: «Өзде­рінің мөлшерлері дәрісін оқып шығып қолы босаған уақыттарында хал­фелік білім алуға жақындап қалған ірі шәкірттердің бір ермегі шығар, бәйіт айту, Мұхамедие, Зарқұм, Суффаттл ғазиз деген жырлы, күйлі кітаптарды әндетіп қосылып оқу, думан-сауық құрып, көңіл көтеру әдеті екен. Туысында ақындық таланты бар Абай мына ұйқасымды, мұң­ды, күңіренген үнді қатты тамашалап, бар ынтасын қойып тез үйренді. Соларға қосы­лып өзі де бәйіт, шығыр (шағири) ай­татын болады».

Жасынан артық туған жас Абайдың дана Абай болып қалыптасуына осы мек­тептің тәрбиесі болғанын ескеруіміз қажет. Бұл арқылы кеңес заманында жар­қырап шыққан тұлғаларымыздың «ауыл молдасынан білім алған» деп желдіртіп шыққан жолдардың астарында жүйелі діни білім болғанын түсінуіміз қажет. Хакім Абайды адамзаттық ақыл-ойдың биік шыңына алып шыққан баспалдақ осы мектепте Ғабитхан молданың мек­тебінен бастап қаланғаны сөзсіз. Семей­дегі орысша білім алған «городская приходская» школасы сол биікке бастаған бас­палдақтың бірі ғана болса да маңызды сатысы. Ақын кейінірек жазған:

Жазу жаздық,

Хат таныдық,

Болдық азат молдадан.

Шала оқудан

Не жарыдық,

Қалғаннан соң құр надан?

Бағасыз жастық Бозбастық,

Адастық,

–  деуі үлкен ілімнің есігі­нен сығалап, жылдам жапқан білімге құмар шәкірттің сөзі десе болғандай. Жауап­кершілігіне ерте түскен елдегі тірлік ілімі жолынан бұрып әкетіп, өмірдің мектебіне ауысады. Оның өкініші жоғарыдағы жырда қалса керек.

Демек, бұл діни мектептер Абай үшін жабылған болатын. Сол кезеңдерде Семей­ге жақын жердегісі Қаратаудағы Қарнақ, Түркістан, одан әрі Бұқара мен Ташкентте исламның үздік оқу орындары дәуірлеп тұрса да, орыс жайлап, өз заңдарын енгізген Абайдың өмір сүр­ген уақытында Арқада бұл ілімді қол­даушылар да ізденушілер де сирек бол­ды. Оның басты себебі патшаның дін-білім беру саласына қатысты қазақ дала­сындағы үлкен өзгерістері еді.

Әрине, Ресей империясының саяси және экономикалық ықпалы артқан са­йын ағартушылық идеологиясына да мән беруі отаршы ел үшін белгілі жайт. Ал­ғашқы кезінде қолдарына қылыш емес құ­ран ұстап келудің тиімділігін өздері де жақсы сезінді. Бұл істе қазақтың даласында саудасын жүргізіп, еркін шиыр­лап жүрген діндес татарларды тарту пат­шаға тиімді еді. Қыр қазақтарын тез ыр­қына көндіру үшін татар-башқұрт саудагерлерін, соның ішінде молдаларын да Қырға жібереді.

Сол шақтағы Батыс-сібір генерал-губер­­наторлығының ислам насиха­ты­ның орталығы Семей қаласы болатын. Бір қаланың өзінде жылына 100 шәкірт тәрбиелеп шығаратын 9 татар ме­шіті бар-тын. Ресейдегі тарих және халық­аралық қарым-қатынастар инс­ти­­туты шығыстану факультетінің мең­герушісі, тарих ғылымдарының докторы Ю.А.Лысенконың айтуынша: «Қырғыз тұрғындарының ортасын­да білім беру мен діни білімді тарату ісіне жарайтындары тартылды. Медресені бітіргендердің басым бөлігі қырғыздардың шақыруымен ауылдық және болыстық молдалар қыз­метіне жіберілді». Абай білім ал­ған Ах­мет Риза мешіт-медресесі ислам мен түр­кі ғылыми әлемінде аса үл­кен рефор­маторлық-жәдидтік ілімді қалып­тас­тыр­ған ғұлама Шаһабуддин Мар­жанидің ағар­тушылық бағытын ұс­танатын оқу орны еді.

Егер бұл бағыттың пайда болу барысына үңілсек, оның басында ХІХ ғасыр­дың алғашқы жартысында Бұхар медреселерінде дәріс берген татар ағар­тушылары Ғабденнасыр Курсави (1776-1812) мен Шаһабуддин Маржани (1818-1889) тұр. Мұндай әрекеті үшін өлім жазасына кесілген Курсави еліне қашып кетіп аман қалады. Ілімді жал­ғастырған И. Гаспыралы (1851-1914) – ресей империясының түрік-мұсылман ха­лықтарын ағартушылық ісіне атсалысады. Мұнда «Шариғат», «Тарихат», «Мағрифат» атты үш негізден тұратын тарихи, философиялық қоғамтану ғы­лымдарын тереңдетіп оқытты. Түркі, араб, парсы тілдері және шығыс поэзия­сы мен сөз өнерінің заңдылықтары, ма­­те­матика, жағырафия, жаратылыс­тану пәндері негізгі дәріс ретінде жүр­гі­зілді. «Алланы ғылым мен ақыл-сана ар­қылы тану керек» деген үрдісті оқу бағ­­дарламасына енгізді. Медреседе Абай үш жыл ғана білім алғанымен, бұл идея оның шығармашылығының негізгі алтын қазығының біріне айналғанын айту керек.

Біздің бұл ойымыз абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың да назарынан тыс қалған жоқ: «...Абай дінді – ғылым деп түсінген. Ғылым болғандықтан да ол өзінің пайымдауларына сол діннің ішкі таным заңдылығына мойынсұна отырып, уағыздың ой ырғағының ағынымен жүзе отырып пікір түйеді. Абай медреседегі біліммен шектелмеген. Ол өзі сенген діннің тарихы мен таным тамырын түбегейлі зерттеп, исламияттың ұлы ой­шылдарының қатарына көтерілді».

Соңғы кездері Абайдың білім ал­ған қайнар көздері туралы зерттеуші ғалымдардың бұл жөніндегі пікірлері бір жерде тоғысады. Мысалы, ғалым Се­рік­бай Қосан бұл үш жылдық білімнің баршамызға мәлім Абайдың деңгейіне аздық ететінін айтады. «Әдетте, ислам шариғаты, араб-парсы тілдерінің грамматикасы, Құран тәфсірі, әбжат ілімі, тассауыф (сопылық тариқат), т.б. пәндерді игеру үшін Қазан, Ташкент, Бұхара секілді шаһарлардағы медреселерде шәкірттер 9-12 жылдай оқитыны белгілі. Осыған орай, Абайдың мезгіл-мезгілімен медреседен бөлек ел арасындағы оқымысты дамолла, ишан, хазіреттердің бірінен жеке дәріс тың­дап, жеткілікті сабақ алуы ықтимал. 14-15 жасында медреседен босаған Абайдай талапкер жастың ел іс­терімен ғана айналысып, оқусыз қарап жатқаны да иланымға көнбейді».

Ғалым айтқан «дамолла, ишан, хазі­реттер кім?» деген сұрақтың жауабын беру өте оңай, әрі өте қиын. Ақын ғұмыр­баянын жазған жазушы Мұхтар Әуезов бізге белгісіз себеппен, осылардың дәс­түр­лі дініміздегі ілімінен де жолынан да Абайды арашалап отырған. Мысалы: «Абай оқыған медреседе, панисләмистік, пантуркистік кертартпалық санаға толы кітапшыл молдасүрей ақындар ортасында Науаи, Физули, Фирдауисилер мүлдем естілмейтін. Олардың орнына софылық, мистикалық қараңғы схоластикалық сана-сарынды танытқан Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Сопы Ал­лаяр тобы ғана жүретін» дейді. Бұл жол­дар Абайдың шәкірттік ілімінің басты тармағын тағы да анықтап, осы мектептің өкілдері – дамолла, ишан, хазіреттердің ақын дүниетанымында ізі болғанын растайды.

Бұл уақытты қазақ даласындағы ис­лам дінінің ескі жолын ығыстырып жа­ңа бағытта өрістеп тарих сахнасына шы­ғып, өз бағытын анықтаған кезеңі деу­ге болады. Абайтанушы Мекемтас Мыр­захметұлы да «ислам діні кең өріс ал­ған кезеңде болашақ ұлы ақын ауылын­да мектеп-медреседе оқып, алғашқы дүние­танымының қалыптасу кезеңі тұс келді. Әке­сі Құнанбайдың Меккеге барып, елде мешіт салдырып, дін жолына түскені көз алдынан өтіп жатты».

Бұл туралы ойларымызды кейінгі тарау­ларда тарқатып айтпақпыз. Әзірге, шәкірт Абайдың алғашқы ақындық, шығыс өлеңі мәнеріне жазған жолдары туралы қысқаша айта кетелік.

Олар – «Йузи раушан», «Физули Шәмси» және «Әліп-би» өлеңі.

«Иузи – раушан, көзі гәуһар

Лағилдек бет үші әхмар,

Тамағы қардан әм биһтар

Қашың құдрәт қол шиғә,

Өзәң гузәллаәра раһбар,

Сәңә ғашиқ болып кәмтар,

Сүләйман, Яшмит, Искәндәр

Ала алмас барша мүлкигә.

Мүбадә олса ол бір кәз,

Тамаша қылса йузмә-йуз

Кетіп қуат, йұмылып көз,

Бойың сал-сал бола нигә?»

Ұлы ақынның 1864 жылы он тоғыз жа­сында жазған өсиет, үгіт сарынды діни біліміне негізделген өлеңі алғаш рет 1933 жылғы ақын шығармаларының толық жинағында жарияланған. Осы өлең төңірегінде М. Әуезов: «Абайдың жария­ланбаған материалдары» жинағын­да мынадай үзінді келтіреді:

«Әліп би» мен «Иузи Раушан» айыр­машылығы «Иузи Раушанда» жер үстінде көретін махаббат емес, сопылық сарында жазылған, «Әліп биде» сырт үлгісін сақ­тай отырып, әсерленген түрді алады. Мұнда адамның сезімінің шындығы басым емес, ақыл басым сияқты. Оны өлеңің аяғында көреміз».

Әилиф би деп ай жүзіңе ғибрат еттім,

Би – бала й дәртіңе нисбәт еттім.

Ти – тілімнен шығарып түрлі әблат,

Си – сәнай мәдхыңа хұрмәт еттім.

Ләм, ләбіңнен ем қылсаң мен дерттіге,

Мем, меһіріңнен қалмас ед бар апатым.

Нон, нала ғып қайғыңмен күйдірдің көп,

Уау, уайлана ғишқында уайым жеп...

Я, ярым, қалай болар жауап сөзің,

Мәт-қасың, тәштит-кірпік, сәкін-кө­зің.

Бір қарағанда бұл жырларда біз көр­гіміз келген шығыстың шынары бірден бай­қалмайды да. Бірақ бұл жырлар не­нің әсерімен, кімдерге еліктеп жазыл­ды? «Ға­шықтық» шоғы жүрегінде жалын­дағанда ақын қанша жаста еді, алған білімі, жаттап оқыған жырлары қандай еді?» деген сұрақ­тарды түгендегенде ғана шығыс ша­йыр­ларының ізіне адас­пай түсеміз. Ең бас­тысы, «ғашықтық» шайыр­лар тілінде бір жаратушыға деген ықылас-пейілін біл­діретінін есте сақ­тағанымыз абзал. Өкі­ніш­ке қарай, сопылар тіліндегі бұл сөз­дердің мағы­насын бүгінгі күні ғана біліп отыр­мыз. Шайырлар тіліндегі «биіктік, ас­қар бел» деп аталатын сөздердің астарынан «ұстаз» ұғымын да кеш түcінгенімізді айту қа­жет. Егер Абайдың алғашқы мектептері мен ондағы басымдық берген сопылық мәде­ниетті қатар қарастырғанда Абай туын­дыларының жүрек қазынасы ашылады.

 * * *

Асылында Абай жырларының шы­ғыс­тық белгілері тек осы үш өлеңде емес, оның бүкіл дүниетанымында. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейтін ой­ларынан туын­дайтын жырларында. Қара сөздерінде. Хакім Абай шығыс фи­лософия­сын саралап, сары даласында жат­қан қазақтың қай дінді қай жолды ұстамағы абзал деп ой пішеді. Шығыс са­рыны – «Ескендірде», «Масғұтта» бар. Діл, дін, болмыс, жаратылыс­ты тиек еткен жырларында жатыр, қазақ­тың жаңа қоғамдық формациядағы қа­лып­тасып келе жатқан бүтін болмысын жалпыадамзаттық құндылықтардың без­беніне салып, сол биіктен саралап үкім шығарды. Оны жоғарыда аталған ма­қалада Мұхтар Әуезов те біліп отыр. Бірақ советтік биліктің бетіне қатты келе алмай, Абайдың шығысын да жоққа шығара алмай қиналған жазушы келер ұрпақ түсінсін дегендей құлыптаулы құпияның кілтін меңзеп қана кетеді.

Ұлы ақынның шығысын абайтану ғылымының енді өркендеп келе жатқан кез­­дерінен тарту қажет болар. Оның даму барысын Әуезовтің өзі «қателесе жү­ріп – іздендік, іздене жүріп – өстік» деп көр­сетті. Ал осы ғылымның бастауында тұр­ған мына мақалада шығысын басқа бағытқа бұра тартушылардың болғанын көр­сетеді.

Осыдан бір ғасыр бұрын жазушы Мұх­т­ар Әуезов «Абай мұрасы жайында» деген мақаласында абайтану тұрғысында «жалпы қазақ әдебиетін тану тәрізді әлі жас ғылым» деп атап көрсеткен еді. Жазу­шының бұл мақаласын таңдап алуымызға не себеп? Өйткені осы мақалада жазушы Абайдың «шығысын» міні еткісі келген­дерге жауабын беріп, келешекте қай ба­ғытта іздену керектігіне жөн сілтейді.

Негізінде бұл мақаланың жазылуы­на түрткі болған мына жайт екен. 1951 жы­лы «Лениншіл жас» газетінің 14 қаң­тар­дағы санында С.Нұрышевтің «Абай ақындығының алғашқы кезеңі туралы» атты мақаласы шығады. Автор «Ал шығысқа тарту, қазақ әдебиетінде шы­ғыстың әсерін күшейту бұл ескілік еді» деп, Абай шығармашылығының қайнар көздерінің бірін жоққа шығармақ болады. Мақала авторының басты мақсаты «Абай твор­чествосының негізін шығыстан шы­ғару бір кезде ұлтшылдық ұраны болды» деп жазады.

Әрине, ол кезде Абай мұрасын талдау арқылы жазушы Мұхтарды мұқатып алатын сол кездегі солақай идеологияның ұрдажық сынының алды-арты бұл емес-тін. Сондықтан да жазушы хакім мұрасы тұр­ғысында айтылған әрбір сөздің анық-қанығын айқындап, терең сипатты дүние­лерін жазып, Абайтану ғылымында дамытып отырды десе болады. Одан бөлек, бұл мақала Абайдың шығысын арашалап алған жазушының пікірімен де құнды. Осы арқылы ақынның жас кезіндегі шығар­машылығын айшықтап, Әуезов оны былай деп келтіреді. «Ол (Нұрышев) – Абайдың мұрасынан алғашқы кезең дегенді жоқ ету керек дейді. Абай шығар­маларын 1882 жылғы өлеңдерден, мысалы «Қансонарда» өлеңінен бастап қана тану керек дейді. Бұлай болғанда, Абай 37 жасынан ғана, бір-ақ күнде ақындықты, пайғамбарлық дарығандай, ағыл-тегіл бір-ақ бастады деуіміз керек». Заңғар жа­зушы шығыстың нұрына шомылған жас Абайдың жырларын қызғыштай қор­ғап, оның жүрегіндегі шығыс әлемінің жұл­дыздарының жарығын өшіруге жол бер­мейді.

Мұхаң айтпақ ойын бүркемелеп, шы­ғысқа шаң жуытпайтын себебін бола­шақ ұрпаққа аманаттайтындай. «Абайда Сопы Аллаяр, Қожа Ахмет Ясауи неге жоқ? Солардың жоқ болуы Абайдың сол жас күнінде дұрыс бағытта іздене бастағанын жақсы аңғартып танытпай ма екен?» деп тоқтайды. «Осы жерде санаған ақын ішінде бүгінгі туысқан елдеріміз, советтік шығыс: әзербайжан, тәжік, өзбек ақындарының классик үлгісіндегі қадірлі тобының ғана атын атап отырған жоқ па?» деп суға кеткен торының жалынан ұс­тап, жағаға шығарғандай әупірімдеп алып шығады.

«Абай тану мәселесін өзінің қыңыр-қияс, бұлдыр-бұраң есебіне қарай «бұрып пайдаланамын» дегендерге жұртшы­лығымыздың жол бермейтініне көзіміз кә­міл жетеді», дейді жазушы.

 

Амангелді Кеңшілікұлы,

сыншы

(Жалғасы бар)

egemen.kz
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар